Қазақстан алғаш рет Лондондағы кітап жәрмеңкесіне қатысты

18.04.2018

Лондондық кітап жәрмеңкесі аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының таныстырылымы және қазақ әдебиетінің классиктері Оралхан Бөкеев және Герольд Бельгер, Әуезов шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті.

Айта кету керек, қазақстандық тарап мұндай ірі шараға алғаш рет қатысып отыр.

«Баспа қауымдастығының басты жиынына айналған лондондық жәрмеңке 47 жыл бойы әлемдік кітап нарығының қатысушыларын жинап келеді. Бұл жолы олар іскерлік байланыстар орнатып, ақпарат алмасады. Кітап ісінің шебері атанған 23 мың маманның қатарына биыл қазақстандықтар да қосылды», - деді тілші Ғалымжан Қараманұлы.  

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымы кезінде латын графикасына көшу, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты ірі жобалар туралы кеңінен баяндалды.

Кітап жәрмеңкесі кезінде қазақ әдебиетінің классиктері Оралхан Бөкеевтің «Кісі киік» және Герольд Бельгердің «Таңдамалы шығармаларының», Әуезовтің «Қаралы сұлу және басқа да әңгімелерінің» тұсаукесері де өтті. Олардың барлығын ағылшын тіліне Қазақ ПЕН-клубының ықпал етуімен британдық аудармашылар Саймон Холлингсворт пен Саймон Гейган аударып шықты. 

«Біз қазақшадан емес, орыс тілінен аудардық. Бірақ орысша аудармасын Әуезовпен қоян-қолтық жұмыс істеген оның жақын досы Андрей Пантелеев жасаған. Сондықтан бұл түпнұсқаға өте жақын», - деді аудармашы Саймон Гейган.

Іс-шара британиялық оқырманның зор қызығушылығын туғызды. Оған белгілі баспа үйлерінің жетекшілері, British Council өкілдері мен жергілікті журналистер қатысты.  

«Бұл кездесуге келмес бұрын маған Мұхтар Әуезовті ағылшын тілінде оқу бақыты бұйырды. Меніңше, бұл өте керемет еңбек. Және мен үшін бүгін осында келіп, авторлар жайлы көбірек білу үлкен қуаныш. Енді олардың басқа да еңбектерін оқимын», -деді ВВС телеарнасының тілшісі  Роберт Гринал.

Қазақстан Лондон жәрмеңкесіне тұңғыш рет қатысып отыр. Ұлттық стендке «Мектеп», Ұлттық аударма бюросы және «Алматы Кітап» баспаларының өнімдері қойылды.

«Жалпы алғанда Қазақстанға деген қызығушылықтың бар екенін аңғаруға болады. Халық келіп, сұрақтар қойып жатыр. Әрине мұндай мүмкіндіктің пайда болғанына өте ризамыз. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне үлкен рахмет», - деп түйіндеді сөзін «Алматы Кітап» баспасының коммерциялық директоры Олеся Жир.

Дәл осы күні лондондық оқырман назарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобасы ұсынылды. Қазақшаға аударылған оқулықтардың қатарында британиялық авторлардың да еңбектері бар. 



Комментарии (0)
Оставить комментарий