ҰЛТ БАСПАСӨЗІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

02.02.2023

Ақпанның 2-сі – отандық кәсіби баспа­сөздің ізашар мінбері «Қазақ» газетінің туған күні. Алаш зиялылары Орынбордан Петерборға дейін патшалық жүйенің табалдырығын тоздыра жүріп рұқсат алған газеттің шы­ғуы осы күнге сәйкес келіпті. Халқымыз Жарат­қаннан «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке!» деп сұраса, ақпанның жұлдызы ай­қын түніндегі ұлт ақпаратының бастауы – сын-қатерге төтеп берудің бағдары болса керек.

ХХІ ғасырдың биігінде тұрып, «Қазақ» газеті не бітірді?» деген сұрақ қоймас бұрын «Бұл газет не тындырмады!» деп дәйектеу – тарихи әділеттілік.

Біріншіден, «Қазақ» газеті халқымыздың рухани санасына реформа жасап, «баспасөз», «қалам қайраткері», т.б. ұғымдарды алып келді.

Екіншіден, бұл газет шын мәнінде жалпыұлт­тық деңгейге көтеріліп, қайраткер зиялыдан бас­тап сауаты бар қарапайым адамға дейінгі тұтас қоғамның мінбері бола алды.

Үшіншіден, «Қазақ» газетінің асыл миссия­сы ағартушылық еді. Бұл басылым ірі саясат әңгімесінен қауым бірлігіне әсер ететін тұрмыс мәселесіне дейін осы мұратпен қалыптады.

Төртіншіден, ұлттың мемлекеттілігі жоқ кезеңде «Қазақ» газеті «мың өліп, мың тірілген» елшілд­ік ойдың, парасаттың, ұстанымның ар­қауын жалғады. Мемлекеттік басқару құры­лы­мы болмаған шақта бір өзі ақпарат, білім-ғылым, мәдениет, т.б. әлеуметтік салаларды үйлестірді. Алаш мұратының темірқазығы болды.

Бесіншіден, баспасөз бен әдебиет енші бөліспеген заманда «Қазақ» газеті көркем талғам, әдеби сын, өнердің жаңа жанрларын, т.б. қалыптастырып дамытты.

Осыдан 110 жыл бұрын дүниеге келген тарихи «Қазақ», ақ-қызыл айқасы кезеңінде Алаш типографиясын олжалап жарық көрген «Қазақ мұңы» мен большевизм-социализмнің көрігінен өткен «Ұшқын», т.б. газеттер қоғамның, елдік күрделі ойдың, саяси сапырылыстардың трансформациясын көрсетеді. Мұны тәуелсіздіктің елең-алаңында бас газет тізгінін ұстаған жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «БАҚ – қоғамның, ел тағдырының айнасы. Ол қанша күрделі болса да, тарихты қаттайды» деп, бірауыз сөзге сыйдырған-ды.

Иә, газет-журнал ниеті – ел ниеті. Сала көкірек көзі ашық қауыммен бірге азаттық жылдар шежіресін құнттап, қаттап келеді. Президент Қ.К.Тоқаевтың мына пайымы «Қазақ» газетінен басталатын мұратты дөп басқандай: «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді». Классикалық ұғымда ұлт – мемлекет дегенді аңғартады.

Бүгінде «Қазақ газеттері» серіктестігі шаңы­­рағы астында жеті газет, бес журнал топтас­қаны жұртшылыққа мәлім. Бәрінің өз тарихы, оқырманы, ақпараттық тұжырымдамасы, елдің болашағына арналған жоба-жоспары бар. Баршасы – елдің мемлекеттік саясатын, қоғамның тамыр соғысын халыққа жеткізетін мерзімді басылымдар. Аудиториясы аға буын­нан жас ұрпаққа дейін. Сондықтан «Қазақ газеттері» екі арнаны тоғыстырады.

Бірінші арна – арғы тарихын түркі бітіг тастарындағы хабарламадан немесе патша өкі­меті тұсындағы «Түркістан уәлаятының газеті­нен» өрбітсе де, Алаш серкелері Әлихан Бөкей­хан мен Ахмет Байтұрсынұлының елдік-идея­лық, мәдени-интеллектуалдық жобасы – «Қазақ» газетінен басталатын дәстүрлі ақпарат жолы.

Екінші арна – тәуелсіздік рухымен астанадан өңірлерге дейін жарыққа шыққан ұлт газеттері, жаңарған «Егемен Қазақстан», салалық және бастамашыл басылымдар (оның ішінде «Қазақ» газеті атауын алғаны да бар), кейінгі «Қазақ газеттері», «Егемен» мен «Казправданың» ортақ мүддеге бірігу тәжірибесі.

Ұлт басылымының ғасырлық тәлімі: біз «Қазақтан» шығып, «Қазақ газеттеріне» қайта оралып тұрмыз. Мұның рәміздік мәні бар. Сонымен бірге бұралаң тарихтың күрделі кезеңдері қасіретінен арылып, тағылым алатын, ұлтты тұтастандырып, ұрпақ сабақтастығын қалыпты арнаға салатын қағидаты айқын. Дәл бүгін бізге қоғамды жасанды бөлетін жүз жылғы кек, қырық жылғы текетірес, большевиктік жадағайлық, тапшылдық-жікшілдік ұстаным керек емес. Рас, тарихтың ащы сабағы есімізде. Дегенмен Ақаңдар «Қазақ» газеті үшін сонау Қазаннан пойызға артып, түйеге теңдеп әкелген типография кейін талай газеттің қажетіне жарады. Төңкеріс дәуірінің дүрбелеңі барды жоқ ете алған жоқ. А.Байтұрсынұлы да «Қазақтағы» идеясын жаңаша жалғастырды...

Әділетті Қазақстан – тарихқа да, бүгіннің сан қилы үдерісіне де ой көзімен тең қарайтын жаңашыл ел. Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мінберінен ұғынықты етіп айтты.

Естеріңізде болса, «Қазақ» газеті логотипке орда таңбасын (киіз үй) таңдап, осыған түсінік берген еді. Тұжырымдамасы: түндіктің батыстан ашылуы – білім-ғылым, технология Еуропадан келсін деген тілек, есікке ұлт атауының жазылуы – қазақ өз еліне, тағдырына қарауыл болсын деген ниет. Ғасыр өтсе де, бұл әлі маңызын жойған жоқ. Алаш үкіметінде түрлі этнос өкілдеріне қалдырған он орынның өзі – қазіргі ортақ шаңырақ үйлесіміне де арқау.

Баспасөз темірқазығы, Әлихан Бөкейхан айт­қандай, елдік бәсекеде әрқашан «ақылға, ұста­лық пен жанкештілікке» жол көрсетеді деп сенеміз.

 

https://egemen.kz/article/334287-ult-baspasozininh...

Комментарии (0)
Оставить комментарий