СЕМИНАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

07.06.2023

Семинар жұмысында Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Е.Тілешов былай деп атап көрсетті: «Бас қосуымыздың ең басты ерекшелігі тіл үйрету мәселесімен бірге, тілді қолдану жағына тоқталатын боламыз. Бүгінгі таңда алқалы топтың алдында өз ойыңды шебер жеткізе білуге деген үлкен сұраныс бар. Әсіресе, күнделікті жұмыста халықпен тығыз байланыста жүретін мемлекеттік қызметшілердің ынтасы жақсы. Сондықтан, бұл жолғы жүздесуді түгелімен шебер де шешен сөйлеуге, яғни риторикаға арнауды ұйғардық. Бұл тақырып сөз болғанда, танымал ғалым Зәуреш Шаршабекқызының есімі есімізге бірден орала кетуі жәйдан жәй емес. Ол – тәжірибелі маман, ана тіліміздің шын жанашыры, өз бастамасымен әдістемелік журнал шығарып отырған бірден бір қайраткер».     

КИМЕП университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы З.Ерназарова сөз тақырыбын анықтау, құрастыру жолдарын меңгерту мәселесіне бірден кірісіп кетті.

«Шаршы топта шешендіктің бой көрсетуі қоғам дамуының объективті сипатынан болады. Егер еркін ойды қоғам қажет қылмаса, көркем сөйлеу дегеніңіз сандықтың түбінде жасырынған асыл нәрсе сықылды архетипке айналады. «Керемет тауып айтқан екен» деп, тек өткенге ғана таңдай қағып, таңғалумен шектелуге мәжбүр боламыз. Демократиялық қоғам ғана асыл сөзді алдыңғы шепке алып шығады. Тыңдаушысы барда ғана сөздің құны болады»,– деді ол.

Дәріскер бұдан әрі сөз мақсаты мен концептісін айқындау стратегияларының түрлеріне тоқталып, оларды меңгертуге кірісті. Сондай-ақ, бүгінгі семинар соңында қатысушылармен практикалық жұмыс өткізіп, өзара еркін сұрақ-жауап алмасып отырды.

Келесі дәріс ертеңге жоспарланған.

Комментарии (0)
Оставить комментарий