Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі саясат туралы жарлыққа қол қойды

05.11.2025

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлықта мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және әділетті қоғам қалыптастыру қағидаттары айқындалған. Ішкі саясаттың негізгі мақсаты – елді тұрақты дамыту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және «Әділетті Қазақстан» құру жолында барша азаматтарға тең мүмкіндік беру. Осы мақсатта алты басты қағидат белгіленді:
«Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан».

Құжатта мәдени-гуманитарлық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Мемлекеттік тілдің қоғамды ұйыстырушы және біріктіруші рөлін күшейту – басты басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген.

Мемлекеттік тіл саясатының негізгі міндеттері төмендегідей:
- Мемлекеттік тілді дамыту және оның ұлт бірлігін нығайтушы әлеуетін арттыру;
- Қазақстандағы барлық этностардың тілдерін сақтау және қолдау үшін қолайлы жағдай жасау;
- Тіл саласын саясиландыруға жол бермеу, оны қоғамдық келісім мен өзара құрмет құралы ретінде дамыту;
- Тіл мен мәдениетті, өнер мен әдебиетті, сондай-ақ креативті индустрияны бір-бірімен байланыстыра отырып қолдау;
- Ономастика және тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы рәсімдерді жетілдіру;
- Қоғамның ақпараттық, құқықтық және цифрлық сауатын арттыру арқылы тілдік орта мен сауатты коммуникация мәдениетін қалыптастыру.

Бұл бағыттар мемлекеттік тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ел бірлігінің, мәдениет пен жаңғырудың тірегі екенін айқындайды. Мемлекеттік тіл саясаты халықтың тарихи санасын жаңғыртуға, ұлттық рухани кеңістікті кеңейтуге және жас ұрпақтың тіл мәдениетін көтеруге бағытталады.

Жарлықта ұлттық сана мен мәдени бірегейлікті нығайтуға арналған құндылықтар мен нышандар жүйесі де бекітілді. Олардың қатарында тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтар бар.
Сонымен қатар ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!», ұлттық түстер – аспан түстес көк және алтын сары, ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері», ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ, ұлттық музыкалық аспап – домбыра, ұлттық өсімдік – қызғалдақ, ал отандық өнім белгісі – «Қазақстанда жасалған» (Made in Qazaqstan) деп бекітілді.

Бұл Жарлық елдің ішкі саяси бағытындағы жаңа кезеңнің бастауы болып табылады. Құжатта белгіленген қағидаттар мен құндылықтар мемлекеттік тіл мен мәдениетті жаңғыртуды, қоғамда өзара түсіністік пен ұлттық бірегейлікті нығайтуды көздейді.
Мемлекеттік тілге басымдық беру – әділетті, білімді және жасампаз ұлт қалыптастырудың негізгі шарты.

 
Комментарии (0)
Оставить комментарий