МИНИСТР «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

05.01.2024

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұжымымен кездесті. Жиында «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми әлеуетін арттыру, жасанды интеллект жүйесінде қазақ тілі дамуын дұрыс үйлестіру, жас мамандарды қолдау мәселелері сөз болды.

Министр Саясат Нұрбекұлы: «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жасанды интеллектті игеру бойынша алдымызға маңызды міндеттер қойып, оны жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ұлттық тіл моделін (LLM) құру – басты приоритет» дей келе, осы ұлттық деңгейдегі жобаға ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының әлеуетін жұмылдырып, бірлесе жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Министр өз сөзінде: «Әлемдік қауымдастық жасанды интеллект арқылы өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Күні кеше ғана қызығушылықпен бақылап отырған жасанды интеллект мүмкіндіктері бүгін біздің өмірімізге де етене араласа бастады. Біз сол процестің дәл ортасында отырғанымызды сезінуіміз керек. Мысалы, күні кеше ғана жүздеген адам атқарған жұмысты бүгінде бір ғана ЖИ моделі алмастырды. Бұл үрдіс енді тоқтамайды. Біз дәл қазір осы технологияны мақсатты түрде игеруге күш салуымыз қажет. Әйтпесе, әлемдік бәсекеден сырт қалмақпыз. Ал енді осы жасанды интеллекттің азығы, негізгі құраушы элементі – тіл. Біздің жағдайымызда – қазақ тілі. Осы ретте «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жасанды интеллект машиналарын оқытуға қажетті тіл қорын қамтамасыз ететін негізгі мекемеге айналуы тиіс. Оған қоса, шағын тіл моделін (LLM) жасау және дайын модельдерді қазақ тіліне бейімдеу жұмыстарын жүзеге асыру керек» деп атап өтті.

Кездесуде министр орталық мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, орталық әзірлеген цифрлық жобалармен танысты. Қазіргі уақытта «Емле.кz», «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Аbai institute» жобаларының халыққа қолжетімді болып отырғандығы сөз болды. Алдағы уақытта қазақ тіл білімінің ғылыми электрондық кітапханасы, электрондық құжаттар қоры, «Шеттілдік терминдердің автоматтандырылған жүйесі», «Qazgramma» жобасы, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған экрандық диктор қосымшасы қолданысқа берілетіндігі айтылды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий