«Шылпылдақтар аталық», «белбеу әйел»…
«Kari» аяқ киімдер мен аксессуарлар дүкеніне барғанмын. Аяқ киімдер қатарын аралап жүріп, бір қораптағы жазуға көзім түсті. Күлкі келтіреді. Осындай да аударма болады екен-ау. «Шылпылдақтар әйел» дейді. Ол – жазғы аяқ киім түрі. Қызық үшін басқа аяқ киімдердің қораптарына да назарым ауды: «Туфлялар жаздар әйелдер», «Балеткалар барлық маусымдық әйелдер», «Полубәтеңкелер аталық демисезон», «Шылпылдақтар аталық»… Осылай жалғаса береді. Бойымды қызығушылық билеп кетті. Тек аяқ киімдер сөресі емес, басқа да тауарларды қарай бастадым. Мына қызықты қараңыз: «Гольфтар созымтал әйелдер», «Гельді қосымша беті», «Әйелдер майысқақ шұлық», «Белбеу әйел», «Әйелдің жаздың бөкебайы»… Аударманың сиқы осындай.