ӘР СӨЗДЕ МЫҢ ӘУЕН БАР
Тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Байынқол Қалиұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталған еңбегі 2014 жылы жарық көрген еді. Бүгінгі сырашарға арқау еткелі отырғанымыз – сол сөздіктің биыл қолымызға тиген заңды жалғасы, яғни 2-томы.
– Қазақ тілінің қадірін арттырған үлкен сөздігіңіз жарық көрді. Сол сөздікпен танысқаннан кейін білсек деген көңілден туған бірнеше сұрағымды қойсам деймін. Тілдік қорымызды тілші ғалымдар халыққа жеткілікті дәрежеде көрсете алып жүр ме? Шетелдерде бұл іс қалай жүзеге асырылады?
– Сөзде құдірет бар, күш бар! Ол адамды қуантады, жылатады. Сөзде мағына бар, мән бар! Ол адамды ойлантады, толғантады. Сөз миға нәр береді, оның мағыналары ойға сән, мәтінге мазмұн береді. Ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Әр сөзде жан бар. Әр сөзде мың бояу, мың әуен болады», – дейді. Ал сөздіктерге, әсіресе түсіндірмелі сөздіктерге келсек, ол – тіліміздің байлығы, тілдік қорымыздың қазыналы сарайы!
Тілдің осы құндылығын білетін өркениетті елдерде, нақтырақ айтқанда, ағылшын тілін зерттейтін басты ғылыми-зерттеу орталығында қызмет ететін ғалымдардың ішінде тұрақты штаты, міндетті қызметі бар арнаулы маман болады екен. Оның негізгі мақсаты – әр жыл сайын жаңа шыққан барлық әдебиет (көркем әдебиеттер, ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттер, т.б.) мен барлық бұқаралық ақпарат құралын (газет, журнал, радио, теледидар, т.б.) күн сайын сүзіп шығып, олардағы жаңа сөздер мен жаңа терминдерді, жаңа фразеологиялық тұрақты тіркестерді жазып алып, арнайы журналға тіркеп отыратын көрінеді. Жай ғана жинап, тіркеп қана қоймай, сонымен бірге ол сөздер мен тұрақты тіркестердің авторлары кім, олар қашан және қай басылымның қай беттерінде жарық көрді деген мәселені де әлгі журналға ұқыптап жазып қояды екен. Әр 10 жыл сайын табылған әлгіндей сөздер мен тұрақты тіркестердің шағын сөздігі жасалынып, мағыналары түсіндіріледі, мысалдары келтіріледі. Сөйтіп, ол сөздердің тілдегі қақы көпшіліктің талқысына түседі. Көлемді үлкен ұлттық сөздік жасалса, даяр тұрған, әрі халықтың сараптауынан өткен жаңа сөздер мен тұрақты тіркестерді сол сөздікке қосып жібереді екен.
– 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» қалып қойған сөздердің сөздігін жасау идеясы ойыңызда бұрыннан бар ма еді?
– «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» жасауға басынан аяғына дейін түгел қатысып, оның 8 томына жауапты редактор болған, басқа да толып жатқан түрлі сөздіктер жасаудың барлық қиындықтары мен ауыртпалығын бастан өткерген адаммын. Он томдықтың алғашқы томдары жасалынып бітіп, баспадан шыға бастаған кезде олар туралы жазбаша пікірлер жазыла бастады (1974 ж.). Солардың бір-екеуі «сөздіктен мынандай сөздер, мынандай тіркестер қалып қойыпты» деп, өздерінің дәлелдерін келтіріп жүрді. Сол кезде «шіркін, қазақ тіліндегі барлық сөзді түгел жинап, ұлт тілінің сөз байлығын түгендер ме еді!» – деп армандайтынмын.
Бұл ойымды 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жасалынып бітіп, күллі томдары баспадан толық басылып шыққаннан кейін ғана (2011 ж.) жүзеге асыруға шындап кірістім. Көп жылғы қажырлы еңбегімнің нәтижесінде 2014 жылы өзім жазған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген сөздігім жарық көрді. Көлемі – 59,1 баспа табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 мың 690 атау сөз бен 2 мың 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылған болатын.
Ал сіз сөз етіп отырған сөздік 2014 жылы шыққан сөздіктің заңды жалғасы, яғни соның 2-томы. Рас, менің бұл сөздіктерім толыққанды сөздік емес, толық сөздікке қосымша материалдар ғана. Яғни сөздігімнің 2-томы 15 томдықтан және өзім жазған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 1-томынан да қалып қойған тілдік бірліктер мен тіркестер сөздігі. Мұндай сөздікті жасаудағы басты мақсатым – тілімізде қолданылып жүрген сөздердің 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» қалып қойған сөздерді мүмкіндігінше мол жинап, оларды ретке келтіру, жүйелеу, мән-мағыналарын ашу, стильдік салаларын айқындап беру болатын.
Ол үшін, әлбетте сан кітап оқыдым. Сол кітаптарда және бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жаңа сөздер мен тіркестерді жинадым. Мысалдар алынған әдебиеттер мен газет-журналдардың тізімі сөздігімнің соңында – 643 әдебиеттің және 20 шақты газет-жұрналдың тізімі көрсетілген. Бұлар 2-ші томды жазу үшін кейіннен қарастырылған әдебиеттер ғана. Екі томдағы әдебиеттерді қоса есептесек, мен оқыған кітаптардың жалпы саны бір жарым мыңдай болып қалар.
– 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» әр томын жеке-жеке ақтарып отырып жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп, табу да оңай емес қой...
– Жоқ іздеу қашан да оңай болған емес. Бір малың жоғалса, оны ойдан-қырдан, тау-тастан, ауыл-аймақтан іздейсің. Менің сөздіктерде жоқ сөздерді іздеуім де сол тақылеттес. Жазушылар жазған шығармалардың бірін қолыңа алып, «осы кітаптың немесе романның қай сөзі, қай тұрақты тіркесі біздің сөздіктерімізде жоқ екен?» – деп, әлгі кітапты басынан аяғына дейін ұқыптап оқып шығасың. Азаптанғаныңа қарағанда іздеген нәрселеріңді тапсаң, жақсы ғой. Кейде түк те таппайтын кездерің болады. Кей кездерде олардан бірлі-екілі немесе үш-төрт сөз табылады. Соған да ат басындай алтын тапқандай қуанасың. Сөйтесің де, келесі кітапқа ауысасың.
Әрине, шаршайсың, шалдығасың. Қаншама уақытың, көз майың, денсаулығың кетеді. Соған қарамастан «қазақ тілінің барлық сөзін түгендесем-ау» деген арман-мақсат пен ізгі тілек сені алға қарай жетелей береді.
Сөздік жасау 1-2 жыл көлемінде істей салатын оңай шаруа емес. Әсіресе, бұрын шыққан сөздіктерден қалып қойған, оларда кездеспейтін сөздердің сөздігін жасау – қиынның қиыны. Ол үшін алдымен сол жоқ сөздерді іздеп тауып алуың керек. Бұл жұмыс көп уақытты, көп ізденісті, тапжылмай отырып, көз майың таусылғанша еңбек етуді қажет етеді. Өзіңіз ойлап көріңізші: 300-400 немесе 500 беттік бір кітапты басынан аяғына дейін ұқыптап оқып шығып, одан сөздіктерде жоқ сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін іздеу оңай болсын ба?! Ал оқылуға тиісті ондай кітаптардің саны біреу емес, 1 және 2-томдардың соңында көрсетілгендей 1500 болса ше?!
Тоқ етерін айтқанда, мұнда, яғни сөздіктің осы 2-томында 10 690 сөз, 2 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылды.
– Бір адам үшін осынша сөз жинау оңай емес. Мұның бәрі қазақ тілі үшін маңызды, мәнді тілдік бірлік пе? Жоқ, әлде, олардың ішінде маңызды емесі де бар ма?
– Әрине, барлығы да тілімізді байыта түсетін, маңызды, мәнді тілдік бірліктер. Олай болмаса, оларды сөздігіме енгізбес едім. Рас, бұлардың көпшілігі туынды сөздер, біразы ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер мен жергілікті сөздер. Кірме сөздер де аз емес. Қалғандарының баршасы тілімізде кеңінен қолданылып жүрген тілдік бірліктер.
Оқырман көзін анық жеткізу үшін, осы 2-томдағы «Т» әрпінен ғана әдеби тілге қатысты біраз сөзді атап өтейін. Олар: танабау, таңбашы, таңғышқұр, тасатар, тауансыз, терісезу, тоқшәйнек, төртбақ, туажат, туысшылап, тұяққап, түмти, түркітану, түсініспеушілік, тырмышта, тізгінұстар, тізгін-шылбыр, тілтанушы, тіріөлік, т.б.
– Осынша сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп, табудың өзіндік әдісі бар шығар?
– Жоғарыда айттым, көркем әдебиеттерден, газеттерден, қала берді теледидар мен радиодан іздедім. Ал «қалай таптың» деген мәселеге осы жерде аздап тоқталайын. Кітаптарды, газет-журналдарды оқып, солардың ішінен «Осы сөз басқа сөздіктерде жоқ шығар» деген сөздерді кәртішкеге жазып аламын. Жазып алған сол сөздерімді сөздіктердегі сөздермен салыстырып, барын алып тастаймын да, ал жоғын жасағалы жатқан сөздігіме қосу үшін, реттеп, жүйелеп сақтап қоямын.
Жоқ сөздерді табудың екінші көзі болды. Ол – өзім жазған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» (2012) мен шәкірттеріммен бірігіп жазған «Мұқағали тілі сөздігі» (2019) және А.Байтұсынұлы атындағы Тіл білімі институты бұрынырақта жасаған «Абай тілі сөздігі» (1968) тәрізді сөздіктер. Осы қатарға шәкіртім Л.Жеребаеваның қосымша авторлығымен бірге жазған менің «Қазақ тіліндегі тілдік перифраздар» (2011 ж.) деген монографиялық еңбегімді де қосуға болады.
Бұлардан алынған сөздерді тағы да сол 15 томдық ҚӘТС-пен салыстырып, аталған еңбектерде бар, бірақ 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді жасалып жатқан сөздікке әкеп қостым. Нақтырақ айтсам, 2-томға «Абай тілі сөздігінен» 78 сөз, «Мұқағали тілі сөздігінен» 62 сөз, ал «Қазақ тілінің тілдік перифраздарынан» 153 сөз тіркесі алынды.
Ерекше атап өту керек, бұл сөздікке (2-томға) көбірек үлес қосқан еңбек – өзім жеке-дара жазған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» болды. Одан осы сөздікке 750 өсімдік атауы, сол өсімдік атауларына қатысты мыңдай күрделі сөздер қосылды. Аталған еңбектерден алынған әлгіндей сөздердің жалпы көлемі 2-том көлемінің 20 пайызын құрайды.
– Жалғыз ғалым атқарған осыншама ұланғайыр еңбектің жарық көргеніне ел қуанып, әсіресе, әріптестеріңіз сүйсініп жатқан болар?..
– Өз еркіммен, үкіметтен бір тиын да алмай, жалғыз өзім жасап шыққаныма көңілім тоғайып, біраз уақыт марқайып жүрдім. Мамандастарымның біреуі болмаса да біреуі бітірген ісіме риза болып, маған рахмет айтар деп күткенім де рас. Айтса айтқандай, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ұстаз болып істейтін мамандасым – марқұм Бейбіт Ихсан «Қазақ лексикографиясының тарланбозы» деген тақырыпта мақала (рецензия) жазып, онда: «Байынқол Қалиұлы адам айтқысыз зор еңбек етіпті. Ол бір өзі бір институттың жұмысын атқарған» деген ойын білдірді (Қазақ әдебиеті газеті, 07.10.2015).
Одан бөлек Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, не басқа бір тіл маманы ләм-мим деп ауыздарын ашқан жоқ.
– Сөздігіңізге кейінгі кезде жасалған жаңа сөздерді де енгізген боларсыз?
– Тіліміздегі жаңа сөздерді де сөздігіме кіргізбек болып, бұқаралық ақпарат құралдарының (газет-журналдардың) біразын ақтардым. Құдайға шүкір, тіліміз де, оны қолданушылар да бар. Қазақша сөйлейміз, қазақша жазамыз. Бірақ жасалған жаңа сөздер көп жағдайда терең ойлы, ұлттық қуатқа ие, жан сүйсінетіндей емес.
Анық байқалғаны: қазіргі тілімізде шетелдік атаулар көбейіп келеді екен. Бұрын орыс тілінен алынған ондай сөздер көп болса, енді ағылшын тілінен енген сөздердің көптігі анық байқалады. Айти, смартфон, ютуб, фейсбук, блогер, букмекер, драйвер, дрон, брэнд т.б. дегендер тәрізді шетелдік сөздер жиі ұшырасады. Менің «жаңа сөздер» деп сөздігіме алған сөздерімнің біразы осы сияқтылар болды.
– Халқымыз қазір қазақша жаңа сөз жасамайтын болғаны ма?
– Шынын айтайын, журналистер де, жазушылар да, біз де (тілшілер де) қазақша жаңа сөз жасаудың орнына ағылшын сөзі бола ма, орыс тілінің сөзі бола ма – бәрібір тілімізге оларды қалай жазылса, солай ала саламыз. Ал сөз жасағымыз келсе, «атқа жеңіл телпекбай» бір ғана -дық/дік/тық/тік деген жұрнағымыз бар. Қай сөз табына болса да осы жұрнақты жалғай береміз. Мысалы, абданлық, абсолюттік, абстрактілік, авантюралық, авантюристік, авторлық, автохтонық, агломерациялық, агроклиматтық, адвалорлық, акробатикалық, акупунктуралық, акцептілік, т.б. Осылай кете береді.
Есесіне төменде көрсетілген, ежелгі дәуірде жиі қолданылған – -ық/ік/қ/к (күрек), -ыс/іс/с (келіс), -қы/кі/ғы/гі (тепкі), -ын/ін/н (жуын), -қыш/кіш/ғыш/гіш (білгіш), -нықы/нікі (менікі), -қа/ке (босқа), т.б. толып жатқан жұрнақтарымыздың көбі тілімізде «жұмыссыз» яғни қызметсіз қала береді.
Неге осылар сияқты жұрнақтарымыздың бірін пайдаланып, жоғарғы шетелдік сөздердің мағынасын беретін, солардың орнына қолданылатын жаңа сөз жасамаймыз?! Жасауға болады. Бірақ оған мойнымыз жар бермейді. Жаңа сөз жасауды былай қойғанда, байырғы сөздеріміздің біразын тілімізде жиі қолданбағандықтан, оларды да біртіндеп жоғалтып келеміз. Мұндайда Алаш ардагерлерінің бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі ойыңа оралады.
– Қазақ тіліне көптеп еніп жатқан жатжұрттық сөздер тілімізде қалай қабылданып жүр?
– Шет тілдерден қазақ тіліне енген жатжұрттық сөздер үш түрлі тәсілмен қабылданады екен. Бірі – жоғарыда айттық, ондай сөздер орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылып жүрсе, біздің тілге де дәл солай, ешбір өзгеріссіз (мыс., ютуб, джип, т.б. деп) қабылданады. Екіншісі – сөздің түбірі шет тілінде, ал қосымшасы қазақша (мыс., фейсбуктік, цифрландыру, т.б.). Үшіншісі – қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінің заңдылығы бойынша (мыс., кәстөм, реліс, пойыз, пірәндік, т.б.) қолданылады.
Оқығандар (зиялылар) бірінші, екінші тәсілдерді, ал қарапайым халық үшінші тәсілді жақтайды. Сөздігімізге осы үш тәсіл арқылы қабылданған сөздердің үшеуін де жарыстыра алдық. Сондағы мақсатымыз: «Қайсысы қазақ тілінің бастапқы тұғырын, табиғатын сақтап қала алады; Қайсысы қазақ тілін құрдымға жіберіп тынады?» деген мәселе төңірегінде оқырманның өзі ойланып көрсін дегендік.
Осы жерде мына бір ойды да қоса кеткім келіп отыр. Ол ой – қазақша дыбысталуы бойынша қолданылған кәперәтіп, нәшәндік, пәртпел, інтірнат сияқты кірме сөздерге байланысты. Мұндай сөздер көркем әдебиеттерде көптеп болмаса да, ара тұра кездесіп қалады. Ондайларды біз сөздігімізге осы жерде көрсетілгендей қазақша айтылуы бойынша алғанды жөн көрдік. Өйткені тілімізді байытатын нағыз кірме сөздер – осындай сөздер.
Мұндай кірме сөздер тілімізді шындығында байытады. Ал кооператив, матрёшка, начальник, портфель, интернат деген сияқты орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай қолданылып жүрген сөздер – кірме сөздер емес, олар – варваризмдер. Варваризмдер тіліміздің құрылым-құрылысын, табиғатын бұзады.
– Сөздігіңізге қарасам, енбеген сөз қалмаған сияқты. Сөз іздестірген әдебиеттерде кездескен, 15 томдықта жоқ сөздер мен сөз тіркестерінің бәрін сөздігіңізге түгелдей ала бердіңіз бе, жоқ, әлде оларды да сөздікке таңдап-талғап, іріктеп алдыңыз ба?
– Әрине, таңдап-талғап, іріктеп алдым. Мәселен, қазақ баспа сөздерінде жаңадан қолданыла бастаған, алайда ол сөздер беретін ұғым-түсініктер халқымыздың санасына әлі сіңе қоймаған және мән-мағыналары түсініксіз ағылшын, орыс, т.б. тілдерден енген верже, галлон, грифель, кварта, коуч, прол, пресс-папье, пинта деген сияқты сөздерді, тек ғалымдарға ғана таныс, солар ғана қолданатын ғылыми терминдерді, белгілі бір жазушыға ғана тән авторлық сөздерді, бас әріптері арқылы қысқарған сөздерді (сөздігімде көрсеткен бес-алтауынан басқаларын), мағыналары жағынан ешқандай айырмашылықтары жоқ, тек бір әрпі (дыбысы) ғана басқаша болып келетін фонетикалық варианттарды сөздігіме алмадым. Сондай-ақ «сағаттың тілі» деген, болмаса «шолақшалбар» деген сөздер тұрғанда, мен неге циферблат, шорти сөздерін сөздігіме алуға тиістімін?!
Жазбаша еңбектерде бірлі-жарым болса да ұшырасып қалатын беймағына, бейсаналылық деген сияқты сөздерді де осы қатарға қосуға болады. Өйткені бей- деген араб-парсы тілдерінде болмаса, қазақ тілінде жаңа сөз жасайтын жұрнақ емес. Олар түбір сөзбен бірге келген тұлғалар (префикстер). Тіліміздің заңдылықтарын білмегендіктен, беймағына, бейсаналылық деген сияқты сөздер қате жасалып, қате қолданылып жүрген сөзсымақтар. Өйткені араб-парсының бей- префиксі қазақ тілінде жаңа сөз жасайтын қосымша бола алмайды.
– Сөздіктің қолжазбасын талқылау барысында сізге «2-томдағы сөздердің басым көпшілігі – туынды сөздер» деген сын айтылыпты. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Ол рас. Солай болуы заңды да. Өйткені түбір сөздер сияқты туынды сөздер де тілімізде жиі және жүрдек қолданылады. Сондықтан болар, мен іздеп тапқан сөздердің ішінде туынды сөздердің саны түбір сөздердің санына қарағанда әлдеқайда көп.
Әдетте туынды сөздер әртүрлі жұрнақтар арқылы жасалады. Ондай жұрнақтарды «жиі (актив) қолданылатын жұрнақтар» және «сирек (пассив) қолданылатын жұрнақтар» деп екі топқа бөлуге болады. Сирек қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздер бәлендей көп емес, бірлі-жарым ғана. Мысалы: иіртпек, көтерме, қалбақай, қамажау, мөрдар, паңшікеш, ықпа, т.б.
Ал жиі қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздерге келсек, олардың жалпы саны тым көп болғандықтан, сөздігіміздің алғы сөзінде алдымен оларды зат есімді туынды сөздер, сын есімді туынды сөздер, етістікті туынды сөздер және үстеулі туынды сөздер деп, төртке бөлуге болатынын айтып, олардың түр-түстері мен тұрпаттарын қысқа түрде көрсетіп алдық.
Өзіңіз айтыңызшы, мен сөздігіме алған осындай сөздік тұлғаларының қайсысы бір тілді сөздіктерге (үлкен, толық, академиялық, түсіндірмелі, т.б.) алынуға құқылы емес?!
Бәрі де құқылы, бәрі де сөздіктерге алынуға тиісті тілдік тұлғалар.
– Ал «сыз/сіз» тұлғалы сөздерге байланысты айтылған сынға не дейсіз? «Мұндай сөздерді сөздіктерге атаусөз ретінде алуға болмайды», – дейді сыншылар. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Кейбір мамандастарым -сыз/сіз тұлғалы сөздерді (жансыз, малсыз) сөздіктерге алуға қарсы екенін айтып жүр. Ал олар осы сөздік тұлғаның антоним сыңары -ды/ді, -ты/ті, -лы/лі тұлғалы сөздердің (малды, жанды) сөздіктерге алынуына қарсы болмайды.
Сонда қалай? Антоним жұрнақты сөздердің бірін сөздікке алып, екіншісін тастап кеткеніміз дұрыс па? Біздің ойымызша, -ды/ді, ты/ті, -лы/лі тұлғалары сөздіктерге алынады екен, олай болса, оған -сыз-сіз тұлғаларын да алғанымыз жөн. Себебі -ды/ді жұрнағы түбірге қандай мағына қосса, -сыз/сіз жұрнағы да өзіне тиесілі сондай мағына үстейді.
Ескерте кетейін, бұлар сияқты «жалғаулы-жұрнақты» сөздерді сөздікке алу ісі – тек менен ғана басталған жоқ. Олар «Абай тілі сөздігінде» де, 10 томдықта да, 15 томдықта да көптеп алынған. Мен өз сөздігімде ондай сөздік тұлғалардың тек 15 томдықта жоқтарын ғана қамтып отырмын. Онда да бәрін емес, әдебиеттерден мысал кездескендерін ғана. Айырмашылығы: мұндай жалғау-жұрнақты сөздер көрсетілген сөздіктерде аз, ал біздің сөздікте ол көбірек. -Сыз/сіздердің көзге түсіп қалып жүргендері мүмкін сондықтан болар.
– Кейбір әріптестеріңіз сөздігіңізді «атау сөздері көп, мысалдары аз сөздік» деп те атап жүр. Шындығында да солай ма?
– Иә, солай. Мұның несі айып? Қайта сөздіктің ықшамды болып шығуына мұның пайдасы зор емес пе?! Мысал демекші, сөздігіміздің көлемі шектен тыс үлкейіп кетпес үшін, о бастан-ақ оған берілетін мысалдарға өзіміз саналы түрде шек қойып отырдық. Бірлі-жарым болмаса, туынды сөздерге көбінесе бір-бірден ғана мысал беруге тырыстық. Кейде ғана, онда да әлгі сөз елге онша таныс емес, көне сөз болса, сирек қолданылса немесе сөз мағынасы түсініксіздеу болып тұрса ғана, оның мысал санын екіге жеткіздік. Етістіктің қимыл атауларына тіпті мысал да бергеніміз жоқ.
Алынған атау сөздердің тілімізде бар екеніне және олардың қолданылатындығына күмән келтіретіндер табыла қалса, «дереккөздерге қарап, көздерін жеткізіп алсын» деген ниетпен, сөздігімізде әр сөздің (әр мысалдың) кімнен, қайдан алынғанын және олардың беттерін көрсетіп отырдық.
– 15 томдық ҚӘТС-ке енбей қалған сөздердің бәрін түгел жинап алдым деп айта аласыз ғой?
– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Соңғы кезде мен Ж.Шаштайұлының екі томдық «Толық шығармалар жинағының» (2022 ж.) 1-томын оқып шықтым. Сонда бейілсіздік (313-бет), екіойлылық (304-б.), жартықұрсақ (203 б.), күреуіш (204 б.), құмалақшылық (250 б.), сыралғылылық (148-б.) деген сияқты сөздердің ешқайсысы 15 томдық пен менің сөздігімнің 1-2-томдарында жоқ болып шықты.
Десек те бір жағынан «жиналып болып қалды» деуге де келеді. Өйткені қазақ тілінің сөз байлығын түгендеу мақсатында 1966 –1986 жылдары 10 томдық, 1996–2010 жылдары 15 томдық түсіндірме сөздіктер жасалды. 2005 жылы «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» басылды. Онда 22 000 сөз қамтылған. Академик І.Кеңесбаевтің 1977 жылы шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тағы бар. Мұнда 10 мыңнан аса тұрақты тіркестер алынған. 2014 жылы 15 томдықта жоқ сөздерге қатысты менің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген бірегей еңбегім жарық көрді.
Екінші жағынан, қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті деуге әлі де ертерек. Себебі біз іздеп тапқан сөздің көпшілігі тілімізде сирек қолданылады және олардың біразын сөздікшілер сөз ретінде тани алмаған сөздер. Бір адамның аты – бір адам (Жаяудың шаңы шықпас). Көп болып іздесек, ондай сөздердің әлі де талайы табылатыны сөзсіз. Қазақ жазушылары біз «Пайдаланған әдебиеттердің» тізімінде көрсеткендей тек мың жарымдай ғана кітап жазған жоқ қой. Олардың жазған, жазбаған әлі де бірнеше мың кітабы бар. Жаңадан жазылып жатқандары қаншама! Солардың бәрін індете қарап шықсақ қазақ тілінің талай сөзі мен сөз тіркесін табуға әбден болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Сағатбек Медеубекұлы