«АНА ТІЛІ» СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ

26.07.2023

Қырғыз Республикасының Жогоргу Кенеші (Парламент, – ред.) Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын қабылдады. Құжатты депутаттардың көбі қолдаған. Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Каныбек Осмоналиевтің айтуынша, енді заң жобасының талабы бойынша мемлекеттік тілді білмейтін адам мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Мемлекетік тілді кемі В1 деңгейінде, яғни орташа деңгейде білетіндер ғана мемлекеттік қызметке тағайындалады.

Сонымен бірге қырғыз тілін білу деңгейіне қойылатын талап жыл сайын қатая бермек. Ал Өзбекстан Республикасында мемлекеттік тіл туралы заң 1989 жылы 21 қазанда қабылданған болатын.2021 жылы 26 маусымда билік ол заңға түзетулер енгізіп, қайта қабылдады. Біз осы орайда депутаттар мен тіл маманына төмендегідей сұрақтарды қойып көрдік: 1. Сондай заңды біздің елде қабылдауға не кедергі? 2. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін қандай нақты заңдық-құқықтық міндеттемелер мен жауапкершілік жүктелуі қажет? 3. Қырғыз еліндегідей заң жобасы бізде бар ма? 4. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы бізде қандай заңдарда, қаулы, актілерде қандай міндеттеме мен жауапкершілік бар? 5. Өзіңіз депутат болғалы бірнеше заң жобасын талқыладыңыздар ғой. Сіздерге қазір заң жобасы қай тілде келеді?

Қазыбек Иса, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер заңға қарсы

1. Елімізде заңның қабылдауына кедергі келтіріп отырған мемлекеттік қызметте істейтін, қолында билігі бар, мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар. Осы уақытқа дейінгі еш уақытта өзге ұлт өкілі мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қарсы шыққан емес. Билікте, Президент әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте, министрлікте, әкімдікте отырған азаматтардың кейбірі, өкінішке қарай, мемлекеттік тілді білмейді. 2020 жылы 130 мыңнан аса адам «Қазақ үні» порталындағы петицияға қол қойған. Былтыр «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. Ол үшін конституцияның 7 бап, екінші тармағын алу керек деп» екі рет депутаттық сауал жолдағанмын. Осыдан кейін тағы петиция жалғасып кетті де, қолдаушылар жарты миллионнан асып кетті. Петиция шыққан уақыттан бері қол қойған тұлғалар Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, Асанәлі Әшімов, Төрегелді Шарманов, Нұрғали Нүсіпжанов... Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де мемлекеттік тілді талап еткен ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. 2. 2019 жылы Қ.Тоқаевтың өзі басқаратын Ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек деген мәселені көтердім. Бір айдан кейін сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова бізге Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер бойынша есеп берді. Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдау, латын әліпбиі деген сияқты мәселелер айтылды. Кейін оны тоқтатып қойды. Мемлекеттік тіл туралы заңның тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберіп те қойдық. Сол 2020 жылдан бері әлі Үкіметте. 2021 жылы 3 ақпанында Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануына байланысты депутаттық сауал қойдым. Екі жылдан бері неге жатыр, неге қозғалмайды деп сұрадым. Ал Мәскеуде оқып қазақша ұмытып қалдым деген Тимур Сүлейменов Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тұрған кезде біздің Мемлекеттік тіл туралы тұжымдаманы (бұрын бағдарлама болатын) Тілдер туралы тұжырымдамаға ауыстырды. Сол тұжырымдама жақында 2023–2029 жылға қабылданған кезде 11 сәуірде Үкіметтің ашық порталына қойылды. Он күннен кейін біз енгізген, біз талап еткен Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдау керек деген жерін алып тастады. Қазақ үкіметі тағы да қазақ тіліне қарсы шықты деп Президент әкімшілігіне мәселені көтердім. 11 депутатқа қол қойғыздым. Кейін маған «Қол қойған депутаттармен келіңіз, мәселені қайта қарайық» деген. Бірақ кездесуге екі күн қалғанда ол орнынан кетіп қалды. Қазір ол мәселені Тамара Дүйсенованың мойнына арттым, яғни әлі де өзекті. 3. Бізде ондай заң бар. 2011 жылы Дос Көшім бастаған Ұлттық қоғамдық ұйымдар осындай Заң жобасын қабылдаған. Ықшам, өте жақсы сол заң менің қолымда. 2012 жылы «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасағанбыз. Оған кейін Мақсұт Нәрікбаев мен Амангелді Айталы қосылып, тағы бір Заң жобасын ұсынған. Яғни заң жобасы жеткілікті. Тек жүзеге асырылу тетігін іске қоспай жатыр. Бізде заң қабылдамақ түгілі, Мемлекеттік тұжырымдамаға Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет. «Мемлекеттік тіл еліміздегі барлық ұлттардың басын біріктіретін фактор» деген тұсын алғызып тастап отыр ғой. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды. Бұрынғы 15 одақтың бәрінде мемлекеттік тіл туралы заң бар. Қырғыз да кеше жаңа заң қабылдады. 4. Кеңес одағындағы заңға 1997 жылы «косметикалық» қана өзгеріс жасаған. Ол заң қабылданғанда халықтың үлес салмағы басқа еді. Қазір қазақтың үлесі 80 пайызға жуық. Қазақ демографиялық түрде өскен сайын, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге де толық құқылы болуымыз керек қой. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында көтергенімді айттым ғой. Ол мәселені қоғам қолдады. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. Енді қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Үкіметтен шықпай қалмаса немесе Президент Әкімшілігінен аспай қалмаса деп алаңдап отыр. 5. «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып – қазақ тілі танылады және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті. 9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi. Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн. 11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi. «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi» деп жазылған. Яғни Тілдер туралы Заңның 4-9-11 баптары бойынша азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан түскен арыз-шағымдарға жауапты, олардың қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қайтаруға құқылы! Яғни қай тілде сұрақ қойылса да, Қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жауап берсеңіз – заңды болады. Конституцияда да, Тіл туралы заңда ең жоғары статус – мемлекеттік тіл статусы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды.

Абзал Құспан, заңгер, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Азамат­тық белсенділерді қолдау керек

1. Сіз атап айтқан заңды қабылдау үшін тек қана саяси ерік-жігер қажет. Мемлекеттік тіл мәселесіне, азаматтық құқықтарды қорғау ісіне, өзіңіз білесіз, бірнеше жыл бойы заңдық тұрғыда атсалыстым. Қазір өзім қаласам да, қаламасам да, депутат ретінде бұл заңның саяси жағын ескеруге мәжбүрмін. Қазақстан тарапы осындай заң қабылдаған жағдайда, әрине, көрші елмен саяси жағдай шиеленісе түсері анық. Осы тұрғыда, шынымды айтайын, бұл заңды қабылдаудың саяси тұрғыдағы уақыты келгенін я келмегенін нақты айта алмаймын. Әдетте өзіміздегі жағдайды көрші Орталық Азия елдерімен салыстырамыз ғой. Қазақстанның Орталық Азия елдері үшін «буферлік зона» рөлін атқаратынын ескеруіміз қажет. Орталық Азиядағы бауырларымыздың ешқайсының солтүстіктегі көршімізбен құрлықта жеті мың шақырымнан аса ортақ шекарасы жоқ. Орталық Азия елдері осы тарапта қандай заң қабылдаса да, оңтайлы әрі ыңғайлы. Сондықтан «Бұл заңды біздің қабылдауымызға не кедергі?» деген сұрағыңызға саяси тұрғыдан жауап беруге дайын емеспін, ал заңгер ретінде мұндай заңды қабылдаудың уақыты әлдеқашан қажет болғанын айтар едім. 2. Бірінші, Ата Заңымыздың 7-бабының 2-ші бөлігіне өзгеріс енгізу қажет. Заңдық тұрғыдан оны мүлде қабылдауға келмейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтаудағы норманың астында көрсетілген «қазақ тілі орыс тілімен тең» деген норманы алып тастау қажет. Бұл ұсыныс біздің тарапымыздан талай мәрте айтылды. Екінші, еліміздегі мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеу керек. Ондай норма елімізде жоқ емес, бар. Қазақ тілі, тіптен мемлекеттік қызметкерлердің тапсыратын емтиханына да енгізілген. Алайда оның қорытындысы балға әсер етпейді. Іс жүзінде қазақ тілін меңгермеген адам мемлекеттік қызметке өтіп кете береді. Сондықтан осы баптың құқықтық салдары болуы керек. Үшіншіден, әкімшіліктің кодекстің 75-бабында «Мемлекеттік тілге қатысты қандай да бір заң, құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда жауапкершілік көзделген» делінген. Осы норма, заңгерлердің тілімен айтқанда, «жұмыс істемейтін» нормаға жатқызылады. Себебі бұл бап бойынша тілге қатысты бірде-бір уәкілетті орган «әкімшілік хаттама» толтыра алмайды, демек әкімшілік іс қозғай алмайды деген сөз. Яғни әкімшілік кодексте мемлекеттік тілді білмегені үшін әкімшілік жауапкершілік бар, бірақ ол әкімшілік жауапкершілік істі қозғайтын орган жоқ. Нақты айтсам, «Тілдер туралы» Заңда мемлекеттік тілді білу қажеттігі және заңнаманы бұзған жағдайда «ҚР заңдарына сәйкес жауаптылықтар көзделгені» туралы бұлыңғырлау норма бар (24 бап). ҚР ӘҚБтК-нің 75-бабында сол үшін әкімшілік жауапкершілік те көзделген. Дегенмен аталған кодекстің 804 бабындағы әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтыруға құқылы лауазымды тұлғалар тізімінде Тіл комитеті қызметкерлері жоқ! Яғни құқықбұзушыларды әкімшілік жауапқа тарту мүмкіндігі жоқ! Басқа уәкілетті органның бәрінде де ондай құқық бар, тек Тіл комитетін ғана мұндай мүмкіндіктен заңмен шектеп тастаған! ҚР ӘҚБтК-нің 805 бабы, 1 бөлігіне сәйкес прокурорлар кез келген баппен әкімшілік іс қозғауға құқылы. Алайда тәжірибеде қанша заң бұзу фактісі туралы хабарланып жатса да прокурорлар тарапынан тілге қатысты әкімшілік істер қозғалмауда, ол ол ма, прокурорлар шара қолдану үшін хаттарымызды уәкілетті орган ретінде тіл комитеті және оған қарасты облыстық басқармаларға жолдайды. Ал олардың болса жағдайы жоғарыдағыдай. Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен міндеттеу, азаматтық белсенділікті қолдау жолдарын қарастыру мәселелерін де қолға алған дұрыс болар еді. 3. «Қырғыз еліндегідей заң жобасы» басқа қай мемлекеттерде бар екенін айтып өтейін. Мысалы, 2010 жылы Нидерланд өз Конституциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испания Конституциясына сәйкес, Испания азаматын испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты – сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрін де жеткілікті білу. Батыс және Шығыс Еуропа елдері өз тілдерін қорғаудың нақты жолдарын қарастырған және олар ашық немесе жабық түрде заңнамаларында көрініс тапқан. Еуропа елдерінің көпшілігі бірінші кезекте өз тілдерін ағылшын тілінің экспансиясынан қорғауға бағыт алғаны бұл күнде еш құпия емес. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір тілге қатысты мәселелерді шешуде уәкілетті органнан гөрі, жеке азаматтардың белсенділігі әлдеқайда тиімдірек болып тұр. Оның себебі біріншіден, өз ана тіліне жанашырлық – есін жиып, оянып келе жатқан қазақтілді ортаның азаматтық белсенділігінің табиғи көрінісі болса, екіншіден, тілге жауапты уәкілетті органның өзінде заңмен бекітілген қандай да бір құзіреттің болмауы. 4. Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен міндеттеу – бұл біріншіден, мем­лекеттік қызметті қазақ тілінде тұтыну­шылардың құқығын қорғайды, екінші­ден, осы кезге дейін мемлекеттік тілді жеткілікті меңгермеген, бірақ мемлекеттік қызметке орналасуға ынталы азаматтарға итермелеуші фактор. Одан басқа, бұл «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы», «Нәсiлдiк кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенциясы» сияқты халықаралық шарт талаптарына да қайшы келмейді. Азаматтық белсенділікті қолдау туралы да айтқым келеді. Қазір еліміз бойынша қай өңірде де тілге қатысты құқығы бұзылған азаматтардың мүддесін қорғаушы белсенді азаматтардың тобы қалыптасты. Олардың ерекшелігі сол, бір емес, бірнеше жыл көлемінде тілге қатысты мәселелерді шешуде табандылық танытып, бұл іспен қоғамдық негізде тұрақты түрде айналысулары. Өзім жеке танитын және араласатын азаматтар қатарында павлодарлық Руза Бейсенбайтегі, өскемендік Жұлдызай Форт, оралдық Нұрлан Сәдір, қостанайлық Қуат Ахметжановтарды айта аламын. Бұлардан басқа да көптеген азаматтар баршылық. Аттары аталған азаматтар біріншіден, өзім білетіндер болса, екіншіден, олар басқа емес, осы мәселемен мақсатты түрде айналысады. Мемлекетке осы азаматтардың әлеуетін пайдалану керек-ақ! Ал іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша! Мемлекеттің өзі шығарған заңды өмірде қолдануды мақсат тұтқан, мемлекет саясатын жүзеге асыруды қоғамдық негізде, тегін атқарып жүрген бұл азаматтарды жергілікті билік және құқық қорғау органдары арандатушы санайды! Олардың 100% дәлелдеп берген тілге қатысты заңбұзушылықтарына назар аудармақ түгілі, өздеріне қатысты тексеру-тергеулер ұйымдастырып, азаматтардың сағын сындыруда! Қалыптасқан осы жағдайды түбірімен өзгертіп, мұндай белсенді азаматтарды мемлекет қолдауы керек. Түптеп келгенде қазіргі таңда халық санының басым бөлігін құрайтын жеке секторда тіл заңдылығын орындатуда мемлекеттік орган емес, осы белсенді азаматтардың қызметі әлдеқайда тиімді болмақ! Қарапайым мысал; базар, дүкен, қоғамдық көлік басқа да халыққа тауар сатып, қызмет көрсететін ұйымдардың барлығына бірдей меморган қай уақытта тексеру жүргізіп үлгереді? Одан да азаматтық белсенді топ проблемалық учаскелерді өздері анықтап, тиісті хат-хабар жолдау арқылы меморганға нақты шара қолдануға ұсынған әлдеқайда тиімді емес пе? Қарапайым сатушы, қызмет көрсетушімен қатынас барысында да мемқызметшіден гөрі, белсендінің барып, тұтынушы ретінде талап еткені бөлек қой. Әрі бұл жағдай басқа да азаматтардың белсенділігіне түрткі болар еді. Айналып келгенде өз құқығын халық өзі талап етпейінше жағдайдың өзгере қоюы да қиын (мысалы, Өзбек елі СССР кезінде де халық белсенділігінің арқасында өз тілін тұтынушылық деңгейде өте жақсы сақтап қалды). Осыған байланысты мемлекет азамат­тық белсенділерді қолдаудың кешенді жоспарын қарастыруы керек. Бірақ ол тек тіл комитеті деңгейінде емес, Үкімет деңгейінде қарастырылғаны жөн. Мысал ретінде айта кетсем, жергілікті атқарушы органдар немесе ішкі саясат мекемелері арқылы осындай жұмыстарға арнайы қаржы қарастырып, оны қоғамдық ұйымдарға тендер арқылы беру, қоғамдық негізде тіл инспекциясы сияқты ұйымдар құруға жағдай жасау, жалпы азаматтық белсенді топты құқықтық және қаржылық тұрғыда қолдаудың, оларды осы жұмысқа ынталандырудың түрлі жолдарын қарастыру қажет. 5. Депутаттарға заң жобасы орыс тілінде, қазақ тіліндегі аудармасымен келеді. Біз заңды қазақ тілінде талқылаймыз. Арамызда Үнзила Шапаққызы сияқты принципшіл депуттар бар. Ол кісі – профессор, заң ғылымының докторы, тіл жанашыры. Ол заңның тек қазақ тіліндегі нұсқасын қарайды. Аударма дұрыс жасалмаса, қайта аударуға береді. Үнзила Шапаққызының депутаттық сауалын әлеуметтік желіге жарияладым. Сол сауалдың негізінде сол кездегі вице-премьер Алтай Көлгінов «2024 жылдан бастап заң жобалары үкімет тарапынан қазақ тілінде жолданатын болады», – деген жауап келген еді. Қазір Алтай Көлгіновтың қызметінен босап қалғанын білеміз. Сондықтан оның бастамасын үкімет тарапы нақты орындайтынын не орындамайтынын кесіп-пішіп айта алмаймын. Бірақ келесі жылдан бастап заң мемлекеттік тілде түседі, дайындалады деп сенемін. Депутаттық сауалға берілген жауапты мемлекеттік қызметкер тарапынан емес, үкіметтің позициясы тұрғысында қабылдадым. Үнзила Шапаққызы арнайы осы мәселе бойынша тағы бір мәрте үкіметке барып, осы мәселені көтерген болатын. Яғни алдағы уақытта заң да мемлекеттік тілде жазылады.

Қуатбек Дүйсен, әлеуметтік лингвист, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері:

Заң талқылауда қазақтілді сарапшыларға сөз кезегі жетпейді

1. Қырғыз Республикасында жақында қабылданған «Мемлекеттік тіл туралы» секілді заңды Қазақстанда қабылдау үшін алдымен заң жобасын әзірлейтін жұмыс тобы қажет секілді. Жұмыс тобы Қазақстанда қазір қалыптасқан тілдік жағдаятты ескере отырып, заң жобасын әзірлеу қажет деген ойдамын. Бұл заң Қазақстанның ішкі құрылысын, этносаралық қатынас ерекшеліктерін ескеретін болу керек. Сол үшін заң жобасын әзірлеуге антропология, тіл саясаты, демография мамандарын көптеп тарту қажет. Сонымен қатар заң шығару үдерісінің күрделілігін ескеретін болсақ, аталған заң алдағы 4-5жылда қолданысқа енетін болады. 2. Бізде мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын заңдар баршылық. Олар қоғам тіршілігінің әртүрлі саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын көздейді. Дегенмен ол заңдарға қатысты өзге мәселелер туындайды. Заңдар бар болғанымен, мемлекеттік тілге қатысты заңдарды бұзғаны үшін жазалау көп жағдайда қарастырылмаған. Яғни мемлекеттік тілді қолданудың заңда көрсетілген талаптарын бұзғаны үшін компания, ұйым немесе жеке тұлға жазаланбайды. Осы тұрғыда мемлекеттік тілге байланысты заң талаптарын бұзғаны үшін ықпал ету және жазалау механизмдері нақтыланса, қазақ тіліне қатысты мәселелердің бірсыпырасы өздігінен жойылар еді. Ал әзірге заң солқылдақ, заң бұзғаны үшін ешкім жауапкершілік тартпайды. 3. Қоғамда қазақ тілінің қолданыс аясын нақтылап тұрып бекіту керектігі туралы көзқарастар бұрыннан бері бар. Кезінде көптеген зиялыларымыз қазақ тілінің қолданыс шеңберін анықтайтын заң жобаларын әзірлеген болатын. Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша тармақ болатын. Алайда құжаттың кейінгі нұсқаларын аталған тармақ жұмыстар тізімінен шығып кетті. Елдегі демографиялық статистика, халықтың әлеуметтік даму деңгейі, қоғамдық институттардың жұмыс істеу нәтижелігі, азаматтардың қазақ тілін білу деңгейі, халықтың қазақ тіліне деген сұранысын және өзге де факторларды ескеріп қорытатын болсақ, бізге Қырғыз Республикасындағыдай «Мемлекеттік тіл туралы» заң қажет екенін анық байқаймыз. 4. Бұл ауы мен бауы таусылмас күр­делі сұрақ. Біржақты жауап беру қиын. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­туге байланысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 75-бабы бар. Бұл бап мемлекеттік және ква­зимемлекеттік секторға қатысты біршама нәтижелі жұмыс істейді. Ал кәсіпкерлік салада, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында аталған баптың жүзеге асуын сирек көреміз. Осыған байланысты Парламент депутаттары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексі 75-бабының қолданыс механизмін айқындау бойынша жұмыс жүргізсе керемет болар деген тілегім бар. 5. Шынымды айтайын, сарапшы ретінде бір заң жобасының талқылауына қатыстым. Ол заң жобасы жақында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң түрінде жарияланды. Сарапшы ретінде талқылауға 2021 жылы қатыстым. Талқылау ауыр болды.Талқылауға 3-4 қазақтілді сарапшы шақырылғанымен, қазақтілді сарапшылардың көбіне сөз кезегі жетпеген еді. Осы ретте алдағы уақытта заңдарды талқылау кезінде қазақтілді және орыстілді сарапшылардың сөйлеу кезектілігін регламенттесе дұрыс болар еді деген ұсынысым бар.

Қазақстанның бүгінгі қолданыстағы «Тіл туралы Заңы» 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданып, 1997 жылдың 11 шілдесінде ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жоғарыдағы мамандардың пікіріне сүйенсек, мемлекеттік тіліміз мемлекеттің қорғауына зәру. Өзге өркениетті елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданып, жұмыс істегенде ғана қазақ тілінің халі жақсарады деп білеміз. Сондықтан Ата Заңымызға өзгеріс енгізіп, ондағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты «ұлтаралық тіл» ретіндегі орыс тілін қосақтаудан арылтып және мемлекеттік тілге қажеттілік туғызатын «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа арнайы заң қабылдау қажет деп санаймыз.

 

Әзірлеген Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

https://kazgazeta.kz/news/140384

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий