АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: ҚАЗАҚ ҚАЛАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ҚАЙДАН ТУҒАН, ҚАШАН ШЫҚҚАН?
Кіріспе
Еуропадағы Француз төңкерісі, Анадолы байтағындағы «Танзимат» реформасы, Түрік Тәуелсіздік майданы – өнер мен әдебиеттің негізгі шабыт қайнар көзін қалыптастырды. Түркістан алабындағы саяси және әлеуметтік оқиғалар да бұдан кенже қалған жоқ. Патшалық Ресей дәуірі болсын, большевиктік кезең және Сталин дәуірінде болсын, бұл дүмпулер келешекке алаңдаушылықты, үміт пен толқыныстарды да тудырды, дәуірінің ақын-жазушыларын тереңнен толғантты.
Бұл оқиғалардың иірімі үйіріп, бір тараптан идеология жолында күрескен үлкен көшбасшылар өсіп жетілді, бір тараптан болса, бұны драмалық, символикалық және лирикалық сезімталдықпен әдебиет пен өлеңге өзек еткендер болды. Бұл жырлар – ортақ сезім дүниесінің, ортақ идеялдардың және ортақ рухтың шумақтарға төгілуі еді.
Әдебиет және Қазақ қалам қайраткерлері
Патшалық Ресей кезеңінде басталған Алаш қозғалысы, сол уақытта құрылған Алаш партиясы, большевиктік басқару кезінде негізі қаланып, Сталин дәуірінде қағаз жүзінде жалғасын тапқан Алаш Орда республикасы бұл күрестің үш саяси кезеңге созылғанын және ұзақ тынысты бір күрес болғанын көрсетеді. Алаш қозғалысының әдебиеттегі көрінісі де жеке зерттелуі керек сала. Ол әдебиет отты, тебіреніске толы және қайғы-мұңлы.
Француз революциясы, Анадолы территориясындағы саяси реформа, Түріктің тәуелсіздік үшін соғыстары өнер мен әдебиеттің негізін қалыптастырған шығармаларды тудырды. Түркістан территориясындағы саяси оқиғалар мен азаматтық күрестер де одан кем емес. Түркістандағы саяси жағдаяттарды ойлап, жазғандар жүрекке әсер еткені рас. Патшалық ресей, большевиктік басқару және Сталин дәуірлеріндегі бұл зұлматтар, болашақ үшін уайымды, жанкешті ерлікке ұмтылдырған үмітті және тебіреністерін тудырды. Сол дәуірдің ақындары мен жазушыларына терең әсер етті. Саяси қыспаққа түсуі және сол себепті идеология саласына белсене араласуы ұлтшыл азаматтардың шоғырын қалыптастырды. Бір жағынан да мұны драммалық, символдық және лирикалық қырынан проза және өлеңмен жырлағандар болды. Бұл ортақ сезімнің, ортақ ұлттық идеяның, ортақ қайғы мен рухтың поэзиядағы көрісіні.
Сталин кезеңінде қазақ (Түркістан) даласы сыртқы әлемге жабық болып, қырағы әрі қараңғылық ортада халықтың жанын езген, өзегі тарихы мен ұлттық мәдениетіне байлаулы, көшбасшы, жүректі, ой-өрісі кең тұлғалар жетілді. Олар өзінің төл халықының мәдени санасын жоғарылатып, ұлт үшін жанқиярлық ерлікке барды. Жалған дүниенің жылтырағына алданбады, басын бәйгеге тіккені үшін ұлты мен ұрпағы оларға қарыздар. Біз ғалымдар бұл борышымызды ғылыми жиындарда оларды еске алу арқылы және жас ұрпаққа оларды сезіндіру арқылы өтеуіміз керек. Бұл ұлттық күреске жанымен және қаламымен атсалысқандардың бір парасы ғана...
Ахмет Байтұрсын «Еңбекші қазақ» газетінің 1922 жылғы 29-санында жарияланған «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» атты мақаласында жоғарыда аталған саяси ортада өсіп, негізгі уәжін осы ортадан алған қазақ қаламгерлері туралы сөз етеді. Саяси орта тудырған күйзеліс, осы дағдарыс жағдайында ұлттық рух пен ұлттық құндылықтарды қорғау жолындағы күрес және оның әдебиеттегі көрінісі...
«Қазақ қалам қайраткерлері жайынан»
«Еңбекші қазақ» газетінің 1922 жылғы 29-санында жарық көрген мақала. Бұл бағдарламалық сипаттағы мақалада қазақ зиялыларының қазақ төңкерісінен кейінгі саясатқа байланысты дағдарысы және олардың ұлттық санада қалуы жөнінде айтылады. Автор қалам қайраткерлерінің төңкеріске дейінгі орныққан пікірі өзгере салмайтынын және оның табиғи екендігін негіздеген. Халықтың басқа халықпен теңесуі үшін ең алдымен мәдениет пен білімінің күшеюі қажеттігін дәйектейді. Бұл мақала мәтінін алғаш рет Т. Кәкішұлы «Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылғы 5 ақпандағы санынан алынған. Бұл баяндамаға А. Байтұрсынұлының осы мақаласы әсер етті. Ұлы tulğa/ғұлама былай дейді:
Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау қойылса, жауап қиын емес.
- Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, тайақ жеген, орыстың табанында езілген жұрттан туған.
- Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан.
Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни, халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болса, онда табиғат заңының тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сықылды болып шығады”.
Мәңгілік тастардағы «Бенгү Ил»ден бүгінге дейін, Кеңестік билікті есепке алмасақ, жалғасын тауып отырған мемлекет ұғымы және тек ұлт, Түрік ұлты ұғымы, Алаш алыптарының лиризм сезімталдығымен және бұл рухпен жазған жырларын шыңға шығарады. Мұның ең жарқын мысалдары– Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай. Ұзақ бір кезеңді қамтыған және аумалы-төкпелі әлеуметтік-саяси атмосфераның ойлана білетін, ести алатын және жазатын адамдарды шарпып өтпеуін ойлап көру мүмкін бе? Патшалық Ресейдің ауыр қысымы аясында жетілген және ой-толғаныстарын толыққанды тұлға сезімталдығымен, бірақ лирикалық тұрғыда тілге тиек еткен, 19 ғасырдың Жүсіп Баласағұны (Юсуф Хас Хажип) деп алатын Абай Құнанбайұлы әрқашанда «халықтың кетігіне кірпіш болып қалану» тілегімен тірлік кешіп, қалам тербемеді ме? Кеңестік Ресейдің және бір төңкеріс дауылы үдеген кезеңінде, келешекке бағытталған және жемісін күткен тәтті үміттен шабыт шыңдаған әдебиет әлемі, ұлы ұлттық рухты қайрамады ма?
Олардың жазған және жазатын әрбір дерегі күллі түрік әлемінің көзін ашты және аша береді. Мағжан секілді Ахмет Байтұрсынұлының да сезім әлемі мен лирикалық толғанысын назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Олардың «анасына» арнаған өлеңдері жүректе еріксіз тебірентеді. Ахметтің қайраткерлік тұлғасы 1885-те әкесі 15 жылға Сібірге жер аударылғанда айқын көрінеді. «Анама хат» өлеңінде сол жылдарды былайша толғайды:
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
1917-де құрылған Алаш Ұлттық Үкіметінің көшбасшысы Әлихан Бөкейханның үзеңгілесі болған даңқты Қазақ ақыны Міржақып Дулатұлы, Исмайл Гаспралының жетекшілігіндегі Жәдитшілдік идеялардың қазақ даласындағы өкілі. Дулатұлының 1902-1909 жылдары арасында жазған «Оян, Қазақ!» жыр кітабында орын алған өлеңдер дәуірлеу идеясының лирикалық және символикалық сипаттағы көрінісі. Кітаптағы «Оян, Қазақ!» жыры әмірлі сөздермен халыққа ең ықпалды үн қату және көңілдерге қозғау салған ескерту. Бұл үн қатуға жақын өлкеден Ұйғыр ақыны Абдухалық Ұйғырдың (1901-1933) 1921-де жазған «Оян» жырымен қайтарған жауабы, ортақ рух пен толғаныстың туындысы. Айрықша, Мехмет Акифтің Ұлттық Күрес, Азаттық Соғысы жылдарында 1915-те жазған «Оян» жыры да нақ сондай үн мен нақ сондай рух саналады. Анадолыда Акиф, Батыс Түркістанда Міржақып пен Шығыс Түркістанда А. Ұйғырдың жырлары – ортақ пайым мен түйсіктің лирикалық үлгілері.
Oyan Kazak!
Көзіңді аш, оян Қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нәшарлап, хал харап боп,
Қазағым, енді жату жарамасты!
«Жәдитшілдік» идеясы және Абай философиясымен сусындай кемелденген Мағжан Жұмабай, «Сағындым» жырында адамның өлуші, бірақ, халықтың өлімсіз екендігін ашық түрде тілге тиек еткенде, «халық» ұғымын беретін Алашқа кіндік байлаудағы ыстық ықыласы, Алаш жолында тартқан азабы мен отан үшін өлімге риза екендігін өмірімен және өлімімен көрсетпеді ме? Мінекей, бұл – сөз түгесілетін сәт:
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.
«Рухани жаңғыру» идеясы аясында Ұлы Далада жасалған әрбір қадам тек қана Қазақстанға ғана емес, бүтін Түрік Дүниесіне дем береді. 1300 жыл бұрын ескерткіш тастарда, соңыра 11-ғасырда жазылған Махмұт Қашқаридің сөздігінде, «Құтты Білікте», 15 ғасырда Науаиде ұлттың аты Түрік, тілдің аты Түрікше еді. Бұрынғы Кеңес әлемінде болса, барлығын қамтитын бір Түрік ұғымынан сөз қозғалмайды. Ол кезеңде айырушы бір тіл қолдану арқылы Түрік – Түркия Түріктері мен бұрынғы Османлы азаматын, Түркі – Кеңес иелігіндегі Түрік халықтарын бейнелейтін. Ұлы Дала жүз жыл бұрын Түркістан жырымен шыңға шыққан, тек жазылған жерінде ғана емес, бүтін Түрік Дүниесінде көңілдерге қозғау салған Мағжан ақынымызға айрықша алғыстың міндетті борыш болғандығын тілге тиек еткендей:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.
Олардың жазған және жазатын әрбір дерегі күллі түрік әлемінің көзін ашты және аша береді.
Әдебиеттер:
AKKULI, Sultanhan vd. (2017). Alaşorda Ükimetinin Kurılğanına 100 Jıl Alaşorda Fotoalbomı, Almatı: “El-şecire”.
ISIMAKOVA, Aygül (2009). Alaş Adebiyettanuvı, Almatı: “Mektep”.
ORALTAY, Hasan (1973). ALAŞ Türkistan Türklerinin Milli İstiklal Parolası, İstanbul: Büyük Türkeli Yayınları.
Хулия Касапоғлы Ченгел,
Анкара Хаджы Байрам Уәли университеті Түркият зерттеу орталығының директоры, профессор
Дереккөз: "Тіл және Қоғам" алманағы