Пекинде Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын атап өтті
Қытай астанасында ақынның 125 жылдығына арналған шара өтті. «Рухани жаңғыру» аясында қазақ мәдениетін өзге елдерге кеңінен насихаттау бағытында ұйымдастырылған кеште қытайлық зерттеушілер де өзара пікір бөлісті.
«Жалынмын мен, жанамын...». Мағжан Жұмабевтың 125 жылдығына арналған шара осылай аталды. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының зерттеушісі Вань Сяоюй ақын шығармалары шынымен жалынды, жастарға жігер беретінін айтады. Ол Мағжан өлеңдерін болашақта қытайшаға көбірек аударуды жоспарлап отыр.
Ван Сяоюй, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының зерттеушісі:
- Мағжан өлеңдерімен жақында танысып, бірден жақсы көріп қалдым. Бірнеше туындысын қытайшаға тәржімалап шықтым. Өлеңдері отты, мағынасы терең, еркіндікке деген құлшынысы, патриотизмге тұнып тұр. Келешекте де қытайлық жастарға кеңінен таныту үшін оның өлеңдерін аударамын.
Ұлттар университетіндегі Қазақстан орталығында тіл ұстартып жүрген қытайлық студенттер Мағжанның отты өлеңдерін оқыды. Зерттеушілер ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, мазмұнды баяндама жасады.
Хуан Чжунсян, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының профессоры:
- Меніңше, бұдан былай да осы сияқты екі елдің ұлы адамдарының, ұлы ақын-жазушыларының, мәдени қайраткерлердің осындай ізгі істерін үгіттеу, талқылау арқылы екі елдің ынтымағын, барыс-келісін бұдан да қоюластыруға тырысуымыз керек.
Қазақ әдебиетін зерттеуші, қытайлық профессор Хуан Чжунсян Бейжіңдегі шараны бір ауыз сөзбен қорытындылады: «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» деп Мағжан айтып кеткендей, ақынның отты жырлары ешқашан сөнбек емес».