«ТАҢШОЛПАНДА» ӘҢГІМЕЛЕП БЕРДІ

26.06.2023

2023 жылғы 26 маусым күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Тіл НUB инженер-бағдарламашысы Бауыржан Серікбайұлы «Таңшолпан» бағдарламасына қатысып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жан-жақты өріс ашатын сөйлеуді мәтінге түрлендіру жобасы жөнінде әңгімелеп берді.

Ғылым және жоғары білім министрі кез келген аудиожазбаны қазақ тілінде сауатты, сапалы мәтінге айналдыра алатын бұл телеграм-бот туралы ақжолтай хабарды жақында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жария еткен-ді.

Бауыржан Серікбайұлының айтуынша, жоба Microsoft Azure интеграциясы арқылы Telegram-бот Speech-To-Text технологиясы негізінде жасалыпты. Жобаны түрлі бағытта қолдана аласыз. Мәселен, құр босқа әуреленіп, ұзақ-сонар жиналыстардың хаттамасын бұрынғыдай жарыса жазып отырудың орнына, лезде дайын аудиоматериалды ботқа жүктеп, мәтін түріндегі нұсқасын ала аласыз.  Тіпті дауыс айқын болып, сөз шегеленіп айтылса, айту жылдамдығы дұрыс сақталса, тыныс белгілерін де қойып береді.

«Әлбетте, өнім әлі жетілдіріледі. Жақында түрлі форматтағы mp3, wav, mp4 аудиоматериалдарын файл түрінде енгізу мүмкін болады. Жобаның веб-нұсқасы да шығып қалады. Демек, мобильді құрылғы арқылы ғана емес, веб интерфейс арқылы да жұмыс жасайды»,– деп ой қорытты Бауыржан Серікбайұлы.

Қазақ тілін дамытуға арналған өнімді қолдану үшін мына сілтеме арқылы өтуге болады:  https://t.me/kzstt_bot   

Көбірек тарату арқылы кеңінен танылуына атсалысыңыз!

Комментарии (0)
Оставить комментарий