«Тіл-Қазына» орталығының мамандары Digital Bridge 2025 форумына қатысты

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумына қатысты.
Digital Bridge 2025 – Орталық Еуразиядағы технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды іс-шара. Ол 2-4 қазан аралығында Халықаралық EXPO көрме орталығының алаңдарында цифрлық индустрия, венчурлық капитал, ғылым және білім салаларының әлемдік көшбасшыларын біріктірді. Биыл Digital Bridge 30-дан астам елден келген 30 мыңнан астам қатысушыны, 100 аса инвестор мен бизнес-періштені, 400 астам спикерді, сондай-ақ 130-дан аса стартап пен IT-компанияларының басын қосты.
Форум спикерлерінің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.
Пленарлық отырыстардың бірінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «AI-Sana – жоғары білімді жасанды интеллект арқылы трансформациялаудың қозғаушы күші» тақырыбында баяндама жасады. Онда білім беру мен ғылымды жаңа технологиялармен ықпалдастырудың маңызы және білімді, жаңашыл жас ұрпақ қалыптастыру туралы айтылды.