«Тіл қатысу – оймен алмасу» республикалық онлайн семинары
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тіл қатысу – оймен алмасу» тақырыбында дәстүрлі республикалық онлайн семинар жалғасуда.
Онлайн семинарлар ұйымдастырудағы негізі мақсат – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуды жетілдіру, әдістемелерді зерделеу, тіл оқытудың өңірлік орталықтарының тәжірибелерімен бөлісу және сол арқылы тіл оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушыларына әдістемелік көмек көрсету.
Ағымдағы жылғы 1 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті уақыты бойынша сағат 11:00-де Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» КММ-нің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері әріптестеріне және тыңдарман қауымға қазақ тілін оқытудағы тәжірибелерін таныстыратын болады.
«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» КММ-нің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі облыс әкімдігінің 2016 жылғы 31 мамырдағы №195 қаулысына сәйкес құрылды. Орталықтың атауы 2020 жылғы 2 шілдедегі №179 қаулымен «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі болып өзгертілді.
Тілдерді оқыту орталығы Солтүстік Қазақстан облысында ересектерді мемлекеттік тілге үйрететін жалғыз мекеме, қала мен аудандарда филиалдары жоқ.
Штат құрамы 15 бірлікті құрайды. Олар: басшы, басшының орынбасары, 4 әдіскер, 6 оқытушы, бас есепші, есепші, кадр бойынша маман.
Бүгінгі күні 1 әдіскер, 3 қазақ тілі және 1 ағылшын тілі оқытушысы, барлығы 5 қызметкердің жұмыс орны бос тұр.
Оқу үдерісі, әдістемелік жұмыс
Жыл сайын қазақ және ағылшын тілдерін оқыту үшін облыс бойынша 140 топ ұйымдастыралды. Орыс тіліне әзірге сұраныс жоқ. Курс ақпан айынан басталып, қараша айында аяқталады. Шілде, тамыз айларында жазғы демалыс беріледі. Тіл үйренушілерге 100 және 40 сағаттық курстар ұсынылады. Оқыту жұмыс уақытында да, жұмыстан кейін де жүргізіледі. Биыл 98 топ онлайн, 42 топ оффлайн режимде оқытылып жатыр.
Мекеме қызметкерлеріне сабақ беру үшін жұмысқа штаттан тыс оқытушылар тартылады. Оқыту барысында тыңдалым, оқылым, жазылым, лексика-грамматикалық бөліктер бойынша тест түрінде екі аралық бақылау және курс соңында айтылым бөлігі бойынша ауызша билеттік жүйемен қорытынды бақылау өткізіледі. Нәтижесінде келесі жылы неше топ құру қажет, кімді қандай деңгейде оқыту керектігі анықталады.
Қазақ тілін оқытудың сапасын және тиімділігін арттыру үшін оқытушылар тарапынан сабақ барысында түрлі әдістемелер қолданылады. Соңғы екі жылда Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің профессоры Д.Петровтың әдісі қолданылып келеді. Осы әдіс бойынша 12 адамнан құралған топта аппробация өткізілді. Жоғары нәтиже көрсеткеннен кейін өткен жылдан бастап қарапайым деңгейінің топтарында осы әдіс қолданыла бастады. Бұл әдіспен сабақтар әзірленіп, әр бейсенбі күні «Қызылжар» телеарнасында «Үйрену оңай» тақырыбымен телесабақтар көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар өңіріміздегі жастарға арналған газетте арнайы айдар ашылып, қазақ тілі сабақтары жариялана бастады.
Оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету мақсатымен орталықтың әдіскерлері оқыту деңгейлеріне бөлінген мәтіндер жинағын, аралық және қорытынды бақылау жұмыстарының сұрақ кітапшаларын басып шығарды. Осы күні тілді меңгеру деңгейін автоматты түрде анықтап беретін 80 сұрақтан тұратын Қазтест жүйесі бойынша жасалған компьютерлік тестілеудің тапсырмалары жаңартылды.
Оқытушылардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында семинарлар, байқаулар жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Тілге деген қызығушылықты тудыру мақсатымен тыңдаушылар арасында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» мәнерлеп оқу, «Жеңіс келді көктеммен» бейнеқұттықтау, мемлекеттік тілде қызмет көрсету бойынша «Мемлекеттік тіл – мақтанышым» сияқты облыстық байқаулар өткізілді.
«Оқу оңай, жазу жеңіл», «Казахский язык за две недели» атты сабақ үлгілерінің жинағы шығарылды.
Ресей Федерациясының шекаралас облыстарындағы қазақ тілі мұғалімдері үшін «Ана тілін оқыту бағыттары», «Қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары» атты онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Жаңадан ашылып жатқан қазақ сыныптарына сыйға кітаптар табыс етілді.
Қазтест
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының қатысуымен жылына екі рет «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеулер өтіп тұрады. Орталық құрылғаннан бері осы жүйемен тестілеу 8 рет ұйымдастырылып, 8517 солтүстік қазақстандық сынақтан өтті. Соның ішінде 817 адам сертификаттық тестке қатысып, олардың 458-і түрлі деңгейдегі сертификатқа ие болды.
Сынаққа қатысушылардың 72 пайыздан астамы А2 базалық деңгейін меңгергендіктерін байқатты. Бүгінгі күні тіл үйренушілердің деңгейін В1 орта деңгейіне көтеру бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Егер 2017 жылы «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеудің В1 деңгейіне қатысқандардың 24% ғана сертификатқа ие болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 62% көтерілді.
Насихаттау жұмысы
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында Орталық облыс әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірлесіп жыл сайын 20 шақты іс-шара өткізіп тұрады. Олар «Ақ бата, асыл мұра» бата-тілек байқауы, көркемсөз оқу шеберлері, өзге ұлт өкілдері арасында «Ұрпақ тілі - келешек тілі», «Мен қазақша сөйлеймін» PR акциясы, бұқаралық ақпарат құралдары арасында байқау, А.Байтұрсынов атындағы байқау, Ресей Федерациясының шекаралас елдеріндегі ұлттық мәдени орталықтарына, қазақ тілі мұғалімдері үшін семинарлар, т.б. іс-шаралар.
2019 жылы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында орталықтың 8 маманы тренерлік оқу курсынан өтті. Петропавл қаласында республикалық әдістемелік тобы мүшелерінің қатысуымен «Жаңа әліпби - жаңа белес» тақырыбында екі күндік республикалық семинар-практикум өтті. Оған 61 қазақ тілі мұғалімі қатысып, сертификатқа ие болды. Орталықта латын негізіндегі қазақ әліпбиін үйрету мақсатымен 4 топ ұйымдастырылып, оларға 79 тыңдаушы қатысты. Бүгінгі күні жаңа әліпби бекітілмегендіктен оқыту тоқтатылды, насихаттау жұмыстары ғана жүріп жатыр. Биыл «Тамыры терең әліпби: жалпытүркілік бірегейліктің мызғымас негізі» ғылыми-практикалық конференциясы, «Жаңа әліпби - ұлттық жазудың жаңғыруы» республикалық онлайн семинар-практикумы, «Диакритикалық таңбалардың ерекшеліктері», «Латын әліпбиі: сана жаңғыруы және заманауи қажеттілік» атты ақпараттық сағаттар өткізілді. Қазан айында «Латын графикасы – болашақтың кепілі» тақырыбымен аудандарда көшпелі семинар өткізу жоспарда бар.
Қыркүйек айында халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне арналған орысша-қазақша тілашар басылып шығарылды. Тілашар бизнес саласындағы кәсіпорындарға таратылды.
Орталықтың фейсбук пен инстаграмм парақшаларынан Орталық туралы толық ақпарат алуға болады. Ақпарат пен қатар онда аудио сабақтар, теле сабақтар және басқа да сабақ үлгілерімен, Орталық тарапынан өткізіліп жатқан іс-шаралармен таныса аласыздар.
Айта кетейік, қазіргі таңда республика бойынша 99 тіл оқыту орталығы қазақ тілін оқыту бойынша қызмет көрсетіп келеді.
Онлайн басқосу ZOOM платформасында семинар түрінде өтеді және жалпы тыңдармандар үшін Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде де көрсетіледі.