МОНИТОРИНГ МАҚСАТЫ – ТІЛДІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫН АНЫҚТАУ

23.04.2024

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2024 жылдың 25 сәуірінде «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» жобасы аясында республикалық семинар ұйымдастырады.

Бұл орайда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңдарының жекелеген нормаларына негізделген мониторинг жүргізудің бағалау критерийлері әзірленді.

Биылғы жылы жүзге тарта мекеменің сайты қамтылып отыр.

Келелі бас қосу мониторинг жүргізілетін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстың барысымен және мониторингтің қағидаларымен таныстыру мақсатын көздейді.

Сондай-ақ, шара қорытындысымен мониторингтің нәтижесі бойынша сараптама жасалып, қорытындылар мен ұсынымдардан тұратын электронды талдамалық жинақ шығарылмақшы. Бұлар мониторинг жүргізілген мекеме, ұйымдарға жолданып, кері байланыс жүзеге асырылады.  

Семинар жұмысына еліміздің әуежайлары мен қоғамдық тұтыну сервистері, туристік агенттіктер, жекеменшік мектептердің және жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың, қоғамдық қорлардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Комментарии (0)
Оставить комментарий