ҚАЗАҚ ТІЛІ ТАБИҒИ ТҮРДЕ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Елім дегеннің бәрі тәуелсіздік алғалы бері «Қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатыр!» деп дабыл қағып келеді. Ал қазақтың жаны – қазақ тілі. Бүгінгі таңда «Қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалмай ма?» деген түйткілді сұрақ ескірді. Демографиялық өсімнің арқасында бұл дерттен айықтық. Бұған 2021 жылғы ұлттық санақтың қорытындысы дәлел: Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың үлес салмағы жиырма пайызға жетпейді.
Бірақ технологиялардың, әсіресе медиакеңістіктің ұлғаюы, ғаламтор қолданысының кеңеюі нәтижесінде алдымыздан жаңа бір сұрақтар менмұндалап шығып отыр.
Яғни бұрын тілді сақтау мәселесі бірінші орынға шықса, қазір оның қаймағын бұзбай, заманға сай реформалау, ғылыми-технологиялық тіл ету түйткілі басты назарда. Біз көптің көкейінде жүрген сауалдарды «Qazaqsha zhaz» қозғалысының өкілі Жалғас Ертайға төмендегі сұрақтарды қойып, пікірін білуге тырыстық.
– «Тіл – тірі организм. Сондықтан ол өзгеріске ұшырап отырады, түрленеді» деп көп айтамыз. Теледидарды қосып қалсаңыз да, ғаламтор бетін ашып қалсаңыз да, оның сөз-сөйлемі осыдан он-жиырма жыл бұрынғымен салыстырғанда басқаша «сарнап» тұрғанын байқамау мүмкін емес. Осы орайда заңды сұрақ туады: ғылыми-технологиялық өнертабыстар тілдің дамуына қалай әсер етеді?
– Мен тіл маманы емеспін, сондықтан бұл туралы нақты тұжырым жасай алмаймын. Бірақ әрине, ақпараттық технологиялардың дамуы қазақ тілінің кеңірек етек жаюына ықпал ететіні көзге ұрып тұр. Себебі бұған дейін, ақпараттық технологиялар жоқ кезде, тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілінің қолдану, даму үдерісі өте баяу жүрді. Сондықтан мен ақпараттық технологиялардың дамуы қазақ тілінің дамуына ықпал етіп жатыр деп есептеймін.
Бұған негізгі себеп – демографиялық фактор. Яғни қазақ тілін негізгі тіл ретінде тұтынатын, отбасында, күнделікті өмірде қазақша сөйлейтін отбасылар көбейіп келе жатыр. Мысалы, жоғарыда өзіңіз де айттыңыз, 2021 жылы ұлттық санақ болды. Дегенмен соған үңілетін адамдар аз секілді. Өйткені санақ қорытындыларына қарасақ, өте қызық мәліметтерге тап боламыз. Бірінші мәлімет: Қазақстанның 50 пайызға жуық тұрғыны күнделікті өмірде айналасымен қазақ тілінде ғана байланыс жасайды екен. Екінші ақпарат: Қазақстанның 80 пайызы қазақ тілін біледі және тұтынады деген ақпарат бар. Қалған 30 пайызы қажетті жағдайда ғана қазақша сөйлейді. Демек, еліміздегі қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны 80 пайыз деп толық сеніммен айта аламыз.
Мұнда назар аударатын тағы бір жайт бар. Осынау санақ Ресей Украина жеріне басып кіргенге дейін жасалған. Дәл осы Украинадағы жағдай қазақ тілінің қолданысын одан сайын күшейтті.
– «Ескі» һәм «жаңа» қазақ тілін салыстыра-салғастыра отырып, заманға сай реформалау қажет пе, әлде бұл табиғи түрде жүзеге асатын құбылыс па? Қажет деп тапсаңыз, оның тетіктері қандай?
– Кез келген тіл – өзінен-өзі жүйелі түрде дамитын құбылыс. Оны біреу дамытуы немесе қоғамдағы кейбір құбылыстар тікелей әсер етуі де мүмкін. Меніңше, белгілі бір құрылымдар тілдің оң немесе теріс бағытта дамуына әсер еткісі келіп жатқан сияқты болып көрінгенімен, дәл қазіргі уақытта қазақ тілі өзінен-өзі хаостық жағдайда, басқарылмайтын жағдайда дамып жатыр деген қорытындыға келуге болады. Өйткені біздің адамзат тарихындағы бүкіл тілдің дамуы осы жолмен жүрген. Ал билік бұған оң да, теріс те ықпал етіп отырған жоқ.
– Уақыт талабына сай, «Көнерген сөздер» түсіндірме сөздігімен бірге «Кірме сөздер, неологизмдер» кітабы да қалыңдап бара жатыр. Кейінгі жылдары жаңа немесе термин сөздерді қай дәрежеде қазақшалап, қаншалықты деңгейде қолданысқа енгізе алып жатырмыз? Мұның салдары қандай болмақ?
– «Ескі» немесе «жаңа» сөз/сөйлемдердің қайсысын қолданғысы келсе де сол тілді тұтынатын адамның өз еркі. Ал бізде комиссия «мына сөзді былай қолданасыңдар» деп шешім шығарып, халық оны жаппай қолдап кетсе, сұрағыңызды логикалық түрде орынды деп айтар едім. Бірақ ондай жүйе бар ма?! Елімізде ондай комиссия бар да шығар, алайда олардың қолданысқа енгіземіз деген сөздерін өздерінен басқа ешкім (деп айтуға болады) қолданбайды.
Қазір қазақ тілінің қолданыс аясын ұлғайту туралы айтатын адамдардың негізгі мақсаты – термин сөзді анықтау немесе қанша адам қазақ тілінде, қанша адам басқа тілде сөйлейтінін анықтау емес, қазақ тілін үйретудің методологиясын анықтау. Ал биліктің міндеті – тілдің нақты қолданыс функцияларын зерттеу-зерделеу, қоғамдық орында мынадай, мемлекеттік қызметте анадай, сот жүйесінде пәленше, бизнес пен тұтынушы арасынды түгенше сөз қолданылып, стилистикасы осыған сай реттеледі деп қалыпқа түсіріп беру. Билік бірізділікке түсіріп бермесе, біздің айтқан сөзіміздің бәрі бос әңгіме болып қана қалады. Себеп пен салдарды шатастырып алмайық. Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге тиіспіз.
– Заманауи қазақ тілі туралы сөз болғанда, заманауи көркем туындылардан аттап кете алмаймыз. Алдағы уақытта жазылар көркем шығармалардың тілдік өлшемі қандай болмақ?
– Жоғарыда айттым, мен бұл саланың маманы емеспін. Дегенмен мынаны түсінуіміз керек: кез келген тіл ескіреді, кез келген дәуірдің өз тілі болады. Мәселен, Мұхтар Әуезов қазіргі заманда ғұмыр кешсе, шығармаларын қазір біз оқып жүргендегідей емес, басқаша жазар еді. Өйткені автордың өмір сүрген дәуірі оның тіліне әсер етпей қоймайды.
Мұны орыс әдебиетімен түсіндіруге болады. Мысалы, шартты түрде алар болсақ, Пушкиннің тілі, Чеховтың тілі, Бродскийдің тілі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Үшеуі орыс тілінде жазғанымен, үш түрлі, тіпті бірін-бірі түсінбейтіндей деңгейде жазды.
Егер біз өмір бақи тек Әуезовтің тілімен ғана жазамыз десек не болады? Дүкенге барсаңыз, тоңазытқыштан мұздатылған жемістерді көресіз. Ол – жазда теріліп, қатырылған, содан соң қыста сатылатын жеміс. Соның дәмін татып көріңізші, сіз шынайы құлпынай жеп отырғандай боласыз ба, әлде құлпынай дәмі бар мұз жегендей боласыз ба? Бұл да сол секілді дүние. Себебі жаңа піскен құлпынай мұздатылған құлпынайдан әлдеқайда жақсырақ. Сондықтан жаңа заманның оқырманына «мұздатылған» Әуезовтің тіліне қарағанда «жаңадан піскен» жазушылардың тілі қызығырақ деп ойлаймын.
– Бірнеше жыл бұрын «Qazaqsha zhaz» қозғалысын құрдыңыздар. Аталмыш қозғалыс әлеуметтік желілердегі контенттің қазақшалануына қалай ықпал етті немесе қалай ықпал етіп жатыр?
– О баста айтқанмын, біздің қозғалыстың негізгі мақсаты – қозғалыс мүшелерімен жабылу. Біз дамуды көздемейміз. Қазақ тілі бізсіз-ақ жететін жеріне жетер еді. Қозғалысты бастағанда осы үдерісті тездету үшін көмектесуге тырыстық. Бар болғаны сол ғана.
Бұрын әркім өз қалағанынша, өз алаңында әрекет етсе, «Qazaqsha zhaz» солардың бәрін қосып топ құрды. Біз жүйелендіруге ғана ықпал еттік. Өзін осы қозғалысқа мүше санайтын адамдар әлеуметтік желілерде жұмыла күш салып, компаниялардың қазақша жазуына әсер ете бастады. Сәйкесінше, біздің ұжымның жеткен жетістігі қоғамдағы адамдардың фанатизмін ояту болды деп ойлаймын. Әрекетіміздің ең негізгі нәтижесі – осы.
Бұрын көп кісі асханалар мен мейрамханаларға немесе сол сияқты ойын-сауық орындарына барып қазақша ас мәзірін сұрауға болатынын, олардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі міндетті екенін білмеген болуы мүмкін. Қозғалысымыз үшін мақтанатыным осы, біз – сондай адамдардың санын азайттық. Біздің мақсат – қазақша сөйлеуді талап етуге болатынын түсінетін адамдар тобын құрастыру.
– Сұхбат бергеніңіз үшін мың алғыс! Еңбегіңіз жана берсін. Тілге бірге қызмет етейік!
Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ