ҚАНДАСЫМЫЗДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
2023 жылғы 24 ақпан күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов Моңғолияның Ұланбатыр қаласынан келген қазақ тілі оқытушысы Харий Сандуғаш қандасымызды қабылдады.
Орталықтың әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері Айгүл Әділбекқызының айтуынша «Абай институты» жобасы аясында 7 мемлекетте 11 сынып ашылған, сол офлайн сыныптардың бірі Моңғолияда орналасқан екен, Сандуғаш осы бағытта жұмыс жасайды. Жүздесу барысында тарихи отанынан тыс жерде жүрген қазақтарды ана тіліне оқыту мәселесі кеңінен сөз болды.
Сандуғаш ұлының аты Ахмет екенін (ұлт ұстазының құрметіне арнайы қойған көрінеді), оны перзентінің мақтаныш көретінін жеткізді. Кездесу соңында Ербол Ердембекұлы Орталық дайындаған оқу әдістемелік құралдармен бірге, былтыр ғана ЮНЕСКО штаб пәтерінде тұсауы кесілген Ахаңның қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдеріндегі Таңдамалы шығармаларын кішкентай Ахметке тарту етіп жолдады.