ЖАҢА САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Тіл және қоғам» альманахының 2022 жылғы №2 (56) кезекті саны жарық көрді.
Басылым ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың «Ұлт ұстазы ұлықталған жыл» деп аталатын алғысөзімен ашылды.
«Ұлт ұстазы – Ахмет» айдарымен биыл туғанына 150 жыл толу мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып жатқан Ахмет Байтұрсынұлы туралы академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Ахмет Байтұрсынұлы: Қиянатқа қарсылық», филология ғылымдарының докторы, профессор жантас жақыповтың «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанулық мұрасындағы адамөзекті тұжырымдар» мақалалары жарық көрген.
Бұдан басқа Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шапағат Жалмаханов «Ахмет Байтұрсынұлының көсемсөзіндегі тіл мәселесі туралы» сөз қозғаса, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» хақында ой толғайды.
Альманахтың бұл санынан Анкара Хаджы байрам Уәли университеті Түркият зерттеу орталығының директоры, профессор Хулия Касапоғлы Ченгел мен Еуропа Қазақ қоғамдары Федерациясының төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы (Германия) Әбділқаюм Кесіжінің ұлт ұстазы туралы қалам тербеген мақалаларымен таныса аласыздар.
Ұлы тұлғаның халықаралық, республикалық көлемде өтіп жатқан шаралары мен оның ұрпаққа тағылымдық мәні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тлешов «Ахаңның қайраткерлігі, қаламгерлігі Алашқа мәңгі аманат» деген сұқбатында түйіндейді.
Сондай-ақ басылымның «Әдістеме», «Термин», «Талқы», «Таразы», «Төл сөз» айдарларынан елімізге кеңінен танымал ғалымдардың жан-жақты талдауларын оқуға болады.