КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

22.05.2023

2023 жылғы 22 мамыр күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабай мен «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы «Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету мен ілгерілетудің «Абай институты» бағдарламасын жетілдіру» тақырыбы бойынша келелі кездесу өткізді.

«Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, әрбір дамыған мемлекет әлемдік деңгейде өз тілін, әдебиетін, мәдениетін жер бетіндегі заманауи мүмкіндіктер аясында адамдарға көбірек үйрету, насихаттау, таныстыру және сол арқылы тілдің әлеуетін арттырып отыр. Мәселен Гете институты – неміс, Юнус Эмре түрік тілін кеңінен насихаттап келеді. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырған мұндай мысал өзге елдер бойынша да баршылық. Ендеше «Абай институтын» халықаралық деңгейде дамыту мәселесіне жаңа серпін беруіміз керек»,– деді Мақпал Жұмабайқызы.

Бас директордың айтуынша, болашақта «Абай институты» бағдарламасын осы аттас халықаралық қазақ мәдени орталығына айналдыру секілді кең масштабты жоба қолға алынбақшы. Осы арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақ тілін үйрену курстарын қолжетімді ету, оқытудың қазіргі заманғы нысандарын, әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізу жүзеге асады деп күтілуде.

Бұдан басқа халықаралық, аймақтық, салалық деңгейде тіл, мәдениет, білім беру, туризм, экономикадағы нақты мәселелерді шешу мақсатында этнографиялық, тарихи, лингвистикалық, тағы сол сияқты әлеуметтік зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Әрине, бұл, өз кезегінде, бірқатар күрмеуі қиын күрделі мәселелерді күн тәртібіне шығарады. Кездесу барысында Қордың вице-президенті Олжас Беркінбай, президент кеңесшісі Болат Дидар, баспасөз хатшысы Нұрымжан Қасымұлы мен Орталықтың атқарушы директоры Лиза Есбосын, Әдістеме басқармасының басшысы Жазира Мақсұтқызы, ғылыми қызметкері Айгүл Әділбекқызы, бас менеджер Нұржан Бижомартұлы тіл оқыту мәселесі бойынша күнделікті тәжірибеден бастап, жаһандық деңгейге дейін жиі ұшырасатын сұрақтар төңірегінде жан-жақты пікір алмасты.

Келелі бас қосу соңында құрметті әріптестерге кітап сыйға тартты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий