РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

12.05.2023

Астана қаласының Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында өткен бұл іс-шараның басты мақсаты «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын терең зерделеп, білім алушылардың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша білім-білік құзыреттіліктерін дамыту нәтижесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу еді.

Семинар барысында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс,  ағылшын тілдері, математика, тарих пәндерінен панорамалық сабақтар, 1-4 сыныптар арасында ашық сабақтар, «Үштікодақтың» «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» атты отбасы тартулары көрермен талқысына ұсынылды.

Ұстаздық қызметінің отыз жылын Алаш зиялыларының білім саласында қалдырған баға жетпес мол мұрасын зерттеуге арнаған, ұлттық құндылықтарды насихаттауда өзіндік қолтаңбасы бар Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының практикалық жетістіктері көрсетілді.

Осы туралы Жазира Мақсұтқызынан сәл түсініктеме беруді сұрағанымызда, төмендегіше жауап алдық: «Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында білім беру саласына енген «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы еліміздің көптеген облыстарына таратылды. «Бейіндік сыныптарға арналған (5-11 сыныптар) қазақ тілінің бағдарламасын» 1997 жылы әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжанбайқызы құрастырды. Осы бойынша 2000 жылдан бастап он пән бойынша жыл сайын мектепішілік, қалалық, республикалық «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» ауызша командалық олимпиадалар өткізіліп келеді. Күні бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен бес мыңдай оқушы қатысқан екен. Алты мыңнан аса мұғалім өз тәжірибесінде қолдануда». 

Елорда төріндегі бас қосуға Астана, Алматы қалалары, Қарағанды облысы Балқаш қаласы, Атырау облысы Қызылқоға ауданының білім басқармасы басшылары, мектеп директорлары мен орынбасарлары және мұғалімдер қатысты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий