Жүсіпбектің «Мәдени кіндігі»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды» деп айтқан еді. Шынында да, алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолында атқарған істері әлі зерделеуді қажет етеді. Жүсіпбек Аймауытұлының өміріне қатысты төмендегі дерек те осыны айғақтайды.
Жүсіпбек Аймауытұлының ұйытқы болуымен Әулиелі Қызылтау өңірінде ашылған «Мәдени кіндік» жайында естігеніңіз бар ма? Ғасыр бұрын тыңнан тұрғызылған тарихи ауыл ғылыми тұрғыдан мүлде зерделенбеген орынның бірі. Алаш ардақтысының идеясымен дүниеге келіп, жүздеген қазақ баласының сауат ашуына негіз болған рухани мекен бүгінде елеусіз жатыр.
Жуықта өңірлік «Алаш зиялыларының ізімен» атты экспедиция мүшелері Әулиелі Қызылтауда болып, Жүсекеңмен байланысты мұраларды зерделеп қайтты. Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Баянауыл аудандық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған рухани сапарға аталған музейдің басшысы Ербол Қайыров, Әлкей Марғұлан атындағы ППУ-дың ғалымдары Әділбек Әміренов пен Мұрабек Омаров, жергілікті өлкетанушылар Рамазан Нұрғалиев пен Мақсұтбек Көпжасаров қатысты. Алаш ардақтысының 135 жылдығы қарсаңында тұлғаның туған жерінде қолға алынуға тиіс шаруалар баршылық екенін көзіміз көрді.
Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда Баянауыл жеріндегі жас өрендердің білім алуына айрықша назар аударған. Бұған дейін қазақ даласында жұт болып, малынан айырылған халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуымен Қызылтау өңіріне жинайды. Жергілікті байлардың демеушілігімен ас-суы, жатар орны ұйымдастырылып, жүздеген қазақ баласының аман қалуына себепші болыпты. Осы кезеңде Жүсекең және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. Көнекөз қариялардан қалған, ауыл арасында айтылып жүрген әңгімелерге сенсек, 1921 жылы Алаш ардақтысы жергілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Соңынан ағылып келіп жатқан баланың көптігін ескеріп, «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, жатақханалар бой көтереді. Атап айтқанда, қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора салынады. Біраз уақыт өткен соң бұл арада саман кірпіштен салынған кәдімгідей ауыл пайда болып, ауылдың батыс бөлігінде мал ұстайтын қоралар тұрғызылған. Мұндағы мақсат – байлар жиып берген малды осында бағып-қағып, интернатта жатып оқитын балалардың ішер асын тұрақты ұйымдастыру.
Мешіт-медресе орны
«Көмек көрсеткен байлардың арасында сол заманның ірі меценаттары ретінде Текебай мен Түйебайдың есімдері айрықша аталады. Текебайда бала болмай, Жүсіпбектің ақылымен ол жетім балалардың бірнешеуін өз тегіне жазып алған екен. Содан жылдар өте Текебаевтар әулеті көбейіп шыға келген. Олардан қалған жұрағат бүгінде аз емес. Ал Текебай мен Түйебайдың дүние-мүлкі кейін кеңес өкіметімен кәмпескеленіп, өздері Ресейдің Қарасуық өңіріне жер аударылып, сол жақта өмірден өткен. Ел арасында бұл жер «Мәдени кіндік» деп аталған. Біздің жастық шағымызда «Мәдени» деп қана атайтындықтан, ескі қоралардың бірі екен деп ойлап жүрдік. Жер атауы кісі есімімен байланысты болар деп жорамалдап келгеніміз де рас. 1999 жылдың жаз айында Баянауылдан шыққан жеті генералдың бірі, соғыс ардагері Самат Бәкіров Қызылтауға арнайы келді. Жол көрсетіп, жанында жүрдім. Қозған елінің атақты болысы Ағаш аяқ Мұстафаның зиратында болып, дұға еттік. Бұл аумақта қозған руынан шыққан белгілі тұлғалар, Бармақбай, Кәркей, Нұржанбай, Мәуке, Лекер және Мысықбай қажылар жатыр. Бір сәт генерал маған «Мәдени кіндікті» көрсет деді. Жолай ол жердің қандай маңызы бар екенін білмейтінімізді айтып, әңгімелеп беруін сұрадым. Сөйтсек, Самат Бәкірұлы жастайынан жетім қалып, осында жан-жақтан жиналған қазақ балаларының арасында өсіп-өнген. Сонда Самат ағаның толғана сөйлегені есімде қалыпты. Қаншама жас баланың Жүсіпбектің қамқорлығының арқасында тірі қалғанын жеткізді. Самат ағаның өзі 1925 жылы туған. Жүсіпбек құрған мектепте білім алып үлгермесе де, әлгі ауылда жетілген. Сол жерде маған барлық ғимараттың орындарын нұсқап, көрсетіп берген еді. Міне, содан бері «Мәдени кіндіктің» тарихи маңызын түсіне бастадық, дейді өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев.
Осы орайда жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлына хабарласып, «Мәдени кіндікке» қатысты өзі білетін деректерімен бөлісуді сұраған едік. Алаштанушы ол жөнінде ешбір архивтік құжаттар жоқ екенін, тек сол замандағы кейбір жайттарды ескерсек, Жүсіпбектің аталған білім ошағын құруға атсалысуы әбден мүмкін екенін жеткізді.
«1921 жылы Жүсіпбек Қызылтау өңірінің бір топ жас өренін, ішінде Абзал Қарасартов бар, Орынборға алып барып, рафбакқа оқуға түсіреді. Алаш ардақтысының өз туған жеріне деген қамқорлығы ерен болған. Сондықтан «Мәдени кіндік» сияқты ауыл мектебін ашуға ұйытқы болуы әбден ықтимал. Әрі бұл кезеңде жер-жерде мектептер ашу мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. Тұлғаның өзі жазған өмірбаянында, тергеу ісіндегі құжаттарда «Мәдени кіндік» туралы ешбір дерек кездеспейді. Заманында Жүсіпбектің жан-жақты болғанын, туған жеріндегі белгілі тұлғалармен, соның ішінде Мәшһүр Жүсіппен үнемі байланысып тұрғанын ескерген жөн. Ауыл балаларының жергілікті жерде білім алуына жағдай тудыру үшін салынған әлгі мектеп Жүсіпбектің қолтаңбасы болуы әбден мүмкін», дейді Нұржан Қуантайұлы.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Қызылтау елі үшін рухани ошаққа айналған бұл жер қазіргі Жүсіпбек Аймауытұлы пен Лекер ауылдарының ортасында, жанынан сарқырап өзен ағатын жазық жерде орын тепкен. Таяу жерде кезінде ағылшындар қазған көмір, алтын, күміс, молибден кеніштері бар. Кенішті бойлай қонған қазақ ауылы көп болған. Әуелгі мақсат – соларға жақын жер іздеу. Аумақ Қарамолла мен Қызылтау болыстарының балалары үшін келіп оқуға тиімді еді. Бұл – «Мәдени кіндіктің» болғанын растайтын екінші дәлел.
Үшіншіден, географиялық картада бұл жер кеңес өкіметі тұсынан «Мадани» («Мәдени») деп көрсетіліп келеді. Жер-су атауының не себепті бұлай аталуына қатысты ешбір жерден нақты дерек кездестіре алмадық. Ғаламтордағы жерсеріктік карта арқылы қарағанымызда ауылдағы ғимараттардың реттілікпен, екі көше етіп салынғаны байқалады. Ол заманда тұрғызылған білім ошақтарының көбі «П» әрпі пішініне сай келеді. Рамазан Дінісұлының көрсетуімен жер жағдайын шолып шыққанымызда, мұндағы мектеп пен жатақханалардың «П» әрпіне ұқсас екені көзге түсті. Мектеп орны деп көрсетілген ғимараттың іргетасының ұзындығы – 46 қадам, ені 32 қадам болып шықты. Ғимарат он алты бөлмеден тұрған. Қабырғалары кезінде саман кірпіштен өріліп, төбесі бөренемен жабылыпты.
«Жүсіпбек бір жылы Орынбордағы Қазақ ағарту институтын тәмамдаған қазақтың ұл-қыздарының бір тобын «Мәдени кіндікке» алып келіп, оқытушы еткен екен. Бұл деректі ауылдағы қариялардан естідім. Мектептің жұмысы негізі 1922 жылы басталған. Ол уақытта қос болыстықта қанша бала болғаны туралы қолымызда нақты мәлімет жоқ. Дегенмен қазақ отбасыларының көбі өз балаларын осында оқуға бергенге ұқсайды. Мектеп пен жатақханалар 1928 жылға дейін үзбей жұмыс істеп келген. Өкінішке қарай, Жүсекең ұсталған соң жергілікті шолақ белсенділер оны жауып, таратып жібереді. Дүние-мүлкі таланып, ғимараттар қиратылып, кірпіші аудан орталығына тасылып, онда шаруашылық нысандарын тұрғызуға пайдаланылады. 1954 жылы тың игеру басталғанда бірнеше ғимарат қалпына келтіріліп, асхана ретінде ұсталған. Архивтік құжаттарда бұл жер «Культпункт» деп аталады» деп әңгімесін жалғастырды Рамазан аға.
Өкініштісі, «Мәдени кіндік» – бүгінде еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс басшылығы тарапынан еленбей отырған тарихи жер. Рамазан Дінісұлы бұл жерді қоршап, басына белгітас орнатып қоюды ұсынады. Белгітас кітаптың ашылған қос парағы тәріздес етіп жасалып, тарихи мекеннің маңызы туралы жазылып қойса дейді ол. Бұл бойынша жазып, сызып қойған жобасы мен мәтіні де әзір тұр. Тек қаражат жоқ. Белгітастың өзін жасатуға, мұнда жеткізіп орнатуға шамамен 800 мың теңгедей қаражат қажет болып қалар деп шамалайды.
«Жүсіпбек Аймауытұлын ұлықтауға қатысты жұмыстарға қарнымыз ашады. Кезінде мемлекет қайраткері, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары (1996-1997 жылдары) болған Дүйсенбай Дүйсеновтің қолдауымен Баянауыл ауданы орталығында Жүсіпбектің бюсті орнатылған. Алайда бюстің тұғыртасы граниттен қойылғанымен, ескерткіштің өзі кәдімгі гипстен жасалыпты. Қазіргі күні мәдениет үйінің алдында тұрған сол бюстің сұрқы кетіп қалған. Даналар даңқы алаңында Жүсіпбектің ескерткішімен қатар, академиктер Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Әбікен Бектұровтың тастан қашалған бюстері тұр. Солардай етіп тастан жасалса. Үшінші бір мәселе, Жүсіпбектің әкесі мен ата-бабалары жатқан зиратты заманға сәйкес қоршауға бүгінде мән берілмей отыр. Төртіншіден, Жүсіпбек дүниеге келген жердегі белгітастың жазуын жаңалап, іргетасын дұрыстау керек. Ол тас 1989 жылы қойылып, «Бұл жерде қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, ғалым-педагог Жүсіпбек Аймауытұлы 1889 жылы дүниеге келді» деп жазылған. Асығыстау жасалған дүние ме, тас топыраққа дұрыс бекітілмепті. Жан-жағы шайылып, жыл өткен сайын еңкейіп барады. Жазу түсірілген тақтатасы да ортасынан қақ айырылып, оны темір құрсауға салып қойдық. Аталған мәселелерге аудан ғана емес, облыс басшылығы да назар аударуы керек деп есептейміз. Ұлылар туған жерде Жүсіпбекке қатысты белгілердің жетімсіреп, кенеуі кетіп тұрғаны жараспас. Биыл ауылды аудан орталығымен байланыстыратын күре жолға асфальт төселіп жатыр. Ел-жұрттың жол азабынан құтылатыны қуантып отыр. Алайда Жүсіпбек Аймауытұлын сырттан іздеп келетін қонақтарға не көрсетеміз? Мәселе осында тұр. Оның үстіне келер жылы тұлғаның туғанына 135 жыл толады» деп қынжылады Рамазан Нұрғалиев.
* * *
Жүсіпбек туған қасиетті мекен ежелден «Әулиелі Қызылтау» өңірі деп аталады.
«Баянауыл, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңырақ, қой Маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдық,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай таудан асырдық.
Ақ Шәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алдырдық,
Қалмаққа ойран салдырдық.
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдық», –
деп Үмбетей жырау жырлайтын Қызылтау атырабы осы. Баянауыл өңірі бойынша ең биік нүкте де осында орналасқан (1055 метр). Қызылтаудың оңтүстік жағында «Құлан әулие үңгірі» бар. Аңызға сенсек, Құлан әулие адамдарға құлан, жануар бейнесінде көрінген екен. Кеңес өкіметі орнай бастаған жылдары шолақ белсенділердің бірі оны шиті мылтықпен жаралап, әулие өзге жаққа қоныс аударып кеткен деседі. Содан бері елден бақ ауып, жұрттың берекесі қашқан. Қызылтау аумағында ғұлама Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытұлы, сатираның сардары Қадыр Тайшықов, Абылайдың бас батырларының бірі Шотана батыр, ақын Сақау Мәукеұлы, атақты ат сыншысы Күреңбай Бекұлы, ірі дін қайраткері, Көкілташ медресесінің түлегі Қалимолла Жантоқаұлы, өзге де қазаққа аты мәлім тұлғалар дүниеге келген. Бұл жерден 18 шақырым жерде атақты күрескер ақын Мәди Бопауұлының (Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы мен Жүсіпбек ауылын Түндік өзені бөліп тұр), Әулиелі Сарыөлең жақта атақты алашордашы Сәлемхат Күленовтің дүниеге келген жерлері бар.
Бұл сапарымызда экспедиция мүшелері Рамазан ағаның көрсетуімен Жүсіпбек пен Мәшһүр Жүсіптің кіндік қаны тамған қоныстарына да арнайы бардық. Әуелі Дәндебай жазығындағы зират-қорымға ат басын бұрып, дұға жасадық. Мұнда Ж.Аймауытұлының атасы Дәндебай, әкесі Аймауыт (Оймауыт), шешесі Бәтима, ағасы Ахат, Аймауыт інілері – Оспан, Иса, басқа туыстары жерленген. Молалар маңайы расында жүдеп, айналасын мал тезегі басып кеткен. Ал «Дәндебайдың Сарышоқысы» деп аталатын жердегі Жүсіпбек туған қоныс та ескерусіз жатыр. Ондағы белгітас жайында жоғарыда айтылды. Жалпы Дәндебайдан бес ұл тарайды: Оймауыт, Торғауыт, Әбдіраман, Оспан, Иса. Оймауыттан Жүсіпбек туған. Жүсіпбектің шын есімі – Түсіпбек екенін де білген абзал. Ел аузында «Оймауыттың Түсіпбегі» аталған.
Экспедиция мүшелерін ерекше қызықтырған тарихи орынның бірі – шамамен 1911-1912 жылдары хазірет Әбілдә Исабекұлы салдырып, бала оқытқан мешіт-медресе орны. Бұл діни оқу орнында заманында Жүсіпбек, жазушы, атақты сатирашы Қадыр Тайшықов сауатын ашады. Әбілдә хазірет Бұқарадан керуен тарттырып, 10 түйемен 10 мәрте барғызып, үйіп-төгіп діни кітап алдыртқан. Сонда түйеден түсірілген кітаптар атырапты алып жатады екен. 1936 жылы большевиктер медресені талқандағанда, жұрт оның ішінде қаланып тұрған құран кітаптың барлығын Қадырдың атасы Тайшықтың моласына апарып үйген. Тайшық атаның кесенесі биіктеу әрі үсті ағашпен жабылғандықтан, кітаптар ұзақ жылдар бойы сақталып келіпті. Алайда кейін төбесі жанып кетіп, кітаптар бүліне бастаған соң жергілікті азаматтар бүтін қалғандарын үйлеріне тасып алып кеткен. Жүсіпбек ұстаған құран кітаптың бірін Рамазан Нұрғалиев аман сақтап қалып, Баянауылдағы Мұса мырза мешітіне тапсырыпты. Әлгі кітаптың алғашқы бетіне белгісіз біреу латын әліпбиімен медресенің өртелген уақытын жазып қалдырған. Тарихи жәдігерді сапар соңынан Баянауыл ауданының бас имамы Саян Қожин Бұқар жырау музейінің директоры Ербол Қайыровқа ұстатып жібергенін айтып өтейік.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Әулиелі Қызылтау мекені