«Тіл-Қазына» орталығы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті

23.10.2025

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті.

Іс-шара Халықаралық қатынастар факультетінде «Цифрлық трансформация жағдайындағы IT жобалардың стратегиялық маңызы» тақырыбында ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты – заманауи технологиялардың қоғам мен білім беру саласына ықпалын талқылау, сондай-ақ студенттердің цифрлық құзыреттілігін арттыру болды.

Кездесуді Халықаралық қатынастар факультетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті Гүлназ Төкенқызы жүргізіп, қатысушыларды таныстырды. Алғашқы сөз факультет деканының міндетін атқарушы Айсұлу Купаеваға беріліп, ол қазіргі жаһандану дәуірінде жасанды интеллектінің маңызы мен қоғамдағы рөліне тоқталды.

Іс-шараға «Тіл-Қазына» орталығының өкілдері – «Жобаларды басқару» орталығының басшысы Сандуғаш Баймаханқызы Кенжебаева, «Цифрлық трансформация» орталығының басшысы Айгерім Серікжанова, Абай институтының жетекшісі Айнұр Төлеу, «Әдістеме Lab» бөлімінің ғылыми қызметкері, ғалым Ләйлә Демесінова және «Терминология» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Оразгүл Мақсұт қатысты.

Кездесу барысында «Тіл-Қазына» мамандары KazLLM ұлттық тілдік моделі, Til-Qazyna жасанды интеллект көмекшісі, Qazcorpora.kz тіл корпусы секілді инновациялық жобаларды таныстырып, қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту бағытындағы жұмыстар жайлы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жасанды интеллекттің тіл мен мәдениетті сақтау және ілгерілетудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Іс-шара студенттер үшін пайдалы тәжірибе алаңына айналып, екі тарап арасында ашық диалог пен болашақтағы ынтымақтастыққа негіз қаланды.

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий