ІЛІМ-БІЛІМДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ ІЗАШАР АРУЛАРЫ

07.03.2024

«Әйел бір қолымен бесікті тербесте, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби әйел-мамандар, ғылым-білім саласындағы ғалым әйелдер туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынамыз.

 

Қазақтың тұңғыш педагог қызы – Хұснижамал Нұралыханова

XIX ғасырдың аяғында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан қазақтың мұғалім әйелі. 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Ол Қазандағы земство мектебін бітіріп, 1894 жылы Бөкей Ордасындағы әйелдер мектебін ашып, онда орыс тілінен сабақ берген, мектепті қажетті оқулықпен қамтыған. Хұснижамал Зұлқарнайқызы ашқан мектептен Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова сынды қайраткер қыздар тәрбиеленіп шыққан.

 

Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы – Гүлсім Асфендиярова

Ел тарихындағы алғашқы дәрігер қыздың бірі, қоғам қайраткері – Гүлсім Асфендиярова. 1880 жылдың 12 қазанында Шымкентте дүниеге келген. 1901-1908 жж. Санкт-Петербургтегі әйелдер медицина институтын тәмамдаған. Сырдария облысы Шымкент уезінде, кейін Ферғана облысының Пап бөлімшесінде дәрігер болып істеген. Ташкентте 30 төсектік жеке аурухана ашқан. Қазақ әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастырып, сонда оқытушы болған.

 

Қазақтың тұңғыш журналист қызы – Нәзипа Құлжанова

Қазақ қыздарының арасында алғашқылардың бірі болып, жоғары білім алған әрі қоғамдық-мәдени өмірге етене араласқан, Алаш арыстарымен үндес болған. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келіп, Ы.Алтынсарин ашқан мектепте білім алған. Нәзипа – баспасөзге тұрақты жазған журналист қана емес, сонымен қатар педагог, аудармашы, этнограф. Қазақ мектептері үшін оқулықтар, әдістемелік кітаптар жазған және Л.Толстой, М.Горький, А.Куприн, В.Короленконың шығармаларын қазақшаға аударған.

 

Қазақтың тұңғыш инженер-металлург қызы – Мәдина Бегалиева

Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, ұстаз. Ол 1899 жылы Бөкей Ордасы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1935 жылы Мәскеудегі Өнеркәсіп академиясын тәмамдап, инженер-металлург атанады. Мәдина Қожбанқызы – математика және тіл білімі оқулықтарының авторы. Отан алдында сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

 

Қазақтың тұңғыш биолог қызы Нәйлә Базанова

Нәйлә Оразғұлқызы (1911-1993) — қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, профессор, физиолог, академик. Оның зерттеу жұмыстарының нәтижесі ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығында кеңінен қолданылды. Ғалымның қаламынан ауыл шаруашылығын дамытуға арналған оқулықтар, ғылыми еңбектер жарық көрген.

 

Қазақтың тұңғыш геолог қызы – Патшайым Тәжібаева

1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақстан мен Орта Азиядан шыққан ең алғашқы геолог-ғалым, минеролог. Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаушы және Ұлттық ғылым академиясының академигі. Патшайым – Қ.Сәтбаевтың шәкірті. Еліміздің жерасты байлығының картасын жасаған ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білген. Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылордадағы кен орындарын ашқан геолог.

 

Қазақ тілі саласындағы тұңғыш ғалым қыз – Аққал Қалыбаева


Қазақ филологиясында өзіндік із қалдырған профессор Аққал Қалыбаева 1923 жылы туған. 1945 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп, 1949 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1963 жылы «Қазақ тілінің етістік негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, қазақ тіл білімі саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы атанған. Тілші-ғалым қазақ тілінің грамматикасы, терминологиясы, сөзжасам, емле, диалектология мәселелерімен айналысқан.

Комментарии (1)
user1878
27.03.2024
Наконец то мы возрождаем свою историю и узнаем наших выдающихся людей, вклад в историю которых бесценен.
Оставить комментарий