ЕЛІМІЗДЕ АНА ТІЛДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА ШЫҒАДЫ

27.12.2022

Оған сәйкес, тағы да ауқымды семинарлар өтеді, жиындар ұйымдастырылады, тіпті дарындыларды түкпір-түкпірден жинайтын байқаулар өткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». Егемендік алғалы мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту үшін ұйымдастырылып жатқан шаралар осылай тізіліп кете береді. Қыруар қаржы бөлінеді. Жауапты шенеуніктер есеп береді, үкімет оларды арқадан қағып, бас шұлғиды. Биыл да атқамінерлер жылдағы дәстүрден жаңылмады.  

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Керекті жұмыстар басталды. Және де Қазақстан Республикасы үкіметі жанында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия жаңадан құрылды. Өңірлік семинарлар, республикалық конкурстар өткізу және азаматтардың тілдік белгілері бойынша құқықтарына нұқсан келтіруге жол бермеуге қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бірақ 30 жылдан бері өткізіліп келе жатқан осы шаралардың пайдасы бар ма? Тіл жанашырлары ескі тәсілдің нәтиже бермейтінін түсінетін уақыт жетті дейді. «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов бұл тұрғыда нақты идеялар базасын құруды ұсынады.

Ербол Тілешов, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:

- Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін де бірнеше бағдарламалар қабылданды. Нәтиже бар, бірақ ойдағыдай емес. Бүкіл халық біледі. Өйткені мемлекеттік тіл бүкіл салада еркін қолданыста деп ешқайсымыз айта алмаймыз. Осыған байланысты шынында да бір тұжырымдамалық негіздегі бағдарламалар керек. Бірақ ол бұрынғы бағдарламалардың қателіктерін қайталамау керек. Ол қандай дегенде бір іс-шаралардың жиынтығы болмау керек.

Ендеше нақты іске көшетін уақыт жетті. Ербол Тілешовтың айтуынша, жастар мен жасөспірімдер қызығатын замануи мультфильм, кино, телефондағы қосымша, қоғамдық орындағы музыка, бәрі қазақша сайрап тұру керек. Ана тілі артта қалмай, заманға сай қадам басу қажет. Онымен қоса, мектептерде мемлекеттік тілді үйрету тәсілі мен сабақтарының реттілігін өзгерту керек. Жастарды қазақ тіліне қызықтырып, ниет бұратын жағдай жасау қажет. Ербол Тілешов, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры: - Қазір халықтың қоғамдық санасы алуан. Ол бұрынғыдай бір бағдарламамен оқыту, бірдей болу, бірдей киіну заманынан өттік біз. Сондықтан әр адам өзінің қалауын алу керек. Сондықтан методика да оған тиімді болу керек. Мультфильм де, фильм де әр түрлі болу керек. Қазақстан мемлекеті соны қамтамасыз ету керек. Тіліміздің өзі бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол ертең ағылшынша үйретуден, басқасынан қалып қоятын болса, оны ешкім оқымайды. Босқа ақша шығынданып қалады.

Ақын әрі тіл жанашыры Дәулеткерей Кәпұлының да пікірі осыған саяды.   

Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Тұжырымдамалар қабылдап жыл сайын 2023-2028 аралығында жоспарлар құрып, семинарлар, конкурстар өткізу бұның барлығынан тіл мәселесі шешілмейді. Тіл өзімізбен бірге күнделікті өмір сүріп келе жатқан тірі организм ғой. Әрине геосаяси жағдайды қарап отырмыз. Мемлекеттік шекарамыз шегенделген ел ретінде көршілермен мың жерден жіңішке қылдан нәзік тұстары бар деп айтқанмен де біз өзіміз қолға алатын уақыт жетті ғой.

Ал, Владислав Тен қазақтілді орта мен қазақша контенттің аздығы тіл үйренем дегенге кедергі болмайды, дейді. Өзі мемлекеттік тілді бір жыл ішінде меңгеріп алды. Үйреніп қана қоймай, жеке әдістемесі арқылы өзгелерді де үйретіп жүр. Осыдан 12 жыл бұрын елімізге Өзбекстаннан қоныс аударған полиглот алғашында қиналғанын жасырмады. Бірақ табандылығы мен ниетінің арқасында дегеніне жетті.

Владислав Тен, тіл орталығының жетекшісі:

- Неге бізде тіл мәселесі әлі күнге дейін бар. Себебі кей қазақстандықтар білмейді қазақша. Неге олар білмейді. Себебі олардың бірінші болып қалыптасқан тілі қазақ емес, орыс. Сондықтан олар орысша ойлайды, олар тек орысша телевизор, ютуб көреді.

Осылайша, Владислав Тен ана тілімізді асқақтатуға мемлекеттік саясат қана емес, бала тәрбиелеп отырған анадан бастап, әрбір азамат та атсалысу керектігін айтады. Яғни мемлекеттің идеологиясы, ана тәрбиесі де, мектептегі білім де қазақ тіліне қызмет еткен күні жағдай жақсарады. 

 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/579828-elimizde-ana-tildi-damytu-a-arnal-an-zha-a-t-zhyrymdama-shy-ady

Комментарии (0)
Оставить комментарий