ҚАЗАҚ ТЕРМИНЖАСАМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

16.10.2026

Бүгін Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Ғылыми жиынға терминология, тіл білімі және аударма саласының ғалымдары мен мамандары қатысты. Конференцияны орталықтың басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай жүргізді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөзінде терминологияның ғылым мен технология салаларындағы қазақ тілінің әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік ғылымның қарқынды дамуы мен цифрлық трансформация жағдайында терминжасамның ғылыми қағидаттарын жетілдіру және ұлттық тілдің ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану айрықша маңызды.
Конференцияда ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы қазіргі түркі тілдеріндегі терминжасамның тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерін қарастырды. Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры Айнұр Баекеева CAT құралдары арқылы көптілді терминологияны аударма тәжірибесінде автоматтандыру мәселелеріне тоқталды.
«Тіл-Қазына» орталығының жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақ жаратылыстану-математикалық бағыттағы бекітілген терминдердегі терминжасам үдерісін талдады. Шәкәрім университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Ақжібек Ахмет жалпы тіл біліміндегі терминжасам үлгілерін таныстырды. Қазақ-Америка университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сара Коянбекова қазақ терминжасамындағы жаңа атаулар мен цифрлық модельдер туралы баяндады. Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы Марлен Әділов көне сөздердің термин ретінде қайта жандануын және түркі тілдері арасындағы терминалмасым мәселелерін талқыласа, Солтүстік Қазақстан университетінің PhD докторы Аида Аубакирова қазақ тіліндегі жаңа терминдердің зерттелуі, жіктелуі және қалыптануы мәселелерін қарастырды.
Ғылыми жиында ұлттық терминдерді қалыптастырудың тиімді жолдары, терминдерді біріздендіру, салалық терминологияны жетілдіру және цифрлық технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды. Конференция қазақ терминжасамының ғылыми негіздерін дамытуға және қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңына айналды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий