ТҮРКИЯ САПАРЫ: «TURKTAV» ҚОРЫМЕН БАЙЛАНЫС

14.06.2023

Делегация мүшелері Түркия Республикасы Түрік тарихы және мәдениеті (TURKTAV) қоры қызметкерлерімен кездесті. Аталған қордың маңызды мақсаттарының бірі әлемнің мәдени құндылықтарымен түбі бір түркі жұртымен өзара алмасу және осы байлықты бірлесіп пайдалану, кеңінен насихаттау болғандықтан, бұл кездесуге құшақ жая ұмтылғанын бірден түсінуге болады. Кездесу өзара түсіністік және іскер бағытта өрбіді.

Айта кету керек,  Түрік тарихы және мәдениеті (TURKTAV) қоры көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, Ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұрасының құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді көздейді.

Қандай мұраға ие болып отырғанын білу үшін бір ғана «Отырар» электрондық кітапханасында түркологияға қатысты жүз мыңнан астам кітап сақтап отырғанына назар аударсақ та жеткілікті. 

Кездесу барысында TURKTAV қорымен меморандумға қол қойылды. Тіл комитеті мен орталық бұл құжаттың аясында тарих, мәдениет, руханият салаларында TURKTAV қорымен өзара достық және тиімді қарым-қатынас орнатуға қол жеткізеді.

Келісім бірлескен мәдени-рухани жобаларды жүргізуге жол ашады.

Соның ішінде қазақ тілін үйретудің кең көлемді жоспары құрылып, қазақ тілін насихаттауды мақсат еткен әртүрлі деңгейдегі шаралар жүзеге асады.

Тіл мәселесін ту еткен Түркия сапары одан әрі жалғасуда.

Комментарии (0)
Оставить комментарий