«Терминдерді біріздендіру: лингвистикалық және заңнамалық негіздері» атты республикалық әдістемелік онлайн семинары өтеді
Өтетін орны: Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Сауран көшесі, 7 а.
Басталуы: сағат 15.00
2021 жылғы 27 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Терминдерді біріздендіру: лингвистикалық және заңнамалық негіздері» республикалық әдістемелік онлайн семинарын өткізеді.
Семинардың мақсаты – терминологиялық жұмыстарды жүргізудің басты мәселелері мен халықаралық озық тәжірибелерін, ғылыми-практикалық зерттеулерді сараптай келе әзірленген «Қазақстан Республикасында терминологиялық жұмыстарды жүргізудің қағидаларын» талқылау.
Семинарда терминдерді біріздендірудің лингвистикалық және заңнамалық негіздері талқыланып, терминдерді іріктеу, саралау және бекітуге байланысты сатылы жұмыстардың барысын нақтылайды. Қазіргі терминжасам бағыттарын, термин бекітудің тың алгоритмін айқындауы семинардың өзектілігін арттыра түседі.
Семинарда Қазақстан Республикасында терминологиялық жұмысты жүргізу және терминдерді бекіту қағидаларынының жобасы таныстырылып, белгілі терминолог ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты Сәрсенбай Құлманов, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Примашев баяндама жасап, жетекші терминтанушы ғалымдар пікірлерін қосады.
Іс-шараға лингвист ғалымдар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері және сала мамандары қатысады.
Семинарға Zoom платформасы және «termincom.kz» сайтының YouTube каналы арқылы қосылу мүмкіндігі қарастырылған.
Тел.: 8 (7172) 27-30-42, 74-14-97
е-mail: m.orazgul@tilqazyna.kz