Жаңа әліпби: таңбалау табиғаты
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбында өтіп жатқан онлайн дәрістер циклі жалғасуда.
Бүгінгі дәрісті Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Еспекова «Латын әліпбиіндегі диакритикалық және кірме таңбалар» тақырыбында бастады. Дәрісте қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшірудің тілтанымдық негіздеріне тоқталды.
- Тілдің дыбыстық қорын таңбалауда, жаңа емле ұстанымдарын айқындауда жазу тәжірибеміздегі жетістіктер, дыбыстық жүйе заңдылықтары, әдеби тіліміздің лексикалық қабатындағы өзгерістер, дәстүрге айналған нормалардың сақталуы, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері басшылыққа алынуы қажет. Сонымен қатар тіліміздің жаңа әліпбиін жасауда қазақ тілінің қалыптасқан, базалық жазу нормалары, ұлттық жазба тіліміздің заңдылықтары ерекше ескерілу керек екенін де ұмыт қалдырмауға тиіспіз,- дейді Л.Еспекова.
Ол осылайша дәріс барысында дыбыстық-әріптік жазу әліпбиде тілдің негізгі дыбыстарының ерекшелігін көрсетуде диакритикалық таңбалар пайдаланатындығын жан-жақты көрсетті. Диакритикалық таңбалар - жеке әріп мағынасының мәнін өзгерту немесе нақтылау үшін қолданылатын белгілер болып табылатынын хабардар етті. Бұл таңбалар әріптің үстінде, астында орналасып, дыбыстардың жіңішкелігін не созылыңқылығын, әуезділігін, ұзақтығын және тағы басқа айырым белгілерін айқындауда пайдаланылатынын ғылыми деректермен түсіндірді. Ғалым әр диакритикалық таңбаның атқаратын өзіндік қызметіне тоқтала отырып, ғылыми ізденістерді ортаға салды.
Дәрісті әрі қарай Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбек «Қысаң дауысты дыбыстардың жаңа әліпбидегі таңбасы» тақырыбында жалғастырды. Бекітілген әліпбидегі Ұ - Ūū (макрон), Ү - Üü (умлаут) таңбаларына өзгергенін айта келіп, оның бірнеше себептеріне тоқталды.
Бекітілген әліпбиде У, Ұ, Ү еріндік дыбыстарыныың тұрқы әртүрлі таңбалармен берілген. Бұл үш дыбыс ұқсас таңбалармен берілсе, жазуда және балаларға үйретуде жеңіл әрі оңай болатыны туралы пікірлердің әдіскерлер мен мектеп мұғалімдер тарапынан көп айтылғанына тоқталып өтті. Сол үшін жетілдірілген әліпбидегі У, Ұ, Ү еріндік дыбыстар тұрпаты ұқсас таңбаларға ауыстырылған. Сонымен қатар қоғам тарапынан У дыбысына Uu таңбасын беруге қатысты ұсыныс көп айтылғанына тоқталып, У дыбысын базалық латын әліпбиіндегі Uu таңбасымен таңбалағанда мәтін ішінде тез танылатыны, көзшалымға да қолайлы болатындығы туралы пікірлердің басым болғанын айта кетті. Осындай себептермен жетілдірілген әліпби жобасында бұл дыбыстар Uu (У), Ūū (Ұ), Üü (Ү) түрінде ұқсас таңбаларымен берілгенін атап өтті. Алайда бұл таңбаларға келіспеушіліктің де бар екенін айта отырып, сыни пікірлер мен ұсыныстарға да жан жақты тоқталды. Сонымен қатар Ы/І дыбыстарының таңбасына да тоқталып, Ыы дыбысы Yy таңбасымен, ал Іі дыбысы нүктесі жоқ Iı таңбасына ауыстырылғандығының себебін түсіндірді.
Дәріс соңында тыңдаушылар жаңа әліпби негізіндегі латын әліпбиіндегі диакритикалық және кірме таңбалармен қысаң дауысты дыбыстардың жаңа әліпбидегі таңбасы жайында зерттеуші ғалымдардан толыққанды, дәлелді мағлұмат алып, өз ой-пікірлерін де ортаға салды.
Дәріске 132 адам қатысты.