Үш тұғырлы тіл – ұзақ зерттейтін мәселе

31.07.2017

     Сондықтан министрлік үш-төрт жылдың ішінде осынша баланы қазақ мектептеріне қайтаруды алдына мақсат етіп қойып отыр. Қазір осы мақсатты жүзеге асыру үшін үш-төрт зияткерлік институт арнайы әдістеме дайындап жатыр. Ол заманауи ғылыми негізде компьютерлік моделдеуден өткен әдістеме болады. Осы әдістеме арқылы алты айда қазақ тілін үйрене алады. Соны орыс мектептеріндегі қазақ тілі сабақтарына қолданысқа енгізсек, үш жылдың ішінде бес жүз мың баланың қазақ тілінде сөйлейтініне сенемін. Үш тілділіктен ұтыламыз деген, толықтай қате түсінік, – дейді Е.Сағадиев.

 

     Министр тілге тиек еткен әдістеме іс жүзінде қандай нәтижеге жеткізеді оны уақыт көрсете жатар. Бірақ бір жайдың басы анық. Үш тұғырлы тілдің негізгі мақсаты халыққа әлі түсініксіз. Бірден айтайық, жалпы көпшілік ұлттың, жастардың тіл үйренуіне, көкжиегін кеңейтуіне қарсы емес, дегенмен келіспейтін тұстары да жетерлік. Үш тұғырлы тіл саясатының бастан қарсылыққа ұшырауының негізгі себебі – о бастан дұрыс түсіндірілмеуінен. Бұл келешекте халыққа не береді, маңызы қандай, осының бәрі дұрыстап кеңінен түсіндірілуі керек еді. Ел президенті мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ең маңызды рөл атқара отырып, орыс тілі мен ағылшын тілі осы мемлекеттік тілдің қасында бірге қолданатыны туралы айтқаны бар. Әрине, бүгінгідей аласапыран жағдайда, жаһандану кезеңінде ұлы көштің соңында қалмау үшін халықты тіл үйренуге шақыру, тіл білуге үндеу өте орынды мәселе. Біздің көптеген жұмыссыз жүрген заңгер, экономистеріміз келешекте шетелдік компанияларға жұмысқа кіре алар еді. Дәл бүгінгі таңда әлемнің басты елдерімен қарым-қатынасқа түсіп, кез келген жерде бизнес жасап кете алатын азаматтарымыз көбірек болса, бұл еліміз үшін жақсы. Біз тас ғасырында өмір сүріп отырғанымыз жоқ, тек өзіміздің үңгірімізде отырып алып өзара ыммен түсінісу керек болса, өз тіліміз де жетер еді, бірақ жаңа заманның талабы басқа. Біздің ойымызша, тіпті мұны «үш тұғырлы тіл» деп саясатқа айналдырмаса да, уақыт талабы өз дегенін жасар еді. Бұл жерде бізді басқа жағдай алаңдатуы тиіс. Біздің қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ қазақ тілінің жағдайы қалай болады? Бұрынғы күніне зар болып қалмай ма? Қазақ тілі орыс тілі мен ағылшын тілінің тасасында қалмай ма – міне, бұл үлкен мәселе. Қалай болғанда да үш тұғырлы саясат жүзеге асырылған жағдайда одан қазақ тілі зиян шекпеуі керек, қазақ тілінің сағаты қысқармауы керек. Тағы бір түсініксіз жері – неге біз орыс тілін тықпалай береміз? Ағылшын тілі түсінікті, ал орыс тіліне неге жалтақтаймыз, одан да бірден ағылшын және қытай тілін үйретпейміз бе? Бұл жылдар бойғы санамызда тұрып қалған үрей ме, одан қашан арыламыз? Мына түрімізбен кете берсек, келешекте конституциямызға мемлекеттік тіліміз үшеу деп жазуымыз да мүмкін ғой. Бұл – көптеген қазақ тілі жанашырларын толғандырып жүрген сұрақтар.

 

     ҚР Білім және ғылыми министрлігінен шыққан деректерге қарағанда, 2017-2018 жылдары 2-5 сыныптарға, 2018-2019 жылдары 3,10-11 сыныптарға кей пәндер ағылшынша оқытылуы мүмкін. Сонымен бірге қоғамда нақты ғылымдарды түсіндіретін химия, физика, биология, информатика сабақтары жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытылу ұсынысы қызу талқылануда. Көпшіліктің түсінбейтіні – бұл пәндер өзі де күрделі пәндер қатарында, бізде өз тілімізде түсіндіріп отырып та әлі де сапа көрсеткішін жақсарта алмай келе жатқанымыз шындық. Ал енді ертеңгі күні оны оқытатын мұғалім өзі мықты химик, сонымен бірге ағылшын тілін жетік меңгерген болуы міндетті. Ондай мұғалімді қайдан аламыз? Өздері бітпейтін қағаздарымен алысып, мұрнынан шаншылып жүрген мұғалімдер енді тіл үйрену курстарына баратын болса, тіпті титықтап, қажып кетпей ме? Немесе ұзақ жылғы тәжірибесі бар мықты мамандарды лақтырып тастап, оның орнын ағылшын тілін жақсы білетін бірақ химиясы нашар мұғаліммен алмастырамыз ба? Біз бұдан ештеңе де ұтпаймыз, сондықтан бұған жан-жақты дайындық қажет. Тіпті министр айтқандай ондай бесаспап мұғалім дайындалған күннің өзінде олар қаншама мектепті қамти алады? Балалар ше? Оларға қосымша ауырлық туындамай ма? Былайша айтқанда балаға химияны үйрен дейміз бе, ағылшын тілін меңгер дейміз бе? Басқасын айтпағанда, ауыл мектептерінде білім сапасы бұрынғыдан да төмендеген, көптеген мектептер интернет жүйесіне қосылмаған. Әлде олар есепке кірмей ме?

 

     Қайталап айтайық, жалпы қоғамда тіл үйренуге ешкім қарсы емес. Бұл келешек үшін жасалып жатқан қадам. Бірақ, не істесек те жан-жақты ойласып, дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Бастаған ісімізді байыппен аяғына дейін жеткізіп, нәтиже үшін жұмыс жасағанымыз жөн емес пе?! Әйтпесе тәуелсіздік алғалы бері білім саласында реформадан көз ашпадық. Оның басталмай жатып аяқсыз қалып, жарты жолдан желкесі үзілгендері қаншама?! Осының бәрі айналып келгенде білім процесіне кері әсерін тигізді. Министрлер әр келген сайын бір жаңалық-өзгерісін сүйрей келеді, бірақ оның арты жас балалардың психикасына, ата-аналарға салмақ боларын ойлап жатпайды. Бір ғана мысал айтайық, қаншама жылдан бері ҰБТ-ны білім көрсеткішін, сапасын анықтаудың ең тиімді тәсіл деп түсіндік, бұл қаншама жастың санасына салмақ болды, осы жылдар ішінде қаншама қыршын жас ҰБТ тапсыра алмай өмірін қиды, енді келіп одан бас тартатын болдық. Осы тәсілдің тиімсіз екенін түсіну үшін осыншама қиыншылықтар орын алуға тиіс пе еді? Бізге бір нәрсені түзеу үшін міндетті түрде біреулерді титықтатып барып шешім қабылдау керек пе? Бізге шама келгенше қателесуге болмайды.

Көптеген зиялы қауым өкілдері балаларды жастай басқа тілде оқытуға қарсылық білдіруде. Бұл саясат ұлтты құртуға бағытталған саясат дейтіндер де бар. Шындығында, баланы мектепке бара салысымен ағылшын тілінде оқыту оны ұлт ретінде құртуға бағытталған әрекет сияқты көрінеді. Бірінші сыныпқа барған бала ең алдымен өз тілін меңгеруі тиіс. Туа сала ағылшын тілін үйренгенімен ол ағылшын болып кетпейді. Оның үстіне соншама міндеттейтіндей біз ағылшындардың қол астындағы ел емеспіз, өз конституциямыз бар елміз. Бала өзінің қазақ екенін біліп өсуі тиіс. Бірақ, өсе келе, жоғары класқа барғанда басқа тілді де үйренуі керек. Ауылдық жерлерде баласын ағылшын тілінде оқытқысы келсе де оған мүмкіндік жоқ, қалаларда онсыз да ата-аналар өздері жанталасып жатыр. Орайы келгенде айта кететін қауіптің бірі мынау: осы Астана мектептерінің қазақ кластарында балалар түгелге дерлік орысша сөйлейді, егер нақты ғылымдарды ағылшынша үйренетін болса, оларда қазақ тіліне деген сұраныс қалмайды. Сонда бара-бара өзі қап-қара қазақ бола тұрып, қазақтың бір ауыз сөзін дұрыс айта алмайтындар қаулап өсе бермей ме, сөйтіп, қазақ тілін сөйлейтіндер саны азая бермей ме, осы жай көпшілікті алаңдатады. Сондықтан үш тұғырлы тіл саясатын әлі де жан-жақты талдап, екшеу керек-ау...

Комментарии (0)
Оставить комментарий