ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

20.03.2023

2023 жылғы 20 наурыз күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов ұжымды Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.

Табиғаттың ең қатал мезгілі қытымыр қыстан кейін, табиғат атаулы қайта түлеп, Жер-Ана көктейді. Бастауын көне дәуірлерден алатын Ұлыстың ұлы күні шуағын шашып келгенде, бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, ерекше күйге енеді.

«Наурыз – қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Алаштың арысы Міржақып Дулатов: «Біздің қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы. Жалпы мұсылман жұртына ортақ Ораза, Құрбан айтты есепке алмағанда, жалғыз-ақ мейрам, ол – Наурыз», – деп жазған екен. Осыдан-ақ, бағзы замандардан бері қалай тойланғанын білуге болады. Наурыз Тәуелсіздігіміздің арқасында арамызға қайта оралды. 2010 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен халықаралық мереке болып табылады. Бұл мереке – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен ынтымағының көрінісі, биік рухымыздың, қасиетті тіліміз бен діліміздің өзегі»,– деді белгілі ғалым Ербол Ердембекұлы.

Сондай-ақ, Орталықтың әлеуметтік желідегі арнаулы фейсбук парақшасында ерекше белсенділік танытып, жаңалықтарымен ұдайы бөлісіп, пікір қалдырып жүрген Askar Qaz, Жұпар Жақан, Әділет Ахмет, Айжан Ауганбаевалар марапатталды.

Қалай алу жөнінде мына телефон арқылы хабарласу қажет: 44-19-81.

Р.S Бұдан былай белсенді жанашырларымыз алдағы мереке мен айтулы даталарда тұрақты түрде марапатталмақшы.

Сыйдан құр қалмаңыздар!

Комментарии (0)
Оставить комментарий