Қазақ тілін оқытудың тұжырымдамасын жасау керек

11.07.2023

Қазақ тілінің қолдану аясы туралы көп айтамыз. Бірақ орта мектепте біз сөз етіп отырған тілдің оқыту жүйесі қандай? Бұл сауалға жауап беру үшін біраз мәселелерді қаперге алуға тиіспіз.

Расын айту керек, әлі күнге дейін қазақ тілін оқытудың тұтас жүйесі жасалмаған. Бүгінгі күні орта мектептегі қазақ тілі (Т1), орыс мектебіндегі қазақ тілі (Т2), ЖОО-ларда оқытылатын қазақ тілі, ересектерге (мемлекеттік қызметшілерге) оқытылатын қазақ тілі, шет тілі ретінде оқытылатын

қазақ тілі, ана тілі ретінде оқытылатын қазақ тілі, екінші тіл ретінде оқытылатын қазақ тілі және т.б. деп қазақ тілі пәнін оқытуды ту-талақай етіп жүрміз. Бұлар деңгей ме, әдіс пе, түсініксіз?!

Біздің ойымызша, қазақ тілі пәнін оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіреді және мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың негізі. Мұнда оқытылуына ең көп сағат бөлінген қазақ мектебіндегі қазақ тіліне түсетін салмақ орасан зор. Қазақ мектебіндегі қазақ тілі пәнінің мақсаты:
1. Дұрыс, шебер сөйлеуге үйрету (барлық стильде ауызша мәтін тудыру дағдысын жетілдіру);
2. Сауатты жазуға үйрету (барлық стильдің жанрларында жазбаша мәтін тудыру дағдысын қалыптастыру);
3. Қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай лингвистикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын, құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу);
4. Ұлттық дүниетанымын қалып­тастыру (тіл арқылы ұлттық құнды­лықтарды сіңіру, аялық білімді мең­герту, әлемді қазақ тілі арқылы тану).
Біз бұл мақалада осы төрт мақсатты тарқатып айтпақпыз.
Басты мақсатымыз – шебер сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету. Әрине, орта мектепте лингвистикалық білім де өз деңгейінде берілуі керек. Бірақ лингвистикалық білім бұрынғыдай білім мазмұнының өзегі болмауы қажет. Бұрын қолданылған дәстүрлі бағдарламада лингвистикалық білім былай оқытылатын еді:
– Бастауышта фонетика, лексика, грамматика бойынша жалпылай түсінік беру;
– 5 сыныпта лексика, фонетика;
– 6 сыныпта сөз таптары;
– 7 сыныпта сөз таптарының түр­ленуі;
– 8 сыныпта сөйлем;
– 9 сынып пунктуация;
– 10 сыныпта тіл мәдениеті;
– 11 сыныпта шешендік өнер;
Бұлай оқытудағы кемшілік – күрделендіре қайталау әдісі жүзеге аспай қалады. 5 сыныпта фонетиканы өтті ме, 11 сыныпқа дейін қайталанбайды. Функционалдық сауаттылыққа жету үшін тек фонетика ғана емес, тіл деңгейлері түгел үнемі қайталанып отыруы керек. Сөйлеу, жазу кезінде жіберілген қателерді үнемі сол жерде түзеп отыру – дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу дағдысын қалыптастыру кепілі.
Орта білім жүйесіне 1916 жылдан бастап енген жаңартылған бағдарламада кемшілік баршылық. Алайда оның қазақ мектептеріне орыс мектебімен бірдей басты мақсат етіп, коммуникативтік дағды қалыптастыруын бірінші кезек етіп қоюын дұрыс деп есептейміз. Орта мектептегі қазақ тілі пәнінің жалпы мемлекеттік тілді оқыту жүйесіндегі орны көрсетілген (кестеде).
Байқап отырғанымыздай, қазақ тілі бірнеше сатыда оқытылғанымен, басты мақсаты екеу:
1. Коммуникативтілік дағды қалып­тастыру;
2. Академиялық білім беру.
Академиялық білім колледжде­ріндегі бастауыш мектеп пен филология мамандықтарын дайындайтын студенттер мен жоғары оқу орындарындағы жаппай С2 (қазақ тілін білудің ең жоғары) деңгейін меңгерген студенттерге және филология мамандықтарында оқитын студенттерге, сондай-ақ С2 деңгейін меңгерген қызметкерлерге берілуі тиіс. Әрине, бұларға функционалды сауаттылықты көздейтін арнайы оқу бағдарламалары түзіледі.
Тіл дамиды, оны дамытатын – жеке адам. Жеке адам жүйедегі құралдарды икемдеп, басқа мағынада жұмсап, жаңа өң беріп қолданады. Мұның өзі кейде кемшілік, кейде артықшылық болып шығады. Кемшілік болатыны – кейбір жеке қолданыстар көпшіліктен қолдау таппай, заңдылыққа айнала алмай, тіл жүйесіне ене алмай, сол қолданылған жерде қалады. Артықшылық болатыны – тілдің жеке адамдардың шығармашылығы арқылы дамуы. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәрін жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт ұстазының «Тілдің міндеті ... жарау» дегені – тілдің (жүйенің) ішкі мүмкіндігі (потенциалы) шексіз дегені. Ал «жұмсай білетін адамы табылса» дегені – тілді сөйлеу (речь) арқылы дамытатын жеке адам дегені.
Қазақ тілін дамытатын, оны өз саласына жетектеп апаратын сол жерде кәсіби қазақ тілін, терминдік аппаратын қалыптастыратын осы санаттағы мамандар. Сол үшін оларға лингвистикалық арнайы білім берілуі керек. Кейбір білгішсымақтар тілдің дамымай жатқанына филологтар кінәлі дегенді айтып жүр. Бұл жерде басты кінәні Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатын өз дәрежесінде жүргізе алмай отырған, тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз жыл өтсе де, қазақ тілін дәл осылай жүйелеп оқытуды ұйымдастыра алмай отырған Үкіметке арту керек.
Кестеден байқағанымыздай, орта мектептегі қазақ тілінің мақсаты – алдымен, коммуникативтік дағды қалып­тастыру. Бұл жоғарыда келтірілген мақсатта да алғашқы (бірінші және екінші) орында тұр. Онда грамма­тиканы оқыту да айтылған, бірақ дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуды қам­тамасыз етіп, екінші орында жүріп отыратындықтан, үшінші орында тұр. Бүгінгі басты мәселеміз – бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін баланың дұрыс сөйлеуі мен сауатты жазуына қажетті грамматиканы шиыршықтау әдісімен қалай жүйелеп беруге болады. Барлық лингвистердің бас қатыратын мәселесі осы болуы тиіс. Жаңартылған бағдарламада грамматикалық тақы­рыптар жүйесіз шашылып жатыр. Ал, бұрынғы деңгейлік грамматиканы оқыту жүйесімен жүру кестеде көрсетілгендей, академиялық білімнің мақсатына жатады. Ал біздің мақсат – бастауышта қарапайым сөйлемдерді тіл нормасына сай жазу, шағын мәтіндер тудыра алу, сұрақ-жауап диалогын жалғастыру, ойын толық жеткізе алу сияқты қарапайым міндеттерден тұрса, жоғары сыныпта барлық бес стильде күрделі (ауызша-жазбаша) мәтіндер тудыра білу дағдысын қалыптастыру.
Тіл ғылымында тілдің екі жүзге жуық анықтамасы бар. Ең қарапайымы – «тіл қатынас құралы». Ең күрделісі – «Тіл сол ұлттың ішкі мазмұны. Ұлттық құндылықтың, салт-дәстүрдің, мәдениеттің, өнердің ұлттық танымның, болмыстың, бәрінің-бәрінің сақталатын орны, жеткізілетін құралы». Яғни қазақ тілін терең меңгеру арқылы оқушы ұлт болып қалыптасады. Бұл қазақ тілін оқытудың төртінші мақсаты. Тілді толық меңгерту арқылы толық қазақ ұлтының өкілін тәрбиелеп шығару. Орта мектепте оған толық мүмкіндік жасалмаған. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілі пәніне мыңнан аса сағат бөлінген.
Алайда қазақ мектебінен ұлтшыл тұлғалардан гөрі әсіре шығысшылдар немесе әсіре батысшылдар көптеп шығып жатыр. Мұның екі себебі бар. Жоғарыда айтылған төрт мақсатты мың сағатта құйып тастайтындай бағдарлама жоқ. Екіншісі, мектепте осындай жалпыға бірдей тегіс керек білімді беретін пәнді меңгеру мен бағалаудың құқықтық талабы жоқтың қасы.
Қазақ тілін орта мектепте оқыту жөнінде жақында «Qazaq tili» халық­аралық академиясы мен Мемлекеттік тілді дамыту институты бірігіп «Орта мектептердегі қазақ тілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел де өткізді.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Рес­публикасының Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, оқулық және бағдарлама авторлары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, мектеп мұғалімдері, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, әдіскер ғалымдар, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. Онда мынадай тақырыптар талқыланды:
– Қазақ тілі пәні бойынша жаңар­тылған бағдарламаның кемшіліктері;
– Жаңадан түзетіліп ұсынылған бағдарлама жобасына қатысты ұсы­ныстар;
– Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндеттерін айқындау;
– Қазақ мектебінде грамматиканы оқытудың ұстанымы;
– Қазақ тілі пәнін оқытудың әдіс­темелік негізі;
– Қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік жүйесіндегі орны;
– Қазақ тілі пәнін меңгеруді бағалаудың құқықтық талаптары.
Бұл жиынның қарары тиісті орын­дарға жолданды. Жоғары жақ отыз жылдан соң оянып, қазақ тілін оқытудың тұжырымдамасын (концепсиясын) жасау керек деген ұйғарымға келіп отыр. Иә, ештен кеш жақсы. Үміт алда...

Бижомарт Қапалбек

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/62028

Комментарии (0)
Оставить комментарий