«ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНДЕРІНІҢ ОҚУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ТИІСТІ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

22.10.2021

   Жалпы орта білім беру деңгейіндегі «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптарға арналған оқу бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мәлімдеді.

     «Ұлттық жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған. Негізгі міндет мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау болып табылады. Бұл міндетті орындау үшін нақты іс-шаралар белгіленді. Осы уақытқа дейін «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында «Әлем әдебиеті» үлгілері қоса оқытылып келсе, енді «Әлем әдебиеті» жеке оқытылады. «Қазақ әдебиеті» мазмұны тек төл шығармаларды қамтиды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілдіріліп, қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігі арттырылады. Сонымен қатар қазақ тілінде оқулықтар әзірлеу, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дебаттық турнирлер өткізу, мемлекеттік тілде ІТ өнімдер әзірлеу, енгізу және шығару, YouTube видеохостингінде қазақ тіліндегі танымал анимациялық фильмдерді дубляждау және орналастыру жұмыстары жүргізіледі», – деді ҚР БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ә. Қаба.

   Сонымен қатар Әділбек Қаба қазақ тіліндегі оқулықтармен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын, жоғары оқу орындарын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Мәселен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін қазақ тілінде колледждерге арналған 700-ден астам оқулық әзірлеу жоспарланған.

   Жоғары оқу орындарының кітапхана қорын қазақ тіліндегі кітаптармен толықтыру және студенттер үшін әзірленген оқу әдебиеттерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жоғары оқу орындарына төрт жылда 80 оқулық түрі әзірленетін болады.

   Айта кетейік, «Ұлттық жобаның» құрамында тіл саясатын іске асыру бағыты қарастырылған. Бұл бағыт 1 міндет, 4 көрсеткіш және 15 іс-шарадан тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий