Мемлекет басшысы: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс»

08.09.2025

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс екенін мәлімдеді.

 

Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық. Сол себепті, менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыруды әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан бастау қажеттігін атап өтті. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Сондай-ақ ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдыларын қалыптастыру қажеттігі айтылды.

 

Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елордада балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесі бар. Мұны барлық аймаққа тарату қажет. Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы қажет», – деді Президент.

Комментарии (0)
Оставить комментарий