«Тіл-Қазына» орталығының ғалым хатшысы Жапонияда баяндама жасады

Жапонияның Фукуока қаласындағы Kyushu университетінде өтіп жатқан ICLL 2025 – 9-шы Халықаралық лингвистика және әдебиет конференциясының панельдік сессиясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Дана Жаңабекқызы Оспанова «QazEmoling: Эмоциялар тілі – корпус лингвистикасы арқылы қазақ тіліндегі эмоциялық құрылымдарды зерделеу» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Дана Жаңабекқызы қазақ тіліндегі эмоцияны білдіретін лексикалық және синтаксистік құрылымдарды анықтау және талдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан QazEmoling жобасының негізгі міндеттері мен әдістемесіне жан-жақты тоқталды. Ол бұл жобаның қазақ тілінің эмоциялық мәнге ие тілдік бірліктерін, оның ішінде сөздер, фразеологизмдер, грамматикалық құрылымдар мен контексттерді қазіргі заманғы корпус лингвистикасы әдістері арқылы жүйелі түрде зерттеуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Дана Жаңабекқызы қазақ тіліндегі эмоцияларды білдіруде жиі қолданылатын тілдік құрылымдарды нақты мысалдармен көрсетті. Бұл мысалдар қазақ тіліндегі эмоционалды дискурстың ерекшеліктерін және тілдік бірліктердің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін ашып көрсетті. Баяндамада қазақ тіліндегі эмоциялық құрылымдардың семантикалық және прагматикалық аспектілері жан-жақты талқыланды.
«Тіл-Қазына» орталығының бұл бастамасы – қазақ тілінің ғылыми және цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.