«ҚАЗАҚ ТІЛІН ЦИФРЛАНДЫРУЫМЫЗ КЕРЕК» – АНАР ФАЗЫЛЖАН
Ұлттық құндылықтың негізгі күретамыры – оның ана тілі. Заман талабына сай тіл де жаһанданудың үрдісіне ілесіп, дамып отыруы керек.
Қазақ тілінің күнделікті қолданысын зерттеп, өткенін саралап, болашағын бағдарлап жүрген бірден-бір орталық – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Біз институт директоры Анар Фазылжанға хабарласып, қазақ тілінің келешегі мен қазіргі мәселелері жайлы әңгімелестік.
– Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығуы керек» деген пікір айттыңыз. Бұл мақсатқа жету үшін ең бірінші Қазақ тілінің ұлттық корпусы жасалуы қажет пе?
– Қазақ тілінің заманауи тіл, қоғамның қазіргі сұраныстарына жауап беретін тіл болуы үшін оның цифрлық кеңістіктегі қолданыс сапасы жоғары және контенті кең болуы керек. Ол үшін ең алдымен әдеби тілде тіл қататын, ауызша және жазба қазақ тілін түсінетін, соған сәйкес жауап бере алатын ақылды қосымшалар, қазақтілді жасанды интеллект қажет. Осыларды жасау үшін ең бірінші, қазақ тілінің өзін цифрландыруымыз керек. Қазақ тілін цифрландыру дегеніміз не? Кез келген жасанды интеллект – ең алдымен, тілдік модельдердің қайталамасы. Жасанды интеллект – адам тілінің бүкіл құрылысының проекциясы. Құрылысының ғана емес, жүйесінің, ондағы қатынастардың да проекциясы, яғни сырттағы барлық ақпаратты жүйелеп, адам санасына түсінікті етіп жеткізудің тілден басқа оңтайлы, ыңғайлы құралы адамзат баласында жоқ, сондықтан жасанды интеллект тілдік модельдерге табан тірейді. Міне, осы себепті алдымен қазақ тілін цифрландырып алсақ, қазақша жасанды интеллект әзірленетін болады. Сөзіміз құрғақ болмас үшін дәлел келтіре кетейін. Мысалы, «Яндекс» компаниясы алғаш құрылған кезеңінде Орыс тілінің ұлттық корпусының интернет операторы болып бекітілді. Сөйтіп, қазір Орыс тілінің ұлттық корпусында 1 миллиардқа жуық сөз қолданыстан тұратын электронды ақылды мәтіндер базасы бар. Ақылды мәтіндер дегеніміз – корпустың базасындағы жаңа атап айтқан 1 миллиард сөз қолданыстың ішіндегі кез келген сөз қолданыстың тілтанымдық талдамы. Ғылым тілімен айтсақ, аннотациясы. Қарапайым сөзбен айтсақ, паспорты. Яғни, кез келген сөз қандай да бір контексте қандай қызмет атқарып тұр, ол қызметті тілдің қандай құралдары арқылы жүзеге асырып тұр? Корпус осы туралы жан-жақты, тек қана тілтанымдық емес энциклопедиялық та ақпарат береді. Міне, Орыс тілінің ұлттық корпусын жасап, біраз тәжірибе жинаған «Яндекс» өз тұтынушыларымен емін-еркін орыс тілінде сөйлесетін «Алиса» дауыстық көмекшісін жасады.
Біздің институт «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» атты мегажобаны жүзеге асыру керек екенін 1990 жылдардың соңында айта бастады. Мұны ең алғаш проблема ретінде көтерген профессор, математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы марқұм Асқар ағай Жұбанов. Ол бұл мәселені теориялық тұрғыдан зерттеп, осындай корпустық база болуы керек деп айтып кетсе, кейін институт осы идеяны жүзеге асырып, одан әрі жетілдіріп Қазақ тілінің ұлттық корпусын жан-жақты қарқынды түрде кеңейтумен айналысып отыр. Бүгінгі Қазақ тілінің ұлттық корпусы ресурсында бірнеше ішкорпустан тұратын 31 миллион сөзқолданыстық электронды ақылды мәтіндер базасы бар. Ол тілтанымдық және энциклопедиялық ақпарат беретін құрал болып отыр. Сайт qazcorpus.kz деп аталады. Ол сайтқа кіріп, әп-сәтте өзіңіз іздеген сөздің корпус базасындағы барлық мәтіннің контексіне қол жеткізесіз. Әрбір контекстегі сөздің қандай түрленім түрінде тұрғанынан ақпарат аласыз. Ол сөздің түбірі қандай, қазақ тілінде қанша мағынасы бар, сөзжасамдық құрамы қандай, ол сөз туралы жалпы семантикалық ақпарат алып, контексте сол сөздің қандай грамматикалық формалардың жалғануы арқылы жасалып, қандай дыбыстардан құралып тұрғанын, әрбір дыбыстың сипаттамасын, сол контекстегі сөздің буынға бөліну жігін, әрбір буынның сипаттамасын ала аласыз. Мұнымен қоса, сол сөз қолданылған контексте қандай да бір фразеологизмдер болса, олар туралы ақпарат беріледі. Бұл контекстің қай автордан алынғаны туралы энциклопедиялық ақпарат беріледі. Ол автордың жынысы мен туған жылына дейін көре аласыз. Шығарма қай ғасырда, қандай тілде жазылғаны туралы, оқиғаның қай ғасырда болғаны жайлы хронологиялық ақпараттарды корпус сізге әп-сәтте дайындап береді. Жалпы, корпустары дамыған тілдерде сөздік индустрия өте мықты, өйткені корпусқа негізделіп сөздік жасау өте жеңіл болады әрі сөздіктің жан-жақты ақпарат беретін түрлерін жасап, тарату оңай болады.
Институт ғалымдары тұрақты еңбекақы алады
– Жалпы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазір қандай жобалармен айналысып жатыр? Осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарыңыз өз нәтижесін көрсетті ме?
– А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – еліміздегі ғана емес, әлемде қазақ тілін зерттейтін бірден-бір мекеме. Иә, елде ана тілімізді зерттейтін кішкентай орталықтар, жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар бар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тіл ғылымы деген ғылымның бір саласының жан-жақты әрі әлемдік талаптарға сай дамуына жауап береді, әлемдік лингвистиканың бір тармағы саналатын қазақ тіл ғылымын сол әлемдік лингвистикадағы барлық тың бағыттары бойынша дамуына үздіксіз үлес қосып келе жатқан бірден-бір ғылыми мекеме. Тәуелсіздік алғаннан кейін институт ғылым саласын дамытуға қатысты миссиясына тағы бір үлкен миссияны қоса жүктеп алды. Ол – мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің ғылыми лингвистикалық базасын қалыптастыру, жетілдіру, үнемі толықтырып, дамытып отыру. Мемлекеттік тіл болу үшін бірнеше шарт бар. Оның демографиялық, құқықтық базасы бар. Соның ішіндегі ең мықты базасы, ол – ғылыми лингвистикалық база, яғни сол тілде коммуникацияны жүзеге асыратын қауымдастыққа тілдің нормаларын көрсетіп отыратын, тілдің стандарттарын белгілеп отыратын құралдар аса қажет. Осы құралдардың барлығының академиялық деңгейдегі нұсқаларын Тіл білім институты әзірлеп келеді. Ол – қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, синонимдер сөздігі, біртомдық үлкен түсіндірме сөздік, онбестомдық иллюстративті түсіндірме сөздік, терминологиялық сөздік. Орфографиялық анықтағыш, орфоэфиялық сөздік, теңеулер сөздігі, академиялық грамматикалар және тағы да басқа ортологиялық нормативтік тілдік құралдар. Осылардың барлығын қазақ тілі бойынша институт әзірлеп, қалың жұртшылыққа ұсынып отыр.
Институт бұл жұмыстармен үздіксіз айналысады. Соңғы кезде институт жүргізіп жатқан зерттеулердің ауқымы өте кең. Мәселелері әртүрлі, жан-жақты, себебі институт қазақ тіл ғылымының әлемдік лингвистикадан кенжелеп қалмайтындай дамытуға жауапты. Біз мұндай зерттеулерді гранттық жобалардың негізінде жүзеге асырып отырмыз. Соңғы кездері Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің, Ғылым комитетінің қолдауымен институт бірнеше гранттық жоба ұтып алды. Сондай-ақ Президентіміздің тікелей қолдауымен базалық қаржыландыру болып табылатын іргелі зерттеулер жобасында да жұмыс атқарып жатыр. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бұған дейін институт ғалымдарында тұрақты жалақы болмаған. Іргелі зерттеулердің арқасында ғалымдар тұрақты еңбекақы алып жүр. Қазіргі кезде институттың гранттық жобалары жан-жақты зерттеуге арналса, бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру зерттеулері негізінен қазақ тіліне деген қоғамның сұранысын өтеуге бағытталады. Мәселен, қазақ мәтіндерін қағаз нұсқадан электронды нұсқаға айналдыру өте өзекті. Өйткені қазір электронды мәтіндерді түзеу, өңдеуге сұраныс жоғары. PDF нұсқадан Word-қа ауыстырған кезде орта есеппен бір беттен 8 қате кетеді екен. Мұндай болмас үшін біз «қазақ мәтіндерін автоматты тану» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Нәтижесінде, алынған IT әзірлемелер PDF нұсқадан Word-қа қатесіз айналдыруға септігін тигізеді. Осы жобаның нәтижесінде мәтіндерге қатысты ақпаратты қоса беретін бағдарлама жасалады. Мысалы, қазір электронды кітапханалар өте көп. Олардың кітаптарын тек суреттен оқи аласыз. Оқып отырып, бір сөзге қатысты қажетті ақпаратты өзіңізге белгілеп ала алмайсыз. Біздің жасап жатқан жоба нәтижесінде электронды кітапханадағы кітаптар «тіріледі». Оқырман кітап оқып отырып, кез келген сөзін тінтуірмен басып, ақпарат ала алады. Сонымен қатар институтта ғалымдарымыз жинаған 7 мыңнан астам кітап қоры бар. Бұл кітапхананың қағаз нұсқасын көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен зерттеушілер бізге арнайы келеді. Олардың осы мұқтаждығын жеңілдету үшін біз электронды тілтанымдық кітапхана (http://tbikitap.kz/) әзірледік. Институт – қазақ сөзінің шырақшысы. Әр сөздің контексін тіркеп отыру – ғалымдардың міндеті. Бұрын техника дамымаған кезде біз әр сөзді қолмен жазып, қимақағаздарға жинайтынбыз. 1940 жылдардан бері жиналған қимақағазардың саны 5 миллионға жуық. Оларды қағаз нұсқада сақтау өте қауіпті. Сондықтан оларды цифрландыруды да қолға алдық. 1-2 ай көлемінде бұл жұмысты аяқтаймыз. Қазір институтта tbikartoteka.kz атты сайт бар. Осы сайтта жаңағы карталар цифрланған сурет форматында тұр. Кез келген сөзді іздесеңіз 1940 жылдан бергі ғалымдар жинаған контекстерді таба аласыз. Сонда қазақ сөзінің құбылған, құлпырған бақшасында жүргендей боласыз. Кейбір сөзге үш жүздей қимақағаз жиналған, ол сөздің мағынасы әрбір тарихи кезеңде өзгеріп отырғанын да аңғаруға болады. Бұл қимақағаздарды жинау 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында тоқтады: компьютер келгеннен кейін әр сөз электронды түрде жиналды.
Институт алдағы уақытта нейролингвистикалық, психолингвистикалық, соцолингвистикалық зерттеулерді жетілдіруді мақсат етіп отыр. Сол үшін бірнеше гранттық жобалар мен бірнеше бағдарламалық нысаналы қаржыландыру жобалары берілді. Егер осы жобаларды ұтып алып жатсақ, ендігі кезекте біз қазақтілді қауымның санасындағы тіл арқылы тіркелген құндылықтар жүйесін, ұғымдарын, түсініктерін, стереотиптерін анықтай алатын боламыз. Қазақстандағы қостілділік мәселесі, қоғамдағы қазақ тілінің кейбір салада жақсы дамып, ал кейбір салада дамымай қалу себебінің әлеуметтік және психологиялық, нейрологиялық негіздерін анықтаймыз.
Жасөспірімдерге ғылыми контент қажет
– Тіл маманы ретінде қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына не кедергі деп ойлайсыз?
– Кез келген тіл ғылым тіліне айналу үшін сол тілде сөйлейтін мәдени қауымдастықтың ғылыми санасы мықты болуы керек. Қазір ғылыми сана ойсырап тұр. Оны қайдан білдік? Қоғамның санасы тұтас болғанымен бірнеше элементтердің өзара әрекеттестігінен тұрады. Қоғамдық сананың эстетикалық, тарихи, ғылыми, діни, құқықтық, экономикалық сияқты бірнеше элементі бар. Олардың барлығының деңгейін, сапасын тілдегі көріністерінен айқындауға болады. Қазіргі кезде қазақтілді қауымдастықтың ғылыми санасы әлемдік дамыған басқа ұлттардың ғылыми санасынан төмендеп тұрғанын тілдік фактілерден көреміз. Мәселен, қазақ тіліндегі жаратылыстану, техника, инженерия саласында терминдер саны аз. Бар терминдердің қоғамға түсініктілік деңгейі де төмен. Міне, бұл ғылыми сананың әлсіздігінің көрсеткіші.
– Сонда ғылыми сананы көтеру үшін не істеу керек?
– Ол үшін қоғамның ғылыми санасын көтеруге арналған түрлі шаралардың кешенді жүйесін жүзеге асыру керек. Арнайы ұлттық бағдарлама болуы қажет. Біз осы тұста Президентіміздің университеттердің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен коллаборациясын, сол сияқты ғалымдарымызды шетелдік зерттеу орталықтарына тағылымдамаға жіберетін «500 ғалым тағылымдама» жобасын, Президент жанынан арнайы ғылым және технология саясаты жөнінен комиисия құрған қадамдарын толықтай қолдаймыз. Мұның бәрі ғылыми сананы көтеруге арналған шаралар. Ғылыми сана тек сол саладағы мамандардың біліктілігімен немесе санын арттырумен көтерілмейді. Ғылыми сана әртүрлі бүкіл қоғамдағы тіл иелмендерінің ішінде әртүрлі ғылым саласындағы спецификациялық білімдерді жаппай түсіне бастаған кезде көтеріледі. Кеңестік кезеңде біз несие, несиегер, борышкер, банк, банктік жүйе сияқты қазір екінің бірі түсінетін қаржылық саланың терминдерін білген де жоқпыз. Қазір бұл терминді кішкентай бала да түсінеді. Яғни, біздің қаржылық санамыз, экономикалық санамыз біршама өсті. Дәл сол сияқты саяси санамыз да өсті. Біз қазір саяси басқаруға қатысты құрылымдар мен түсініктерді білеміз. Тура осылай ғылыми терминдерді жаңадан ашылған ғылыми жаңалықтарды жалпы қоғам ішінде түсінетіндер саны көбейген кезде ғылыми сана көтеріледі. Баланың ғылыми санасы 9-12 жасынан бастап қалыптасады. Жасөспірімдерге солардың тілінде әзірленген ғылыми контент керек. Бірақ бізде ондай телеарна да, журнал да жоқ. Мен тек National Geographic журналын атап айта аламын. Бірақ олардың таралымы да өте аз. Балаларға арналған ғылыми шаралардың кешенді жүйесі мен білім беру бағдарламасы керек. Сабақтан тыс уақытта да баланың ғылыми санасына әсер ете алуымыз қажет. Бұлардың барлығы қазақ тілінде жүргізілуі керек.
Ізденістің бәрі нәтижелі
– Президентіміз латын графикасына көшу процесінде асығыстық танытпау керектігін ескертті. Сонда осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар нәтижесін бермегені ме?
– Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар нәтижесіз деп айта алмаймын. Өте нәтижелі болды. Латын графикасына қатысты зерттеулер тікелей әліпби реформасына қатысты ғана емес, сонымен бірге жалпы тілтанымдық үлкен теориялық-практикалық тәжірибе жинақтауға, тіл ғылымының көптеген саласы бойынша тың білімдер жүйесін анықтауға көмектесті. Сондай-ақ осы істі жүзеге асыру барысында қазақ лингвоортологиясы, сөз мәдениеті, жазу теориясы, қазақ жазуының тарихы сияқты тіл ғылымының салаларында бұрын соңды болмаған эксперименттер өткізуге, жаңа әдістемелер мен әзірлемелер жасауға, теориялық шешімдер табуға септігін тигізді. Тілтанушыларымыз қоғамға реформаның қажеттелігі, мәнісі мен барысын насихаттау арқылы қоғаммен коммникация жасаудың мол тәжірибесін жинақтады. Қоғам да бұл коммуникациядан байыды, себебі көп жыл бойғы насихат жұмыстары өз жемісін берді, қоғамның тілтанымдық санасын көтеруге түркі болды. Бұған дейін біздің қоғам дыбыс деген не, әріп деген не, олардың өзара қатынасы қандай, қазақ жазуының тарихи кезеңдеріндегі графикалары қандай болды, ұлттық жазу сипаты қандай болу керек, төте жазу дегеніміз не, А.Байтұрсынұлының жазу реформасының өзіне дейінгі жазулардан ерекшелігі қандай деген сияқты көп мәселеде жаппай алғашқы түсініктердің өзінен мұншалықты хабардар емес еді, бұл сияқты басқа да тілтанымдық білімдермен қоғам танымы толығып, кеңейді. Сондықтан пайдасы өте зор болды.
Отандық кинотуындылардың тілі шұбарланып кеткен
– Құрылтайда көтерілген тағы бір мәселе – отандық киноны дамыту. Дегенмен қазір киносыншылар да, тіл мамандары да отандық кинодағы тілдің жұтаңданып кеткенін жиі айтады. Бұл уақытша құбылыс па?
– Бір қызығы, шетелдік кинолардың қазақша дубляжының сапасы отандық фильмдердің тілінің сапасынан әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ вульгаризмдерден ада. Бір өкініштісі, отандық кино туындылардың тілі шұбарланып кеткен. Кинотуындыны бастан-аяқ қазақша көре алмайсыз. Кейіпкерлері жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлейді. Әрине, бұл режиссердің қазіргі қоғамды көрсеткісі келген шешімі болуы да мүмкін. Себебі қазір қоғамда екі тілді араластырып сөйлеу үрдіске айналған. Бірақ кинокейіпкерлерінің тілі не толық орысша емес, не толық қазақша емес. Бір сөйлемнің ішіне бірнеше тілде сөз қосады. Мұндайларды ғылымда «жартыкеш тіл иелмендері» деп атайды. Ғылымда жартыкеш тіл иелмендерін қоғам даму тұрғысынан өте пәс, төмен бағалайды. Бұлар толыққанды тілдік тұлғаға қарама-қарсы қойылып, оның оппозиті ретінде қаралады. Тіл иелмендерінің жартыкештігі – кез келген тіл өміршеңдігіне төнген қауіп. Сондықтан киногерлер жартыкештікті насихаттамауы керек. Бұл мәселе ғалымдарды да мазалайды. Әрине, кино өмірдің проекциясы болуы керек. Өмірдегі құбылыстар мен адамның әлеуметтік-психологиялық типтері көрсетілуі қажет. Бірақ осы жағымсыз үрдістің кинотеатрларда көпшілікке ұсынылып жатқан жаңа отандық кинолардың бәрінде жаппай орын алып кеткені қынжылтады.
Мұндай кинолардың және дені комедия болып кетті. «Келинка», «Бейшарашка» сияқты жартыкеш атаулар да мақтанып, үлгі тұтатын нейминг кейс бола алмайды. «–ка» деген орыс тілінің кішірейткіш жұрнағы, әдетте беделі жоқ, әлеуметтік мәртебесі сөйлеп тұрған адамнан жоғары емес, нысандарды кішірейтіп атауға жұмсалады. Тіпті, кейде осы жұрнақты пайдаланып орыс тілінде ит-мысықтың атаулары жасалады: Белка, Стрелка, Мурка. Ал біз осы жұрнақты апарып ата, апа, әже деген ең құнды азаматтық институттарымыздың атына жалғап, «Аташка», «Апашка», «Әжешка» деп, бұны үнемі теледидардан, кинодан, насихаттап жатамыз. Бұл мақтанатын құбылыс емес. Бұрынғы фильмдерді көргенде құлағыңның құрышы қанатыны рас. Ол кездің киносындағы кейіпкерлердің де, сыртқы дауыстардың тілі де өте шұрайлы, ауызша сөз нормасын сақтаған, сөзсаптамы жатық үлгі боларлық тіл еді. Мысалы, мен шетелдіктерге қазақ тілін үйреткенде осы кинофильмдерді көрсетіп, кейіпкерлердің сөзі арқылы орфоэпияны түсіндіретінмін. Бізге осындай туындылар қажет.
– Қазіргі Z ұрпақтың сөйлеуі, сөз қолдануы бөлек әлем дерсіз. Тілдерінде трендке айналған сленг сөздерді жиі қолданады. Бұл мәселе қазақ тілінің болашағына көлеңкесін түсіре ме?
– Иә, қазіргі ұрпақтың тілінің жұпыны болып бара жатқанын тек қазақ ғалымдары ғана емес, дамыған елдердің ғалымдары да көтеріп отыр. Бұл жаппай қарқын алған құбылыс. Тілі кеш шығып жатқан бүлдіршіндер көбейді деп дабыл қағып жатқандар бар. Бұл маған ақпаратты қабылдаудың визуалды формасы басымдық алып кеткенімен байланысты болып көрінеді. Ақпаратты ұзақ уақыт тек визуалды тұрғыда ғана қабылдап, сөз арқылы ақпарат алу уақыты азайған баланың тілі де кеш шығады.
Байырғы кезде ақпарат алудың ең тиімді әрі жалғыз әмбебап жолы вербалды (сөз арқылы) коммуникация болған, сол кездегі қазақтардың туабітті сөзге шешендігі мен шеберлігі туралы шетелдік ғалымдардың өзі көп жазғанын білеміз. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде бала тәрбиелеудің алғашқы кезеңі – вербалды кезең болған, яғни сөз арқылы тәрбиелеу. Мұны жүзеге асыруда әжелер институтының функциясы жоғары болатын. Бала кішкентай кезінен 3-4 жасқа дейін әжесінің бауырында жүріп, ертегі тыңдаған, әңгімелескен. Содан кейін барып визуалды кезеңге өтіп, көзбен көру арқылы ақпарат қабылдаған. Ол кезде бала тәрбиесіне атасы араласқан. Баланы атқа отырғызып, садақ жонып үйреткен, өзімен бірге барлық жиын-тойға апарған. Қазіргі заманның балаларында вербалды тәрбие кезеңі әлсіз болып тұр. Балабақшаға бармайтын балалардың саны да елімізде көп. Оларды смартфон, интернет, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқаны өтірік емес. Ал смартфондағы ақпарат тек вербалды түрде жүзеге аспайды, көбіне визуалды түрде беріледі. Бала тілінің кеш шығуының себебі осы болса керек. Бұдан да қорқыныштысы – ана тілінде емес, өзге тілде шығуы. Өйткені смартфонда қазақша контент ағылшын, орыс сияқты тілдердің контентімен салыстырғанда саны мен сапасы жағынан әлі де көп жетілдіруді, жақсартуды қажет етеді. Дегенмен балада жазық жоқ, ата-ананың тәрбиесі мен жігері болса, кез келген жағдайда ана тілін өз отбасында төрге шығаруға болады деп ойлаймын.
Жасөспірімдер тілінде сленгтің көп екені рас. Бір қызығы, олардың дені жаппай халықаралық сипат алып, тіл-тілге ортақ ағылшын тіліндегі жаргонизмдермен толығып келеді, себебі бұлар ғаламтор арқылы виртуалды коммуникацияда қалыптасып отыр. Менің ойымша, жасөспірімдер сленгі тіл иелменінің тілдік өміріндегі уақытша құбылыс. Өйткені жасөспірім психологиясы бойынша олар өзін жаңа тұлға ретінде қоғамға мойындату үшін ерекше болып көрінуге тырысады, сол ниетін әдеби нормада жоқ, жаппай қолданыстағы тілден айырым тілде сөйлеу арқылы бе-кіткісі келеді. Уақыт өте келе, жасөспірім ересек өмірге қадам басқанда, сленг пен жаргондар оның тілдік кеңістігінен ығысып кетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН