Тұжырымдама: Тіл төңірегіндегі түйткіл
Тіл – ұлттың басты құндылығы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,– деп бекер айтқан жоқ. Жер ұлтқа өсіп өркендеу үшін, тіл мемлекет иесі – ұлттың тұтастығын, болмысын сақтау үшін қажет. Ал біз Ата Заңда жазылған мемлекеттік тілдің мәртебесін қаншалықты көтеріп отырмыз? Бұл – үлкен мәселе.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін алдымен тіл өркендеуі керек. Әлемде бүгінгі таңда 6500-ден астам тіл бар. Бірақ олардың 2000 шақтысы «өлі тілдер» қатарына енген. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, әр 15 күн сайын әлемде бір тіл өледі. Бұдан шығатын қорытынды, тәуелсіз елдің тілі ешкімге тәуелді болмауы қажет. Тілдің құрығаны – ең үлкен қасірет. Сол үшін халқы қолдап, заңмен өз тілін қорғап, бәрі де тірлік қылып жатыр. Өткен аптада Қырғыз Республикасының Жогоргу Кенеші Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын қабылдады. Енді қырғыз тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметте жұмыс атқара алмайды. Мемлекеттік тілді кемі В1 деңгейінде, яғни орташа деңгейде білетіндер ғана мемлекеттік қызметке тағайындалады. Сонымен бірге қырғыз тілін білу деңгейіне қойылатын талап та жыл сайын қатая береді.
Бұл ғана емес, Өзбекстан да 2021 жылы 26 маусымда «Тіл туралы» заңға түзетулер енгізді, заң жобасын қайта қабылдады. Елде енді өзбек тілінің мәртебесі үстем. Көршілер жаһандық қауіптен тілін осылай қорғап жатқанда, бізге қайтпек керек?
Қазақ билігі де қарап отырған жоқ. Бізде Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыланып жатыр. Осы аптаның басында Үкiмет жанындағы мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі комиссияның құрамы жаңарды. Оның құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Анар Салқынбай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл, Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев енді.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік мәртебе берілген тіл және титулды ұлттың тілі ретіндегі айрықша құндылық. Ол – Қазақстанда тұратын барлық этностарды тұтастырушы фактор және елдің барлық рухани қазынасының қайнар көзі. Сондықтан алдағы уақытта қазақ тілін меңгеру, осы тілде сөйлеу және қызмет ету барлық азаматтың парызы.
Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда титулды ұлт ретінде қазір қазақтың үлес салмағы жыл санап артып келеді. Бұл тілдік ортада қазақ тілінің үстемдігі нығая беретінін дәлелдейді. 2021 жылы жүргізілген Ұлттық халық санағы қорытындысы бойынша қазақ ұлтының үлесі 70,4 пайыздан асты. Бұл моноұлтты мемлекеттің қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Ресми мәліметтер бойынша түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, қырғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілін сөйлеу тілі деңгейінде, ал 12 пайызы қазақша оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені анықталды. Славян диаспорасы ішінде орыстардың 25,1 пайызы, украиндардың 23,7 пайызы, белорустардың 22,8 пайызы, поляктардың 22,1пайызы, сондай-ақ неміс диаспорасының 25,2 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – 2,9 пайызды құрайды. Демек, бұдан шығатын тұжырым, мемлекеттік тіл қолданысының сапасын әлі де болса жақсарту қажет.
Тұжырымдамада атап көрсетілгендей, халықтың мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында бірыңғайлылық жоқ. Мысалы, зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақ тілін меңгерген респонденттердің көбі – Атырау (78,8%), Маңғыстау (76,1%), Жамбыл (74,1%), Қызылорда (73,2%) облыстарының тұрғындары. Қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермегендердің үлесі Солтүстік Қазақстан (8,2%), Қостанай (9,0%), Қарағанды (6,5%) облысы тұрғындарына тиесілі. Демек, аталған өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттілігі барған сайын өзекті болып отыр.
Жалпы мемлекеттік тіл туралы заң жан-жақты орындалуы үшін қайтпек керек? «Тіл туралы» заңды қайтадан қабылдап, заңды қатаңдату керек пе, жоқ әлде мемлекеттік тілдің мәртебесінің үстемдігін айқындайтын арнайы тетіктер жасалуы қажет пе? Меніңше, екеуі де керек. Өзбек пен қырғыз билігі мемлекеттік тіл туралы заңын қабылдап үлгерді. Ал біз ше? Көп болды, әлі тұжырымдаманы талқылап жатырмыз. Осы аптаның басында Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Максим Рожин, Ермұрат Бапи, Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршин, Нартай Сәрсенғалиев, Асқар Садықов, Ержан Бейсенбаев, Нұрлан Әуесбаев сияқты ондаған депутаттар осы «Тіл туралы тұжырымдамаға» қатысты ойын айтып, дабыл қақты. Енді осыған құлақ түрсек,
«Тіл Тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланды. Қоғам тарапынан 11-24 сәуір аралығында ашық порталда Тұжырымдама жобасына 4103 қаралым жасалынып, 126 пікір түсті. Барлығына жауап берілді. Ешқандай қарсы пікір жазылмаған. 4103 қаралымның барлығы қолдап, ешкім қарсы шықпаған. Тек 11 дизлайк қана бар.
ҚР Үкіметінің қаулысы жобасында: «Тілдік, этнодемографиялық және саяси жағдайларды ескере келе, қазақстандық қоғамның бірегейлігін нығайту факторы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе.Мұндай Заң мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты белгілеуге, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Аталған Заңды қабылдаудың алғышарттарын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады» деп тайға таңба басқандай айқын жазылған. Осы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деп басталатын ең басты тұжырым Жобаның «Тіл саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» деген 5-бөлімінің «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу» атты 1-тарауының «Мемлекеттік тіл және қоғамдық салалар» деген 3-параграфынан алынып тасталып отыр. Тұжырымдама жобасының алғашқы дұрыс нұсқасы Ашық НҚА порталына 11 сәуір күні орналастырылды. Ал мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапты алып тастап, өзгертілген бұрыс нұсқасы 20 сәуір күні қайта орналастырылды.Үкімет «Тұжырымдамадағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек» деген талапты не үшін алып тастады? Тұжырымдамадағы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе» деген ең басты талапты елдің бәрі талқылап, қолдап жатыр ғой? Сонда үкімет халық талабына қарсы ма? Біздің талап: Тіл тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірдегі бастапқы нұсқасы қайта қойылып, тұтастай қабылдануы тиіс! – дейді 10 депутат үкіметке жолдаған жазбасында.
Ал Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында «2025 жылға қарай «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңның жобасы жазылады» деп атап көрсетілген.
Жалпы тілге қатысты заң керек. Бірақ біз оны қабылдауды неге кейінге ысыра береміз? Біздің тілек – тілдің төңірегіндегі түйткіл тезірек шешілсе дейміз.
Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/61770