Тілді кез келген жаста үйренуге болады

31.01.2018

Әлемде қанша тіл болса, адам сол тілдерді үйренуге ұмтыла береді жә­не бұл қызығушылық ешқашан тоқ­тамайды. Әрине кейде бір тіл басқаларына қарағанда маңызды, танымал, оңай, әдемі болып көрі­нуі мүмкін. Дегенмен адамның қы­зығушылығы мен сүйіспеншілігі ой­ға келмеген тілдерді де үйренуге жетелейді.

Бала кезіңізде тілді жақсы үйре­несіз, есейген сайын тіл үйрену қиын­дай түседі деген пікір бар. Оған көп адам сенеді. Сонымен бірге «тілге деген қабілетім бар», «тіл үйренуге қа­бі­летім жоқ» деген тағы бір қасаң қа­ғида бар. Оған да адамдар сенеді, сондықтан тіл меңгеруге тіпті де аяқ баспайды. Адам есейген сайын тіл меңгеру ғана емес, басқа да нәрселерді үйрену оңай болмайтыны рас. Бірақ бұл «мүмкін емес» деген сөз емес.

Қазіргі кезге дейін жүргізіліп жатқан зерттеулерінде ғалымдар да, психологтер да бірауыздан «барлық мәселе сізде, өзіңіз қаласаңыз, асар асуыңыз, шығар шыңыңыз аз болмайды, сіздің қолыңыздан бәрі келеді, тек сол мақсатқа қарай табандылықпен, тәртіппен жылжыңыз» деген жақсы кеңестер береді. Бірақ оны тыңдайтын жан бар ма?! Сондықтан бүгінге дейін өзінің қандай да бір тілді үйреніп алмағанына мұғалімді, оқулықты, әдістемені және басқа да көптеген себепті айтып, кінәлайтындар әлі де толып жатыр.

«Жас ұлғайған сайын тілді үйрену мүмкін емес» деген ойдың жаңсақ екенін түсіндіретін Роджер Крез бен Ричард Робертстің «Ересектерге арналған шет тілі: кез келген жаста жаңа тілді қалай үйренуге болады?» (Becoming Fluent. How Cognitive Science Can Help Adults Learn a Foreign Language) атты кітабы адамдарда қа­лып­тасқан біраз жалған наным-се­нім­дер­ге нақты жауап береді.

Сегіз тараудан, пролог пен эпилогтен тұратын, алғыс, әдебиеттер тізімі және сілтемелер мен нақтылауларды қам­тыған бұл кітап бар болғаны 208 бет­тен тұрады. Тез оқып шыға­ты­ны­ңыз­ға күмәніміз жоқ. Бірақ асық­пай, астын сызып отырып оқысаңыз, дұ­рысырақ болады.

Осы кітапта тіл үйрену туралы негізгі үш мифті қарастырады: бірін­ші­сі, ересектер балалар сияқты тіл­ді оңай үйрене алмайды; екіншісі, ере­сек­тер тілді балалар сияқты үйренуі керек; үшіншісі, шет тілін үйренген кез­де ана тіліңізді қолданбауға тыры­сыңыз. Адам ана тілінде сөйлей алса, оның басқа тілдерді меңгеруге деген қабілеті бар деген сөз. Әсіресе ересек адамға тілді оңай үйренуге оның өмір бойы жинақтаған өзіне тән дағды, машық және зеректігі көмектеседі, тек оларды басқа тілді үйренуде орынды қолдана алуы керек. Сонымен мынадай қорытынды жасаймыз: ересектер тілді кез келген жаста үйрене алады, бұл үшін нақты мақсат, жүйелі жоспар, нәтижеге жетуге көмектесетін ерік-жігер, табандылық пен тәртіп ке­рек. Оған қоса тілді үйренгенде күн­де және бір уақытта оқығаныңыз, жат­тық­қаныңыз да өз әсерін тигізеді.

Бұл кітапта когнивистикаға, яғни психология, лингвистика, философия, нейробиология, жасанды интеллект және антропологияның жиынтығы деу­ге келетін ғылымға көп көңіл бө­лі­неді. Тіл үйренуге оның қандай қа­тысы бар дерсіз? Тікелей қатысы бар, өйткені металингвистика, яғни адам­­ның тілді әртүрлі мақсатта орынды қолдана алу білімі туа біткен қа­сиет емес, оны жүре келе үйренеді. Сон­дық­тан ересектер ана тілінде дамып, жетілген металингвистикалық білім мен дағдыны, өзге тілді меңгеруде қол­дануы қажет. Бұл кітапты авторлар иллюзия (жалған түсінік) мен стереотиптерден (таптаурын ойлардан) арыла алмай жүрген ересектер үшін арнайы жазған.

Аталған туынды сіздерге тіл үйре­ну­дегі тез нәтиже немесе жылдам үйрену туралы ешқандай ақпарат бер­­мейді. Бірақ өмір бойы үйренген дағ­дыларыңыз бен қабілеттеріңізді тіл үйренуде қалай қолдануға болаты­нын және тіл үйренгіңіз келгенде ми­ыңызда қандай үдерістер өтіп жат­қанын түсіндіреді.

Өз тарапымнан тағы бір нәрсе қосқым келеді: тіл үйрену барысында көп уақытыңызды мұғалім сізді қалай оқы­тып жатқанын, қандай әдіс-тә­сіл­дер қолданып жатқанын талдауға жұм­самаңыз. Бұл сізге ешқандай көмек бер­мейді. Ұстазға сеніңіз, ұстаздың айт­қанын қайталаңыз, ұстазыңыздан асып түсуге тырысыңыз.

Қандай тілді оқысаңыз да, тілді меңгеру барысы сізді байыта түсетінін ұмыт­паңыз, сіздің ойыңыз өседі, жаңа білім, жаңа тәжірибе алып келеді, тұлға ретінде танымыңыз кеңейіп, ай­на­лаңызды жақсарта түсетініңізге кү­мән жоқ.

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий