Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Қоғамда рухани сілкініс тудырған құжат ұлттық рухты нығайтатын көптеген игі іс-шараларға жол ашты. Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес қазақ тілі əліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы ретте, бүгін Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылу салтанаты өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі отандық ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Алға қойған мақсат - өте күрделі, өте маңызды. Неге десеңіздер, біз қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес, латын әліпбиіне көшу жұмысын міндетті түрде іске асыруымыз керек. Сол атқарылар шаруалардың үлкен ауыртпашылығы да осы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына түседі. Сол орталықтың жұмысына әрине, біз үлкен жеміс тілейміз. Орталықты басқаруға еліміздің белгілі азаматы, дүниежүзіне танымал ғалым, Сенат депутаты болған, қазіргі кезде де еліміздегі үлкен шараларға атсалысып жүрген профессор Ғарифолла Есім ағамызды шақырып отырмыз», - деді орталықтың ашылуында Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр орталықты басқаруға келісім берген Ғарифолла Есімге алғысын білдірді. Өз кезегінде философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім орталықтың ашылуына келген барлық азаматтарға рахмет айтты.
«Елбасының тікелей айтуымен Үкімет «Тіл-Қазына» коммерциялық емес орталығын құрды. Ең бастысы - Елбасына ризашылығымызды білдіруіміз керек. Ол кісі өткен жылы үш нәрсе барын атады: бірінші - Тәуелсіздік, екінші - Астана, үшінші - латын әліпбиі өтуіміз. Бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі - ірі мәдени-тарихи шара деп түсінеміз. Тілдің тәуелсіздігі осы ма деп ойлаймын. Өйткені, өзіміздің жазуымыз болады. Ел есін жинап, халық болып жетілген кезде өзін бір бекзаттық жолға қарай ынталандырады. Яғни, тәуелсіз, өзін-өзі жеткізе алатын дәрежеге жетуі керек. Демек, қазақтың латынға өтуі де маңызды. Біз әрине мамандармен, үлкен ағалармен ақылдаса отырып, депутаттармен кеңесіп, ылғи мәселелерді көтеріп отырамыз. Бір аңғарғаным - осы іс ағынды су секілді жүріп кетеді деп те айта алмаймын. Ағынды суда бөгет жатуы мүмкін. Сол мәселелерді қалай алып кете аламыз? Бұның бәрі осындағы және облыстардағы зиялы қауымға байланысты», - деді Ғарифолла Есім.
Шара барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мақсаты мен міндеті, жұмыс жоспары сөз болды.