ҚАЙНАР ОЛЖАЙ: ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ САҚТАЛМАЙ БАРАДЫ

24.07.2023

Қазақ журналистикасының қара қазанында қайнап, ұлт мәселесін қаузап, қаламын ұштаған, кешегі Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай секілді мықты бас сарапшылардың шекпенінен шыққан Қайнар Олжай ағамыз жуырда редакциямызға келіп, бар білгенін, жиған-тергенін бөлісті. Сауатсыз сөйлемдер, қате мәтіндер, шұбалаңқы ойлар туралы нақты мысалдарын көрсетті. «Ұлт ұпайы» айдарының бүгінгі қонағы – танымал журналист, Президент грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай.

– Қайнар Қалиақпарұлы, тіл тазалығы майданындағы аз адамның қатарында жүрсіз. Журналистерге арналған семинар-тренингте «Журналистикадағы тіл тазалығы үшін күресетін соңғы буын өкілдері біздер» деп атап өттіңіз. Шынында солай ма?

– Шынында да солай. Тіл ешкімге керек болмай барады. Ең үлкен дәлелім – қазіргі жас журналистердің «Айту керек» дегенді «Айту керек-піз», «Баруым керек-ті» «Бару керек-піз» деп айтып, жазып жүргені. Бұл дұрыс емес. Бұған журналистер назар аудармайды, оларға керегі – әулекі, желөкпе тақырыптар, бірақ соның өзін жеріне жеткізіп, майын тамызып жаза алмайды. Тілдің өзінің нормалары бар, журналистер сол талаптарды сақтамайды. Журналистің өзі тілдік норманы сақтамаса, тіл тазалығы үшін қалай күреседі?! Мысалы, бақша өсіріп отырған ақсақал барынша сол бақшасын бәрінен күзетеді, сол секілді осы ана тіліміздің арқасында пайда таппасақ та, жалақы алдық, өмір бақи нанын жедік, сол кәсіптің құлағын ұстадық, біздің бақшамыз сияқты және оны осы күнге дейін күзетіп келеміз. Бақшаны ақсақал арамшөптерден қалай қорғаса, біз де өз бақшамызды, яғни журналистиканы солай қорғағанымыз жөн. Ал қазіргілер өз бақшаларында арамшөпті өздері өсіріп отыр. Сондықтан, тіл тазалығы үшін күресетін соңғы буын өкілдері біздер болып қаламыз, өте өкінішті, бізден кейінгі, қазіргі 25-30-дағы журналистерге таза тіл керек жоқ сияқты.

– Қазіргі заманауи журналистиканың басты қателігі неде?

– Журналистика сан тарау, журналистикадағы әр адам әртүрлі, бір топқа қосуға болмайды. Айтаққа еретін журналистер – бір топ, мемлекеттік саясатты жазатын әріптестер – бір топ, сол сияқты бейтарап, анда-санда ғана қалам тербейтін салмақты дүниелер жазатын қаламдастар бар. Үш топ бар: мемлекеттік топтағылар – «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерінің немесе «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» телеарнасының бағыты белгілі, ауа жайылып кетушілік жоқ, мемлекеттің саясаты туралы жазады. Мысалы, Қайрат Нұртастың концерті жайында жазғанымен, оның не ішіп, не тұтынатыны туралы айта қоймайды, ал екінші топқа концерт туралы қызықты емес, оларға әншінің не киіп, не тұтынатыны қатты қызықты. Ал үшінші топқа Қайрат Нұртастың мүлде керегі жоқ. Олардың қатарында Қали Сәрсенбай немесе Әмірхан Меңдеке болуы мүмкін, оларды алаңдататыны басқа, оны олар егжей-тегжейлі сараптап жазуы мүмкін. Осы топтардың қателіктері бар: бірінші топтың қателігі сонда – өздері көріп-біліп отырған нәрсені айта алмай, жаза алмайтындығында. Екінші топтың қателігі – оларды халықтың әлеуметтік жағдайы алаңдатпайтыны, оларға әр нәрсенің басын шалып жүрген ұнайды. Үшінші топ күнделікті болып жатқан оқиғаға үн қоспайды, өте ауыр қозғалады. Журналис­тикада осындай үш топ бар, қателіктерін де санамалап өттім.

Оқымаған адам өспейді. Біріншіден, өзіңнің қандай деңгейде екендігіңді сезіну үшін басқаларды міндетті түрде оқу керек. Кәсіби деңгейіңді, қаншалықты жаза алатыныңды анықтау үшін міндетті түрде өзгелерді оқу керек. Екіншіден, оқу арқылы жас журналистердің стилі қалыптасады

– Барлық кемшілік көп оқымаудан, өзіне дейінгілерді сараптамаудан шығатын секілді. Жас қалам иелеріне кімдерді, нені оқуды ұсынар едіңіз?

– Оқымаған адам өспейді. Біріншіден, өзіңнің қандай деңгейде екендігіңді сезіну үшін басқаларды міндетті түрде оқу керек. Кәсіби деңгейіңді, қаншалықты жаза алатыныңды анықтау үшін міндетті түрде өзгелерді оқу керек. Екіншіден, оқу арқылы жас журналистердің стилі қалыптасады. Оралхан Бөкейдің жазуы бір басқа, Қабдеш Жұмаділовтің жазуы бір басқа. Екеуі бір-біріне ұқсамайды. Студент кезде бір жатақханада, бір бөлмеде жатқан Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауиннің стилі екі басқа. Осылардың бәрін оқи келе өзгелерді тану арқылы жазу стилің қалыптасады. Үшіншіден, білімің болмаса, алдыңғы қатардағы журналист болып ақпаратты дәл жеткізе алмайсың.

– Оперативті болу арқылы сауатты жазу күнделікті ағымда мүмкін бе, тақырыпты қалай тауып қоя­сыз, жазатын мәселелерді қалай іріктеп, таңдайсыз?

– Екі нәрсе бар: журналист белгілі бір бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істегенде басшылықтың берген тапсырмасын уақытында орындауы тиіс. Біздің олқы жеріміз де осы – берілген тапсырманы орындамауымызда. Жапондардың дамуы – олардың жоғары орындаушылық қабілетінде. Орындаушылық қабілет жоқ. Тапсырманы орындаудың орнына ерегісіп, «Ал орындамасам, не істейсің?» деп шыға келеді. «Ана тақырыпқа барайын десем, үйімнен алыс, жағдайым жоқ, кәрі шешем бар, балам жас, маған алыс немесе мына тақырып маған ұнамайды» деп шалқаяды. Мұндай адам журналист бола алмайды. Басшының тапсырмасы орындалуы керек, оның үстіне сен осы арқылы кәсібіңе адал екендігіңді дәлелдейсің. Одан өзге өзіңе ұнайтын, анда-санда жүрегіңді жарып шыққан тақырыпты зерттеп, мақала жазуың керек. Бұл – журналистиканы өнер ретінде, өзіңнің жетілген журналист екендігіңді танытатын қадам. Басшының тапсырмасы мен көкейіңдегіні жазып, екі жақты иығыңдағы шелекті тең ұстап тұруың керек. Күнделікті ағымға ілесе отырып, бәрін оқып, ізденіп, сауатты болған дұрыс. Үш сөйлемнен тұратын заметка жазсаң да, үш бет материал жазсаң да бәрі сауатты жазылуы тиіс.

Бақшаны ақсақал арамшөптерден қалай қорғаса, біз де өз бақшамызды, яғни журналистиканы солай қорғағанымыз жөн. Ал қазіргілер өз бақшаларында арамшөпті өздері өсіріп отыр. Сондықтан, тіл тазалығы үшін күресетін соңғы буын өкілдері біздер болып қаламыз, өте өкінішті, бізден кейінгі, қазіргі 25-30-дағы журналистерге таза тіл керек жоқ сияқты

Тақырыпты үнемі тауып қою керек. Оны кешегі семинар-тренигте журналистерге айттым. Тақырып тартымды болса, оқырман мақаланы міндетті түрде оқып шығатыны сөзсіз. Мақалада жасырылған дүниеге тауып қойылған тақырып тартып тұруы керек.

– Журналист мамандығын таңдамағанда кім болар едіңіз, сүйікті ісіңіз не?

– Мен журналист болмасам, жақсы етікші болар едім. Етікті жамау, тігу, өкшесін қағудан алдыма жан салмаймын. Зейнетке шыққасын ойлағанмын, бұрынғы КСК, қазіргі ОСИ-ге барып, көпқабатты ауланың аула сыпырушысы, тазалықшы болсам дегенмін. Бірақ, оған жете алмай жүрмін. Себебі БАҚ-тан семинар өткізуге, сценарий жазуға тапсырыс берсе, кейбір баспалар кітапты редакциялауды ұсынып, медиа саласында әріптестеріме жиі семинар өткізіп, қолым тимей жүр (күлімсіреп жауап қатты – ред.Г.С.).

– Журналистер халықтың сөзін сөйлейді, бірақ журналистердің құқын кім қорғайды, заң жағынан неге үнемі кешеуілдеп жүреміз?

– «Масс-медиа туралы» Заң дайындалуда. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған Заң жобасы Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіндегі жұмыс тобында талқылану үстінде. Заң шикілеу, дүмбілездеу жазылған. Онда журналис­тердің құқын қорғау көрініс таппаған, қайта заңды тұрғыда белгілі бір деңгейде шектеу­лер бар секілді. Сондықтан, журналистер заңның өздерінің құқығын қорғайтындай болуына белсенділік таныту керек. Мәжілісте журналистиканың қазанында қайнаған кәсіби мамандар бар. Сол депутаттар заңның пәрмені журналистердің құқығын ғана емес, әлеуметтік тұрғыда қорғалуын талап етіп, құқық нормаларын қайта жазуды ұсынып отырғанын естідім. Егер Үкімет белден баспаса, дұрыс заң шығатынына үміттенемін.

– Жаныңызға қай тақырып жақын, мәдениет пе, ақпарат па? Журналистер белгілі бір салаға мамандану керек дегенге көзқарасыңыз қандай? Барлық тақырыпта да шедевр дүниелер жазатын мықты журналист деп кімдерді атар едіңіз?

– Маған ең ұнайтын тақырып – ғарыш. Осы тақырыпта көптеген мақала жаздым. «Құйрықты жұлдыз» – комета (Күн жүйесінің кіші денесі) туралы жазған алғашқы мақаламнан бастап, Ай, Күн туралы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туралы бірнеше мақалам бар. Ғарыштан соң маған ұнайтын тақырып – экология. Осы тақырыптарды жақсы көріп жазамын.

Мықты журналист деп Қали Сәрсенбайды, Әмірхан Меңдеке мен Сәкен ­Сыбанбайды айтар едім. Қали руханият­ты, Әмірхан қазіргі қоғам туралы, Сәкен спортты ерекше жазады. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай журналистер бізде саусақпен санарлықтай ғана.

– Елімізде Журфактардың көбейгені маманға деген сұраныстың ұлғайғанын білдіре ме, әлде тек диплом алушы жастардың санын көбейту ме? Сапалы кадрды қалай даярлауға болады?

– Журфактарды көбейтпеу керек. Әр өңір өз аймағының сөйлейтін тілінде журналист даярлайтын болғаны – ортақ әдеби нормалардың сақталмауына алып келеді, тіл бұзылады, кадр да сапасыз болады. Сол үшін Журфакты тек Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында қалдырып, қалғанын жапқан дұрыс деп ойлаймын. Үш университеттегі журналистика факультеттерінің оқу бағдарламалары бірдей болуы керек.

– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай, мақала жазбаған кезіңіз болды ма?

– Қарымды қаламгер, марқұм Дидахмет ­Әшім­ханұлының жаңадан басылып шыққан шығармаларын қайта оқып шықтым. Тарихшы Самат Өтениязовтың жұртты дүр сілкіндірген дүниесі – «Атилланы» оқыдым. Әйелім ­Қабдеш Жұмаділовтің кітаптарын қайта қолға алып, оқып жүр. Мақала жазбаған кезім өте аз, ол көбіне менің бау­-бақша жұмысында болған кезде, тағы басқа шаруалар шыққанда болмаса, барлық уақытта да қолымнан қалам түскен емес. Зейнетке шығар алдында «Информ-бюро.kz-rt» сайтына 200-дей мақала жаздым. Қазір де «kaz365.kz» сайтынан тапсырыс алып, жазып жатырмын. Жалпы, мемлекеттік органда, баспасөз қызметтерінде ешқашан жұмыс істеген емеспін. Маған меморгандардан жақсы жалақысымен жұмысқа шақыр­ғандар болды, бірақ, бас тарттым. Таза журналистік кәсібімді жалғастыра бердім. Шығармашылық мен үшін маңызды, журналистикадағы жұмысымды сонау 1981 жылдан бері жалғастырып келемін. Ешқандай кеңеске, партияға мүше емеспін, жұрттың бәрі қол қоятын ұжымдық Үндеулерге де ешқашан қол қойған емеспін. Принципім сондай. Белгілі бір саяси көзқарасты ұстанбаймын, меморган туралы болсын, қоғамдық ұйым жайлы болса да мақаланы объективті түрде беруге тырысамын. Өз көзқарасымды мақалаларым арқылы жазамын, жеткіземін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

https://astana-akshamy.kz/qajnar-olzhaj-til-tazaly...

Комментарии (0)
Оставить комментарий