ҚОСТАНАЙДА ШЕБЕРЛІК САБАҒЫН КӨРСЕТТІ
Тәжірибе алмасу мақсатындағы алғаш рет өткен бұл іс-шараға «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы мұрындық болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізінен республика бойынша тілдерді оқыту орталығының атқарып жатқан жұмыстарын таныстыруды көздейді. Бұдан басқа заман талабына сай білім берудегі оқытушылардың өзара тәжірибе алмасу, ой бөлісу және әріптестік қарым-қатынас орнатуына жол ашады. Алқаға арналған ашық бас қосу «Шебердің қолы ортақ» көрмесімен ашылды. Іс-шараның келесі бөлігінде қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары шеберлік сабақтарын көрсетіп, пікір алмасты.
«Ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйретудің табысты тәжірибесі бар, сол себепті ағылшын тілі мен орыс тілін салыстырмалы түрде алып, қазақ тілін оқытудың әдістемесін алға шығарып отырмын. Себебі, қазақ тілі – жалғамалы тіл. Алдыңғы екі тілдің қазақ тіліне қарағанда, сөздің алдында тұратын көмекші сөздер, префикс сияқты ерекшеліктері бар. Сондықтан бұл тәсіл қазақ тілінің жалғамалы тіл екенін үйрететін әдіс болып табылады», – деп ой бөлісті әріптесіміз Айгүл Әділбекқызы.