Швейцарияда өз кәсібін ашқан қазақ

12.02.2018

Дәрігер атану оңай емес, ал нағыз дәрігер болу, әсіресе өз ісіңнің майталман маманы екеніңді шетелдіктерге мойындату одан да қиын. Ендеше, осындай жауапты істі абыроймен атқарып жүрген қандасымыз Серік Тұрсынды өздеріңізге таныстырып қояйық. Ол кісі бүгінде Швейцарияда тұрады.

«Швейцарияның Берн қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Лисс қаласына көшіп келгенімізге биыл жеті жыл болды, – дейді кейіпкеріміз. – Осында да өзіміздің жеке клиникамызды ашып алдық. Онда біз дәрігерлік көмек көрсетеміз, ультрадыбыстық зерттеу жүргізуге, электрокардиограммаға түсуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ дәріханамыз бен зертханамыз жұмыс істейді. Мейірбикелерді дайындайтын кішігірім мектеп те осында.

Ел ішінде жүргендер айналасындағы ағайынның қадірін көп жағдайда біле бермесе керек. Ал жырақта жүрген жандар үшін қандас бауырлардың жөні, орны бөлек. Оны Секең жақсы түйсінеді. Сол себепті өзі секілді бауырлардың басын қосып, Швейцариядан қазақ қоғамын құрған. Бүгінде аталмыш қоғамдық ұйым аяғынан нық тұрған. Қазақ бауырларымыздың басы жиі қосылады. Ұлттық мерекелерді бірге тойлайды.

 Айтпақшы, Серік мырза бастаған бір топ қазақ Данияда тұратын қандасымыз Қажы Әкбар Аюбидің ұсынысы бойынша өткен жылы Нюрнбергте Наурыз тойын тойлаған. Биылғы бас қосуды Бельгияда өткізуді жоспарлап отыр. Оған Жапония, Финляндия, Германия, Франция, Қытай қазақтары да қосылады екен.

 Секеңе біз «Үйде қай тілде сөйлесесіздер?»  – деген сұрақ қойдық.

«Мұндағы балалар кем дегенде үш тілде емін-еркін сөйлейді. Біздің балалар да олардан асып түспесе, кем емес. Үлкендеріміз бес тілді меңгерген, ең кішкентайым 10 жаста. Төрт тілді біледі. Ал біз үйде олармен қазақ және орыс тілдерінде сөйлесеміз. Өйткені, өкінішке қарай, Қазақстанда қазақ тілі әлі мемлекет және қоғам тілі дәрежесіне жете қойған жоқ. Ертең елге қайтар болсақ, балаларымыз шеттеп қала ма деген қауіп бар», – деп жауап берді.

Комментарии (0)
Оставить комментарий