АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛЫ

02.03.2023

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі «Ахметтану» орталығында тарихи тұлға Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Алаштың арда ұлы – Темірбек Жүргенов» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының доценті, жүргеновтанушы ғалым Айгүл Садықова мен Г.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің доценті, жүргеновтанушы ғалым Алмажан Өтеғалиева арнайы шақырылды. Жүздесуде музей қызметкерлері, Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей-мектептің мұғалімдері және оқушылар қатысты.

Жиынды музей-үйі жетек­шісі, ахметтанушы Райхан Сахы­бекқызы құрметті қонақ­тарды таныстырудан бастады. Және жүргенов­та­нушылардың санаулы екенін, мұның қыры мен сырын бөлісе кетуді сұрады.Сөз алған Айгүл Егенбайқызы Садықова 1933–1937 жылдағы кәсіби өнер жанрының қалыптасуы мен дамуы, 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігін өткізу, Т.Жүргеновтің Қазақстандағы драма театрлардың, музыкалық және опера өнерінің, мұражайлар мен кітапханалардың қалыптасуына қосқан үлесі туралы өте қызықты әңгімеледі.

Айгүл Егенбайқызы «Темірбек Жүргенов қысқа да жарқын ғұмы­рында еліміздің мәдени құры­лысына қажетті тың идеяларды қалдырды. Қазақстанның Халық ағарту коми­тетін басқара жүріп, білім берудің қазіргі моделін, өнердің кәсіби түрлерін жарыққа шығарудың, ұлттық кеңес мәдениетіндегі қазақ мә­дениетінің маңыздылығын қа­лыптастырудың негізін қа­лады. Ол көптеген мәселелерді жүзеге асырды. Атап айтқанда, республиканың барлық облыс орталықтарында ұлттық театр топтары мен студиялар, музыкалық студия ашылды. Музыкалық-драмалық техникум құрылды, Тұрғындардың эстетикалық дамуын көздейтін облыстық (қазақ, орыс) театры ашылды, бұрынғы Луначарский атындағы ГИТИС – Мәскеу театр комбинаты жанынан Қазақ ұлттық драма шеберханасы, хореографиялық училище ашылды. Халық өнері қайраткерлерінің бүкілқазақстандық 1 слеті ұйым­дастырылды.ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дары ғасырлар бойы көшпенді өмірге бейімделген Қазақстан үшін дамудың жаңа жүйесін таңдап, оны қабылдау қоғам өмірі үшін де қиын болды. Бұл таңдау енді ғана аяғынан тік тұрып келе жатқан жас ин­тел­легенцияның қызметін эко­номиканың, ғылым мен мәде­ниеттің қарқынды дамуына ықпал етті», – деді ғалым.

Жүргеновтанушы Алмажан Жүсіпқызы тұлғаның өмірі, қызметі және Қазақстанның білімі, әдебиеті, мәдениетін дамытуға қосқан үлесі туралы айта келіп, сталиндік қуғын-сүргіннің қайғылы кезеңі жайлы баяндады.

–Ұлттық мәдениетіміздегі қайраткерлердің ішінде Темірбек Жүргенов – публицист, қазақ мәдениетінің тарланы, білім, мәдениет және өнердің дамуына өз үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткері ретінде белгілі. 1926 жылы Т.Жүргеновтің тікелей қатысуымен Ташкент қа­ласында Қазақпединституты ашылғанын және ОАМУ-дың 4 курс студенті Темірбектің осы оқу орнының алғашқы ректоры етіп тағайындағаны туралы қызықты мәліметпен бөлісті. Одан кейін Тәжікстан Рес­пуб­ликасының қаржы саласы бойынша халық комиссары, Өз­бекстан ағарту ісінің халық комиссары, 1933–1937 жылдары Қазақстан ағарту ісінің халық комиссары, БКП(б) Өлкелік комитетінің бюро мүшесі, өнер жөніндегі Комитеттің жетекшісі қызметтерін атқарғанын тілге тиек етті. Еткен еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту Орденімен марапатталғанына қарамастан, ең өкініштісі – сталиндік қуғын-сүргіннің қайғылы кезеңінде, 1938 жылы репрессия құрбаны болды – деді Алмажан Жүсіпқызы.

Кездесу барысында Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өмірі мен қызметі туралы қызықты мұ­рағаттық фотосуреттер, слайдтар, бейнефрагменттер көрсетілді.Жиын соңында құрметті қонақтар мен жиынға қатысшылар естелік суретке түсті.

Ахметтанушы ғалым Р.С.Имахан­бет Алаштың арда ұл­дарын насихаттауда ынтамақ­тас­тықта жұмыс істеу керегін айтып, жүргеновтанушы ғалымдар мен қатысушыларға, іс-шара барысында саяхат-сабағын шебер өткізген жас маман, музей экскур­соводы Ақерке Ибрагимоваға ри­за­шылығын білдірді.

 

 

Мейрамкүл БАШАРҚЫЗЫ,

А.Байтұрсынұлы музей-үйі бөлім меңгерушісі

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61570

Комментарии (0)
Оставить комментарий