ЕКІЖАҚТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

22.01.2021
2021 жылдың 22 қаңтары күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен «Отандастар» Қоры шетелдерде және Қазақстанда қазақ тілін оқыту жобалары бойынша екіжақты кездесу ұйымдастырды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарған өткен жылғы шоқтығы биік шараның бірі «Абай институты» ашық білім беру жобасы еді.

Бұл бас қосуда биылғы жылға арналған онлайн және офлайн оқыту бағдарламалары талқыланды. «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Қанапияұлы Сарбасов, аталмыш қор жобаларының координаторы Дидар Болат, Қордың білім және қазақ тілі бағытының маманы Нұрымжан Қасымұлы Жұмағазиев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Әдістеме басқармасының басшысы София Қажыақпарқызы Омарова, осы Басқарманың ғылыми қызметкерлері Айгүл Әділбекқызы Орманова, Марияш Дарменова, Ұлттық орталықтың Бас менеджері Нұржан Бижомартұлы Сейсенбек қатысқан кездесуде оқыту жоспары жан-жақты сөз болды. Бұл кездесу нәтижесінде «Абай институты» мен Қазақ мәдени-іскерлік үйі жобалаларын дамытудың стратегиялық жоспарын құру қолға алынбақшы.

 

Анықтама үшін, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алған бұл істің бастапқы қадамы ретінде бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Белгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстары жұмысын бастап кетті. Қазірдің өзінде ол жерлерде кураторлар белгіленіп, қырықтан астам ынталы шетелдік қандастар мен шетелдік азаматтар қазақ тілін үйреніп жатыр.

Былтырғы қазан айында онлайн режімде шетелдердегі қазақ тілі оқытушыларының біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылып, оған Ресейдің Мәскеу, Самара, Орск, Орынбор қалаларынан, Алтай Республикасынан, Монғолиядан, Ираннан, Португалиядан, Бельгия Корольдігінен, Испаниядан отыздан астам тыңдаушы қатысқан болатын.

Комментарии (0)
Оставить комментарий