БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ...
Тіл сарапшылардың бірі Ғ.Мүсіреповтің «сөз – сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген пікірін келтіреді. Біздіңше, осы күні «сөзге көлеңкесін түсіріп тұрған сөз» көбейді. Мұны тіл білімі ғылымында «Паразит сөздер» деп атайды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлеріне «Паразит сөздер мен олардың тілді құрту мен байытудағы рөлі қандай?» деген сауал жолдаған едік. Жауабы мынадай болды...
Жамал МАНКЕЕВА, филология ғылымының докторы, профессор:
СӨЗ МӘДЕНИЕТІН ЖЕТІЛДІРУ – АСА МАҢЫЗДЫ
– Тәуелсіздік кезеңі қазіргі қоғамдық өмірдің барша салаларына оң бағыттағы көптеген өзгерістер әкелді. Атап айтқанда, ол өзгерістер ұлттық сананың жаңғыру үдерісіне ықпал етіп, танымдық өзек ретінде тіл мен оның қолданысынан да тыс қалған жоқ.
Мемлекеттік мәртебе ана тілінің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Осымен байланысты тілдің қоғамдық қызметін кеңейтіп, әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік беретін жаңа коммуникативтік кеңістіктер қалыптаса бастады. Оның ішінде жас ұрпақтың, әртүрлі кәсіп иелері мен әртүрлі аудиторияның ұлттық, ғылыми, мемлекетшілдік санасын ана тілінде игеруге бағытталған, мемлекеттік тілде сапалы зияткерлік хабар тарататын жаңа форматтағы бағдарламалар, интернет т.б. БАҚ-тың тілін қолданушы контент қалыптасып келе жатқаны да шындық.
Дегенмен осы бағыттағы креативті ойлау жүйесі мен тың ізденістердің жаңару үрдісінде ана тілінің ішкі заңдылықтарына, қолданыстың төл сипатына, дәстүрлі сөз мәдениетіне сәйкес келмейтін олқылықтар да байқалады. Атап айтқанда, ол терминжасам үдерісіндегі мәнсіз калькалық үлгілер (баламалар), жөнсіз окказионализмдер, тіл болмысына сәйкес құрылмаған сөз тіркесі мен сөйлемдер (мен ойлаймын, т.б.) сөзді қабылдауға теріс әсер ететін артық қыстырма сөздер (жаңағы, т.б).
Ана тілінің құдіретін танытып, бар әлеуетін жан-жақты ашып, орынды қолданыс тапқан сөз жүйесін сақтап, дәстүрлі қазақ сөзсаптам үлгісін жалғастыру – қазіргі таңда аса өзекті. Бұл, сайып келгенде, қазақ сөзінің қазіргі заманауи қоғамдағы коммуникативтік қызметінің сапасын көтереді.
Шын мәнінде, тіл тұтынушының тезіне түскен сөз болмысының өзгеріп, құбылуы, дағдыдан тыс қолданысқа түсуінің оң/теріс сипаты оның тұлғалық танымына, біліміне, біліктілігіне байланысты. Сондықтан сөз мәдениеті мәселесін төл мәдениетіміздің сөз өнеріне негізделген тәрбиесіне сай жетілдіру – аса маңызды.
Назира ӘМІРЖАНОВА, филология ғылымының кандидаты:
ҚАЗІР «ШЕШЕН СӨЙЛЕУДЕН» ГӨРІ, «ДҰРЫС СӨЙЛЕУ» МӘСЕЛЕСІН КӨП АЙТАМЫЗ
– Өткен дәуірден қазіргі дәуірге дейінгі халық өмірінің айнасындай жарқырап, халықтың басынан кешкен тарихын тұтас ашып көрсетіп жататын ғажап шешендік өнерді зер сала зерттеп, қазақ әдеби тілінің ауызша түріне жоғары баға берген әйгілі ғалым В.В.Радлов: «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе сөз сайысына келгенде, олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып айтқыштығы таң қалдырады.... Кез келгені, тіпті оқымаған қараңғы қазақ сөйлеп кеткенде, тілдің ондай күшін Еуропада тек француздар мен орыстардан байқаймыз. Ал қазақ әңгіме шерте қалса, сөздері мөлдір бұлақтай құйылып, жаныңа жайлы тиеді», – десе, енді бірде: «Қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы, бұл тілдегі мұраларды менің көп жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық томын арнауыма себеп болды. Оның үстінде қазақтың басқа бауырластарына қарағанда, сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған ерекше әсер етті» – деп жазды. В.В. Радловтың мына сөздерінен қазақ халқының сөзсаптауы шебер, шешендікке бай болғанын көреміз.
Қазақтың дәстүрлі сөзсаптауында ой еркіндігі, ой жүйелілігі мен жүйріктігі, сөз еркіндігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсіру, тұспалдап сөйлеу, жасыра сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу сияқты сөйлеудің небір түрлері болды. Бұл сөйлеу түрлері арқылы біз қазақтың терең зейінділік пен ойлылық техникасын, практикасын жоғары деңгейде меңгергенін байқаймыз. Бірақ қазіргі кезде бұл техника ұмыт болып, дұрыс сөйлеу «ертегі, аңызға» айналды. Қазір «шешен сөйлеуден» гөрі «дұрыс сөйлеу» мәселесін көп айтамыз. Дұрыс сөйлеу мәселесінде ерекше көзге түсетін тілдік құбылыстардың бірі – паразит сөздердің қолданылуы. Паразит сөздер – жат, артық, мағыналық жүгі жоқ дегенді білдіреді. Әдетте, семантикалық жүктемесі әлсіреген сөздер паразитке айналады. Атап айтқанда: «жоғарыда айтқандай», «яғни», «не ғой», «әйтсе де», «әлгі», «енді», «негізі», «мына», «шынын айтқанда», «шыны керек» «ендеше», «жаңағы», «жалпы».
Паразит сөздердің қолданылуы тілдік және тілдік емес факторлармен байланысты. Тілдік түрткіжайттар: тілдік норманы дұрыс білмеу (лексикалық, грамматикалық, орфографиялық/орфоэпиялық, стилистикалық, прагматикалық т.б.); сөз байлығының аздығы; тіл жаттығынының болмауы т.б. Тілдік емес түрткіжайттар: тілдік орта, психологиялық жай-күйлер т.б.
Ғ.Мүсірепов «сөз – сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген екен. Шындығында да, сөздің «жарығын» көбейту үшін, тілдік бірліктерді дұрыс әрі орынды қолдану қажет. Ал ол үшін, әрине, үздіксіз білім мен тәжірибе керек.
Айман АЛДАШ, филология ғылымының докторы, профессор:
ПАРАЗИТ СӨЗДЕР ТУРАЛЫ АЙТУҒА ТУРА КЕЛЕДІ
– Қазіргі сөзқолданыстағы осы проблема сөз болғанда, ең алдымен, өзара мағыналас жаргон, арго, сленг сияқты бірнеше терминдердің мағынасын шолып өткен жөн болар. Бұлардың қай-қайсысы да – микроәлеуметтік қауымдастықтың (шағын топтың) тіліне тән белгілер. Бірқатар ұлт тілдерінде микроәлеуметтік топтың тілдік бірізділігі, өздеріне тән тілі жақсы зерттелген. Әлі де қарастырылып келеді. Кейбір ғалымдар осы аталғандарды тұтастай түрде «паразит сөздер» деп те санайды.Тағы бір еңбектерде мәтін иірімінде жөн-жосықсыз қолданылатын тілдік бірліктерді, мәселен, ауызша сөйлеу барысында қайталана беретін «жаңағы» дегенді «паразит» деп таниды. Басқа тілдердегі зерттеушілер төл тілдегі сөздердің қысқартылуын, ықшамдалуын паразит сөздер деп есептейді. Демек, қазақ виртуалды желісіндегі «айтам дедім ғо (ғой; кейде го), билмим (білмеймін), неістебатсыздар» дегендер паразит сөздер болып саналады. Бұларды паразит сөздердің бір тобы деуге болады.
Қазақ тілтанымындағы қазірге дейінгі зерттеулерде, сөз мәдениеті болсын, стиль туралы болсын, паразит сөздер туралы пікір айтыла қоймайды. Бұлайша болуының басты себебі қазақ тілінің қолданысының қазірге дейін таза қалпында сақталуында. Сонымен қатар өткен ғасырдың орта тұсынан бастап, академик Р.Сыздық және оның шәкірттері қазақ сөзінің мәдениетін қадағалап отырды, сөз мәдениетін көтерудің маңыздылығын насихаттауды ұдайы жалғастырды, осының нәтижесінде, қазақ тіліндегі ауызекі сөзде де, жазба тілде де тіл тазалығы сақталып келді. Әрине, қазақ қоғамында микроәлеуметтік қауымдастық (әлеуметтік көрсеткіштері бірыңғай жастар, спорт командалары, студенттер легі, өндірістік топ) бар, олардың өз дағдылы ортасында қолданатын бір бөлек тілдік бірліктер бар. Анығы – сол бір бөлек, дағдылы қолданыстағы тілдік бірліктердің дені – орыс тілі сөздері (жаргон, сленг деуге болады). Бұларды қазақ тілінің тазалығы тұрғысынан қарасақ, сөз жоқ, паразит сөздер. Орыс тілі сөздерінің қолданысы дегенде, «варваризм» деген термин жөнінде де айтуға болады. Қазақ терминжасамындағы кірме терминдердің жөні бір басқа екендігі белгілі. Лингвистикалық тұжырым бойынша көркем шығармада стилдік мақсатта, кейіпкер тілінде қолданылатын шеттілдік сөздерді ғылымда «варваризм» деп аталатыны және мәлім. Нақтылай түссек, көркем туындыларда белгілі бір стилдік қызмет атқаратын, образ жасайтын шеттілдік сөздерді «ақтап» алуға болар, ал өзге тілдің сөздерінің қазақша жазба нұсқалардың басқа түрлерінде, қазақ тіліндегі ауызша сөздегі көрінісі «аппликация болып жабысуы» паразит сөздер болып саналады. Шын мәнінде осы терминдердің ішкі семантикасының өзара мағыналас екендігі даусыз.
Жазба коммуникациядағы қазіргі үдерістерді, жалпы сипаттарды танытатын аса белсенді үлгісі – онлайн-платформа. Әлеуметтік желі бүгінгі күні компьютерлік технологияны меңгерген, офлайн байланыс жасауға мүмкіндігі бола бермейтін қалың көпшіліктің, ағайын-туыстың, дос-жаранның, әріптестердің хат-хабар алмасатын, амандық сұрасатын, пікір білдіретін, талдау жасайтын айрықша арнасына айналды. Паразит сөздердің, яғни образ жасамайтын, стилдік қызмет атқармайтын, терминдік ұғымдық аппараты жоқ орыс тілі сөздерінің дені осы арнада біршама байқалады.
Әлеуметтік көрсеткіштері мен жас мөлшері әртүрлі қатардағы қазақтілді қоғам мүшелерінің, яғни қазақ тілі ана тілі болып есептелетіндердің күнделікті тұрмыстық тілдік қарым-қатынастарында «типа того», «норм/ нормально», «короче». «уже», «класс», «круто» деген сөздер бар. Енді бұлардың қатарын толықтыра бастаған басқа «өзгеліктерді», әсіресе жастар тілінен байқаймыз. Мысалы, әлеуметтік желіде ұшырасқан өзара ақпарат алмасу барысындағы «кафеге сүйіктіңізбен не болмаса достарыңызбен барып, цивильно әңгіме-дүкен құрып…» дегендегі «цивильный» сөзі де жиі қолданылып бара жатыр, бұны да паразит сөз деп тануға болады. «Суық күндері ыстық шәй, лате ішіп, тәттілер жеп қайтуға арналған сондай кУЧТ(осылайша соңғы әріптер бас әріппен таңбаланған) жер» деген сөйлемдегі куЧТ дегені, шамасы, «күшті» дегені болар. Әлеуметтік желіде осы тақырыпқа сұхбат құрғандар өзара цивильный жер екен, расында, ой куЧт екен деп қайталай бастапты. Сол сияқты «біздің дворда бала көп; дворда ойнап жүр», «бір ситуация болды» дегендерді жиі естуге болады. «Конвикт досым Алматыға келді» деген сөйлем де ұшырасты, бұндағы конвикт сыныптас, группалас дегенге саяды, өйткені википедияның мәліметіне қарағанда, сonvictus / convivere түптөркінінде «бірге тұру» деген мазмұнды береді екен.
Дворда қыдыру, цивильный, игнор жасау, дүкенде скидка болып жатыр, кУЧТ, типа того, уже, норм, спс (рахмет), поделиться ету, зависать ету, удалить ету, сохранить ету, конешно, споки (қайырлы түн мағынасында) сияқтылардың виртуалды әлемдегі қолданысы қазақ тілін жетік меңгермегендіктен емес. Керісінше, ауыздан-ауызға көшіп жүретін «өзгеліктердің» сөйлеуде штампқа айналуының, еліктеудің, осылайша қолдануды «қызық» көрудің, өзін айрықшалап көрсетуге ұмтылудың, сөзіне осыларды араластырудың қандайлық екендігіне мән бермеудің көрінісі. Сонымен қатар қазақ тілінде баламасы бола тұра орыс тілі сөздерін пайдалану ауызекі сөзде де, жазба тілде де кездесіп қалады. Мәселен, жетпіс-сексен жыл бұрын ұсынылып, нормаға айналған, ең бастысы – қазақтілділердің барлығына да таныс болған қолшатыр, аялдама, балмұздақ, мейрамхана, дәмхана сөздерінен гөрі сөйлеу барысында көпшілігі зонт, остановка, мороженое, ресторан, кафе деген сөздерді қолдануға бейім.
Виртуалды әлемдегі сөзқолданыс тілші мамандар, зиялы қауым, қазақ тілінің тазалығына алаңдайтын жұртшылық мән бере бастады. Әрине, алдымен, әсіресе жастар тілінде белең ала бастаған бұл көріністің себеп-салдарын іздестірген жөн. Жалпы жастар тіліндегі сөз жұтаңдығын көркем әдебиетті оқудың азайғандығына байланыстыратын пікірлер бар. Орыс тілінің тегеурінінің басымдығына тірелетіндігі де жиі айтылады. Бұл құбылыс қазақ сөз мәдениеті, лингвостилистка салаларының аспектісінде қарастыруды қажет етеді. Әлеуметтік желіде тіл тазалығына бағытталған практикалық іс-шараларды ұйымдастыру нәтижелі болмақ. Әрине, ең бастысы, әрбір оқырман, әр жазарман өз сөзін қадағалауы жөн. Қандайда болмасын, ақпаратты, эмоцияны, көңіл-күйді жеткізерліктей қазақ тілінің сөз байлығы, сөз астары құнарлы екендігі дау тудырмаса керек.
Рас, әлеуметтік лингвистикаға қатысты еңбектерде паразит сөздер деп қазақтілді адамның сөзіне орыс тілінің сөздерінің араласуын айтады. Ал роман-герман тілдерінде бұл мәселе қарастырылады. Қазақ тіліне қатысты зерттеулерде паразит сөздерге назар бөлінбеуінің себебі неде? Дегенмен қазақ тілі қолданысының қазіргі тұсында паразит сөздер туралы айтуға тура келеді. Қазіргі сөзқолданыста ұшырасатын паразит сөздердің негізгі тобы – орыс тілінің сөздері.