«Мемлекеттік тіл және жастар» телеойыны
2018 жылдың 18 сәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастар арасындағы «Мемлекеттік тіл және жастар» интеллектуалдық телеойыны өтті.
Шараның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тәрбиелеу мен оқытудың ұлттық жүйесін дамыту, ата-баба мұрасы ана тілін, түп мәдениетіміз бен руханиятты дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.
Ұлт бейнесі – тілі болғандықтан жарқын болашаққа жол салатын жастардың ана тілін барынша қастерлеу қажеттілігіне бағытталған шара барысында ұлттық тарихымыз, әдебиетіміз бен музыкамыз, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтары жайында сұрақтар қойылды.
Ойын түрінде ұйымдастырылған телеойынға облыстың 9-11 сынып оқушылары және оқытушылары қатысты.
Телеойын қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен І орын иегері «Жас дарын» мектебінің оқушысы Мұхамеджан Аружан, Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің оқушылары Тлебалды Лағыл екінші орынға және үшінші орынға Басынбекова Камила лайықты деп танылды. Телеойын қатысушыларына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Телеойынды ағымдағы жылдың 25 сәуірі күні сағат 19:00-де «ERTIS» телеарнасынан тамашалай аласыздар.