АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТАҒЫ БІР КІТАПШАСЫ ТАБЫЛДЫ
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жұрт байқамай жүрген бір кітапшасын тауып алдық. Бұл кітаптың табылуы тіптен қызық. Ат сабылтып, алыстан іздемедік. Өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылы біршама олжалы болды.
Ғалымның күні бүгінге дейін табылмай келе жатқан «Мәдениет тарихы» бастаған бірнеше кесек еңбектерін қоспағанда, оншақты мақаласы мен арыз хаттарының табылуы қуанышты жаңалық. Белгілі ғалымдар тобы құрастырған он екі томдық толық жинағы мен бес томдық академиялық толық жинағына бұған дейінгі көп томдықтарына енбеген жазбалар қосылған болатын. Ал біздің бүгінгі сүйінші жаңалығымыздың құндылығы сол – алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар Ұлт ұстазының бұл кітапшасын қатпары мол қалың қалтарыстардан сан рет өтсе де байқамай келген. 1988 жылы ғана жазаланғанына елу бір жыл толғанда ақталған Ахмет мұрасы жұртымен қайта қауыша бастады. Одан бері сан рет толықтырылып, сан рет ықшамдалып басылған ғалым еңбектерінің қатарында бұл шағын кітапша айтылмай келді. Оқырман асыға күтіп отырған жаңалықты алғашқы болып айту – біз үшін теңдессіз бақыт.
Ахмет Байтұрсынұлы И.А. Крылов шығармаларынан аударған «Қырық мысалы» әмбеге аян. Алайда осы «Қырық мысалдың» ішіндегі бір мысалы – «Маймыл мен көзілдірік» атты шығарма өзі жеке бір кітапша болып шыққанын кім білген?! Мінеки, ғалым аударған құнды еңбектің бір парасы басылым көргеніне 101 жыл өткенде табылып отыр.
«Маймыл мен көзілдірік» атты мысал кітапша 1922 жылы Ташкентте басылған. Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мекемесі жағынан басылым көрген бұл жәдігер Ұлт ұстазының көзіндей қымбатты мұра деуге болады. Кітапша өңді-суретті үлгіде басылған. Бас-аяғы 12 беттен тұратын кітапшаның жобасы кісінің көзін тартып, көңіліне түрлі ой салады.
Кітаптың мұқабасында жапатармағай ағаш басына өрмелеген маймылдар бейнеленген. «Маймыл мен көзілдірік» атты кітап атынан кейін «И. А. Крылов хикаясынан қазақшалап жазушысы А. Байтұрсынов» деп көрсетілген. Бұл беттің бір жағы жыртылған болса керек, кейбір сөздердің басқы буыны көрінбей қалған.
Кітаптың айқара бетінде әр жерінен сынған сары жапырақты ағаш бұтағының суреті өрнектелген. Бұл бетте де кітаптың атымен қоса, «И. А. Крылов хикаясынан қазақ тіліне алушы Байтұрсынов» деп көрсетілген. Мұқабада «қазақшалап жазушы» десе, айқара бетте «қазақ тіліне алушы» деп берілген. Осыдан кейін «Түркістан Республикасының баспа істерін басқару мекемесі» деп шығарушы орынның аты берілсе, одан төменірек орыс жазуымен «Ташкент, 1922 г.» деп басылған. Келесі беттен мысалдың мәтіні суреттермен қоса басылған.
Кітапшада сурет пен мәтін (өлең) бірге беріліп отырған. Қоңыр түсті маймылдың қимылына Ахаң аударған өлеңнің мазмұнының дөп келгеніне таңғалмау мүмкін емес. Суретшінің шеберлігі менмұндалап, маймылдың әр сәттегі көңіл күйін бет әлпетінен көрсетіп тұр.
«Маймыл мен көзілдірік» мысалының мазмұны да көптеген оқырманға белгілі. Маймыл көзілдірік пайдалы деген соң алып, бірақ қалай қолдану жолын білмей әлекке түседі, соңында оны сындырып тастайды. Мысалдың мәні: ақылы таяз адамдар өздерін басқадан ақылды санап, әр нәрсенің парқын білетіндей көрінуге тырысады, өздері түсінбейтін жайттарды, құны мен қажеттілігін ұқпайтын, өзі қолдана алмайтын заттарды сынап, жамандайды, сосын күш қолданып жоюға кіріседі. Маймыл ғылымдағы надан адамды бейнелейді. Білім де көзілдірік сияқты дұрыс қолдана білсең ғана пайдалы. Тәжірибесіздік, алысты көре алмау сырт көзге байқалып тұрады. Ел билеуші білімсіз болса, айналасына, елге қауіпті. Әр нәрсенің мәнін ұғып, талдап, салыстырып, түсіну қажет, білместікпен атүсті қарап, талқандауға жол беруге болмайды. «Жарымдық» деген сөзге надандық, қараңғылық қасиеттің мәнін сыйдырған. И.А. Крылов 1815 жылы мамыр айында қоғамдағы надандықты, білімсіздікті сынап, «Мартышка и очки» мысалын жазған. Мысалдың көлемі И.А. Крыловта 21 жол болса, А. Байтұрсынұлы оны 28 жол көлемінде аударған.
Кітапшаға мысал өлеңнің Ахмет аударған 28 жолы толықтай енгізілмеген. Соңғы бір шумақтағы аудармашының қорытынды ойы (төрт тармақ) алынып тасталған. Он екі беттік кітапшада суретті беттерге өлең шумақтарын орналастыра салмай, өлеңде айтылған мазмұнның суретпен бірдей шығуына аса мән берілгені байқалады.
Қартайып, нашар көрді маймыл көзі,
Ойлады ем етерге оған өзі.
«Көз азса, көзілдірік – емі», – деген
Тиетін құлағына жұрттың сөзі.
Бес-алты көзілдірік маймыл тапты,
Біразын құйрығына тізіп, тақты.
Қарады бірін иіскеп,
Бірін жалап.
Міне, осылай мысалдың мазмұнын толық білдіру үшін суретпен қоса кейде бірер сөз тіркесі ғана берілсе, ал бірде бірнеше шумақты түгел қосып отырған.
Қараңыз, маймыл не етті сонда тұрып,
Бір тасқа ұрды бәрін лақтырып.
Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма?
Күл-күл боп көзілдірік қалды сынып.
Айналасы 12 беттен тұратын кітапшаның әр бетін толықтай тәпсірлеп жатуды артық жұмыс деп санадық. Дегенмен шағын да болса шанағына шартарапқа үлгі боларлық салмағы қорғасыннан ауыр ой сыйдырған ұстаздың кітабына қайран қалудан жалығар емеспіз.
Алаштанушы ғалымдардың көрсетуінше, Ахмет Байтұрсынұлының 23 кітабы жарық көргені белгілі. Бүгінгі таңда ғылыми айналымда барының да, жоғының да қатарында біз тауып алған «Маймыл мен көзілдірік» кітапшасы жоқ. Демек, жалғаннан жазықсыз жаламен аттанғанша ұлтына қызмет еткен егей тұлғаның бір мұрасы табылды деп жар салудың әбестігі жоқ. Ахметтей арыстың бір кітабын қойғанда – бір парақ жазбасы, бір сөйлемі де ұлт рухына мәңгілік азық екені даусыз.
Сөздің реті келіп тұрғанда, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» туралы да толғақты ойды ортаға сала кеткенді жөн көрдік.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы алуан тақырыптарда кітап жазған кемеңгер екеніне ешкімнің таласы жоқ. Жасынан-ақ қаламгерлік пен аудармашылыққа төселген А.Байтұрсынұлы ағартушылық жолында жазған көптеген оқулықтарына дейін де талайлаған еңбектер жазып үлгірген.
Орыс тіліндегі кейбір басылымдарға тырнақалды мақалаларын жариялап, шығармашылықта шыңдала түскен А.Байтұрсынұлының тұңғыш аударма кітабы «Қырық мысал» (өлеңдер) 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Сөз иесі Крылов Иван Андреевич (1768-1844) деген ақынның мысал өлеңдерінен таңдап қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жинақтады. Кітап 1909 жылы баспадан шыққанымен, басылымның айқара бетінде берілген «Орысшадан қазақшаға 1901-1904 жылдарда тәржіме еткен: Ахмет Байтұрсынұлы» деген ескертуге қарап, қалам иесінің бұл кітапты мұнан әлдеқайда ерте аударып, баспаға дайындағанын шамалауға болады. Бұл кезде ақын – 28-30 жастар шамасындағы тепсе темір үзетін жалынды жас еді. А.Байтұрсынұлының бұл кітабының баспадан шығуының өзі небір бұралаң жолдарды басып өткен. Арада он жылға жуық басылмай тұрған кітап ақыры 1909 жылы жұртқа жария болған.
Кемеңгер ғалымның жастық дәуренінде тәржімалаған бұл еңбегі өзінің көзі тірісінде үш рет басылым көрген. Атап айтқанда, алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық Ғылым академиясы баспаханасынан жеке жинақ етіп жариялады; кейін 1913 жылы Орынборда «Каримов, Хусаинов» баспаханасында және 1922 жылы Қазанда «Татарстан» баспаханасында жарық көрді.
А. Байтұрсынұлы тек И. А. Крыловтың ғана емес, «Калила мен Димна», «Панчатантра», әл-Мукаффа, Эзоп, Федр, Ж. Лафонтен мысалдарына ортақ сюжет желісін қазақ ұғымына түсінікті тілмен жеткізген, ғибратты, көркем, тәрбиелік мәні басым сатиралық нұсқаларды да аударған. Ал бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Ахмет Байтұрсынұлы репрессияға ұшырап, оның есімін атауға тыйым салынған 1930-1940 жылдары да оның кейбір шығармалары балаларға арналған жинақтарда, оқу құралдарында есімі кейде көрсетіліп, кейде көрсетілмей жарияланғанын айтады зерттеушілер. Ал Ұлт ұстазы «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін де, Түркия Республикасы түгел түрікке ортақ осы бір тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерттеуін тоқтатқан жоқ. Қытайдағы қазақтардың оқулықтарында А.Байтұрсынұлы ақталмай тұрған өткен ғасырдың екінші жартысында да ол аударған мысалдар көптеп енгізіліп отырды.
Ақынның есімі ресми ақталғаннан кейін «Қырық мысал» мәтіні 1989 жылғы «Шығармалары» жинағына, 1991 жылғы «Ақ жол» жинағына, 2003 жылы бес томдық шығармалар жинағының І томына, 2013 жылғы алты томдық шығармалары жинағының І томына енген. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» 2022 жылы ғалымның он екі томдығына және академиялық толық жинағына енді. Өзге де көптеген жинақтарда «Қырық мысал» барынша қалыс қалмай келеді. 2004 жылы және 2008 жылы да жеке жинақ ретінде жарық көрген.
А. Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Б.Байғалиев, Р.Сыздықова, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, Ө.Әбдиманұлы, Қ.Мұхамедханов, С.Қирабаев, Д.Ысқақұлы, Р.Имаханбет, т.б. бірқатар ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Ал Т. Шаңбаев, М. Көпбосынов кандидаттық диссертация көлемінде зерттеді. Соншама көптеген жинақтарда «Қырық мысал» сан қайтара басылды. Соншама ғалымдар тобы Ахаңның бар мұрасын баптап, жоғын түгендеумен айналысуда. Ғасырдан астам уақыт құпия қойнауда жатқандай болған бұл кітапша – өзгенің емес, айналып келіп біздің алдымыздан шыққаны бір ғанибет.
Осылайша, Ұлт ұстазы, Алаштың теңдессіз көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалының» бір қиқымы іспетті бір кітапшасы табылды. Кітапты алыстан ат терлетіп іздемей-ақ, ғаламтордан тауып алдық. Анығырақ айтқанда, Қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың ресми сайтынан kazneb.kz/kk Ахмет мұраларының әлдебір нұсқаларын қарап отырып тауып алдық. Кітаптың түпнұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.
Ат басындай алтынға айырбастауға қимайтын ғалымның көз жанарындай құнды аударманы аталған сайттан бізден басқа ешкімнің көрмегені – әрі қуаныш әрі жұбаныш сыйлайды. Қуанатынымыз – қалай деген күнде де ғалымның бір мұрасының басылғанына бір ғасыр аунағанда біз тауып, оқырманнан сүйінші сұрап отырмыз. Қынжылатынымыз – аталған ресми сайттан бұл жәдігердің бетін ашып көруші ешкімнің болмағаны. Тұлғатануға келгенде көшіміздің баяулығы да жасыруға келмейтін олқы тұсымыз. Өзге елдерде болса, Ахметтей көшбасшысының әрбір парақ еңбегі мен жарық дүниедегі әрбір сәті жүйелі зерттеледі. Ал біздегі жағдай айтпасақ та белгілі.
Кітапшаның бет-бейнесіне қарап, бұл еңбек қазақ басылымдарының ішіндегі өңді-суретті басылымдардың алғашқы қарлығаштарының бірі деуге болады. Себебі басқа арыстар мен зиялылардың еңбегін айтпағанда, Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарық көрген ондаған кітабын түпнұсқадан зерделеген азамат ретінде, бұл қазірге дейін табылған Ахаң еңбектеріндегі жалғыз-ақ өңді-суретті басылым екенін кесіп айтамыз. Өңді-суретті басылымдар өткен ғасыр басында қазақ баспасөзінде мүлдем болмады деуден аулақпыз. Дегенмен өзге авторлардың өңді-суретті басылымда шыққан кітаптары 1929 жылдары төте жазудан латын әліпбиіне зорлықпен көшу барысында көзге түсе бастайды. Ілияс Жансүгіровтың 1929 жылы латын әрпінде жарық көрген «Балаларға базарлық» атты кітабы осыған мысал. Ал бүгін ғана оқырманмен қауышып отырған Ахмет Байтұрсынұлының «Маймыл мен көзілдірігі» 1922 жылы ғалымның 50 жасқа толған кезінде Ташкендегі жастар жағынан ұсынылған тосынсыйы болмасына кім кепіл. Аға да, іні де Ахаң деп атап, алдынан кесе өтпеген бірегей кемел тұлғаның ізбасар іні достары арысы – Уфадан, берісі – Ташкеннен Алаштың Ахметін емірене сүюші еді. Ол туралы жазбалар да, қағази қазыналар да жеткілікті. Тіптен ғұламаның шұғылалы елу жас кезінде кітаптары қайта-қайта жүз мыңдаған таралыммен әр қаладан басылып тұрған кезде, түркістандықтар ұстаз аударған «Қырық мысалды» балаларға ұғынықты әрі қызықты бейнеде қырық бөлек, шағын кітапшалар етіп шығаруға талпыныс жасаған жоқ па екен деген болжам өздігінен көкейімізге келеді.
«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін...» деп, парасат тұнған жүрегімен үн қатқан Ұлт ұстазының еңбегі саф алтындай жарқырап, ғасырдан соң қайта қауышқан сәтінде оқырманға, күллі Алаш баласына қуаныш құтты болсын, арыстар мұрасы түгенделе берсін деп, ізгі тілекпен ақжарма жазбамызды аяқтаймыз.
Әділет Ахметұлы
ақын, Алаш мұраларын зерттеуші,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі