ЕКІ ӨҢІР ТӘЖІРИБЕСІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

09.12.2020
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 8 желтоқсанда «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының ономастикалық атауларын жүйелендіру» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік онлайн-семинар өтті.

Шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба былай деп атап көрсетті: «Ұлан-байтақ қазақ жерінің бір шетінен екінші жағына ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талады. Құтты қоныста ұлт болып қалыптасып, мемлекет болып әлемге танылдық.

 

Бұдан көп бұрын мекен еткен ру, тайпалар – тарихымыздың тұма бастауы, бойтұмардай мақтанышымыз. Солардан өшпес мәңгілік белгі қалды. Әр тау мен көлге дейін өз атауы бар. Сұғанақ сырт көзден қорғап, әзелгі атамекеніміз екенін әйгілеп тұрады. Тәуелсіз ел болдық, ендігі жерде тарихы түгел, шежіреміз шегеленіп тұруы аса маңызды. Осыған орай Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінде «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы қолға алынды. Наурыз айында Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан бастау алған жобаның ғылыми-зерттеу тобына ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығындағы жер-су атауларының топонимикасын айқындау, қазіргі топонимдердің өзгеруі мен қайта аталу динамикасын анықтау, топонимнің қалыптасу кезеңін анықтаудағы жер-су атаулары мен экстралингвистикалық факторлардың ықпалын айқындау, зерттеу нәтижесімен қазіргі топонимдердің электронды картасының жобасын әзірлеу міндеті қойылған».

Бұл басқосудың мақсаты осы өңірлер топонимдерінің тарихи деректерін ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру жобасын (жұмыстарын) қорытындылау болатын. Шарада баяндама жасаған жоба жетекшісі С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле ҚұрманбайқызыИманбердиева бұл зерттеу жобасының нәтижесі не үшін қажет деген сұраққа жауап іздеді. «Мәселен, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының топонимикасы бойынша 2 сериямен жинақ жарыққа шығады. Әр облыс бойынша топоним түрлері (көл, өзен, батпақ, жол, орман, мола, елді мекен,тау, қала) олардың шығу тегі ғылыми тұрғыдан зерделенген.

Көл, өзен, елді мекен, қала т.б. бойынша статистика жүргізілген. Шығу тегі бойынша неше атау кісі есімінен қалыптасқан, неше нысан және оның маңындағы нысан ерекшелігі туралы ақпарат беру негізінде қалыптасқан, неше атау идеологиялық мәнде, нешеуі бейтарап атаулар деген сияқты сұрақтардың да жауабы анықталады.

Сонымен бірге, диахрониялық тұрғыдан ХV-ХІХ ғғ., Кеңес үкіметі, Тәуелсіздік кезеңінен бастап неше атау өзгерді, атаулар қалай өзгерді, өзгеру уәжі қандай деген сауалдарға жауап табуға болады»,– деді ол.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, жұмыс тобының мүшесі Зиябек Ермұқанұлы Қабылдинов өз баяндамасында Қазақстан мен Ресейдің архивтерінде, мұражайлары мен кітапханаларында Қазақ жерін отарлау тарихына, атап айтқанда, XVIII-XX ғасырлар, кеңестік биліктің алғашқы онжылдықтарына қатысты көптеген құнды карталар жинақталғанына тоқталды.

«Шығарылған карталарды сыни талдау сол дәуірдің қолданыстағы және өзгеріп жатқан топонимикасындағы қазақ тіліндегі тарихи атауларын кең ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді және Қазақстанның Ресей империясына жаңа кезеңде қосылу тарихының көптеген аспектілерін, сондай-ақ өңірдің этникалық картасының өзгеруін түсіндіруге көмектеседі. Басып шығарылған орыс, қытай, араб, парсы дереккөздеріне, сондай-ақ қазақ фольклорлық шығармаларына қосымша ретінде ұсынылып отырған карталар жинағы негізінен ресейлік болып табылады, зерттеушілерді Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағындағы этникалық және топонимикалық картаның өзгеруі бойынша құнды тарихи деректермен қамтамасыз ететіндігі анық», – деп тұжырымдады ол.

Бұдан басқа Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика басқармасы басшысы Бақытгүл Дәуітбекқызы Ысқақ баяндама жасады. Оның айтуынша, бұл жоба келесі жылы Батыс Қазақстан, Атырау және Алматы облыстары бойынша жалғасын табады.

Онлайн-семинар жұмысына топонимика, ономастика мәселелерімен айналысып жүрген белгілі лингвист-ғалымдар, өңірлердегі салалық басқарма басшылары мен жауапты қызметкерлері, еліміздің сала мамандары қатысты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий