«Нормативтік сөздік жасау қағидаттары және халықаралық тәжірибе» республикалық ғылыми-практикалық семинары өтті

10.06.2026

2026 жылғы 10 маусымда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Нормативтік сөздік жасау қағидаттары және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық онлайн семинар өткізді.

Іс-шараның ашылуында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіру мен нормативтік сөздік қорды ғылыми негізде қалыптастырудың мемлекеттік тілдің дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында бірқатар өзекті баяндамалар ұсынылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы «Нормативтік сөздікке енетін бірліктер сапасы» тақырыбында баяндама жасап, сөздік қорды іріктеудің ғылыми өлшемдерін, жаңа атауларды қабылдау тәртібін, қос сөздер мен диалект сөздерді нормативтік сөздікке саралап енгізу мәселелерін сөз етті.

Тіл саясаты комитетінің Лингвистикалық жұмыс басқармасының бас сарапшысы, филология ғылымдарының докторы Берікхан Иісбекұлы «Нормативтік сөздік жасаудың халықаралық тәжірибесі және отандық ізденістері» тақырыбында баяндама жасап, әлем елдеріндегі терминдерді қабылдау, сараптау және сөздікке енгізу тәжірибелеріне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстандағы терминологиялық жұмыстардың қазіргі жай-күйіне талдау жасап, қолданыстағы терминдерді біріздендіру мәселелерін көтерді. Баяндамашы әсіресе Әділет және Termincom ақпараттық жүйелерінде берілген терминдердің өзара сәйкестігін қамтамасыз ету, терминологиялық дерекқорларды үйлестіру және бірыңғай терминологиялық қор қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәрсенбай Құлманов «Қазақ терминологиясындағы жарыспалылық құбылысы (бекітілген терминдер бойынша)» тақырыбында сөз сөйлеп, терминдерді біріздендіру мен олардың қолданысын реттеу мәселелеріне тоқталды.

ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қауымдастырылған профессоры Нұршат Жұмаділ «Заң тілінің сапасы: лингвистикалық сараптама және терминологиялық жүйе» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық мәтіндердің тілдік сапасын арттырудың өзекті мәселелерін көтерді.

ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Таңат Нұрғазиев «Құқықтық мәтінге лингвистикалық сараптама жүргізуде жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндігі мен тәуекелдері» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық технологиялардың сараптама үдерісіндегі артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдеріне тоқталды.

Сондай-ақ бағдарлама әзірлеушісі Нұрлан Меңдіғалиев нормативтік құқықтық актілер мәтіндеріндегі орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателерді анықтауға арналған көпфункционалдық TEKSERU.KZ платформасының мүмкіндіктерін таныстырды.

Семинар барысында нормативтік сөздік әзірлеудің ғылыми қағидаттары, терминологиялық жүйені жетілдіру, құқықтық мәтіндердің тілдік нормаларын сақтау, терминдерді сараптау және біріздендіру, сондай-ақ цифрлық технологияларды тілдік сараптама жұмыстарына тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды.

Семинар жұмысына Республикалық терминология комиссиясы мен Республикалық орфографиялық комиссияның мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, тіл мамандары, заңгерлер мен құқықтанушылар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың мамандары, сондай-ақ салалық сарапшылар қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша нормативтік сөздік әзірлеу жұмыстарын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге, терминологиялық бірізділікті қамтамасыз етуге және құқықтық мәтіндердің тілдік сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар қабылданды.

 
Комментарии (0)
Оставить комментарий