Қазақ жазуының ғылыми-теориялық зерттеулері жайлы дәріс өтті
«Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбындағы онлайн дәрістер жалғасуда. Бүгінгі дәрісті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері Нұргелді Уәли мен Зейнеп Базарбаева жүргізді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылған шарада 3-4 дәрістер тыңдалды.
Сейсенбі күннің алғашқы дәрісін филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «Жазба тілдің құрылымдық негіздері мен жүйесі» тақырыбына оқыды. Дәріс мазмұнында ауызша және жазбаша тілдің ерекшелігі, ауызша тілдің жүйесіндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың инварианттылығы, мағына ажырататын дыбыстардың жазудағы қызметі, жазба сөздегі мағынаның дәлдігі, жазбаша тіл тәжірибесіндегі сөздердің жазу үлгілерінің қалыптасуы, көп дыбысты аз таңбамен беру ұстанымы жайлы теориялық мәліметтерді мысалдармен дәйектеп түсіндірді.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Зейнеп Базарбаева «Қазақ жазуының фонологиялық негіздері» тақырыбында дәріс өтті. Ғалым А.Байтұрсынов, Қ.Жұбановтың дыбыстар жайлы ілімдерін басшылыққа алып, дыбыстардың функционалды қызметін қарастыратын фонология, фонема жайлы әмбебап теориялық мәліметтер берді. Дыбыстардың сөз мағынасын ажыратқыш қасиетін егжей-тегжейлі талдап, фонематикалық жазудың сауатты жазуға негіз болатынынын түсіндіріп берді.
Онлайн дәрістен тіл мамандары теңдессіз сабақ алды. Себебі тыңдаушылар ұйымдастырушылардан ғалымдар дәрісін тағы өткізуге сұраныс білдірді.
Дәрісті Zoom сервисі бойынша 77, Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol парақшасы арқылы 35 адам тыңдады.