«Абай академиясы» дайындап шығарған кітаптар таныстырылды

19.04.2024

«Абай Академиясы» ҒЗИ «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» атты жоба аясында ағымдағы жылы 12 кітап жариялады. Көрмеде Абай өмірі мен мұрасын насихаттау мақсатында шығарылған кітаптардың авторлары және еңбектердің мазмұны таныстырылды. Шарада «Абай академиясы» ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, 2023 жылы «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары» сериясының» 9-томының авторы Тұрсын Жұртбай сөз алды.
— Абай мұрасына байланысты ғылыми-зерттеу және ғылыми-танымдық мазмұндағы бірнеше еңбек жаздым. Міне соңғысы «…БІР КЕМЕЛ» деп аталады. Тақырыптың бұлай қойылуының да өз себебі бар. Біз таныған, бізге танытылған Құнанбайдан бастап, Абай болмысы зерделенеді,— деді ол.
«Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы» сериясымен шыққан «Ынталы жүрек сезген сөз...» кітабы да қалың оқырманға таныстырылды.

— Бұл кітап Абайтанудың әдіснамасы, қазақ әдебиеті тарихындағы Абайдың орны, Абайдың шешендік, ақындық, ойшылдық тұлғасы жайында. Сонымен бірге Абай мәтіндеріне, аудармаларына назар аударылды. Көбіміз  Абайды ойшыл-философ ретінде танып жүрміз. Десек те осы ойшылдықтың, ақындықтың түп қайнары қайда деген сауалға осы кітапта талдау жасалды,— деді кітап авторы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, ф.ғ.к., доцент Тілешов Ербол Ердембекұлы.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы — «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы» сериясының 8-томының авторы.

— Мен әуелде кітапты «Менің Абайым» деп атадым. Себебі әрбіріміздің, әр кезеңнің өз Абайы бар. Жалпы бұл еңбекте 73 өлеңі мен 13 қарасөзіне талдау жасалды. Өлең мен қарасөздегі үндестік талданды. Абайдың 46 жасынан кейін шығарған өлеңдеріне, шығармашылығына баса мән берілді. Еңбектің бағасын оқырман береді. Көп көңілінен шықса, біздің ғылымға аз да болса үлесім болса, ризамын. Сонымен бірге осынша мұрамыздың басын біріктіріп, салмақты, мазмұнды дүниелердің жарыққа шығуына ұйытқы болып жүрген «Абай академиясына» алғысымды білдіремін, — деді ол.
Рухани шараға әдебиеттанушы-ғалымдар, оқытушы-профессор құрамы, докторант, магистрант, студенттер және кітап сүйер қауым қатысты.
Айта кетейік, «Абай академиясы» ҒЗИ 5 жылда 84 кітап шығарған.

Ғылыми-танымдық 12 туынды жарық көрген. Олар: Сыдықов Ерлан Бәтташұлы  «Абай әулетінің тарихы»; Жұртбай Тұрсын Құдакелдiұлы «...БІР КЕМЕЛ», Дәдебаев Жанғара Дәдебайұлы «Абай ілімі»; Дандай Ысқақұлы «Абай – дала данышпаны»; Салқынбай Анар Бекмырзақызы «Абайдың даналық әлемі»; Тілешов Ербол Ердембекұлы «Ынталы жүрек сезген сөз...»; Жандос Мағазбекұлы Әубәкір «Абай және ұлттық болмыс»; Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы «Абай мұрасы: 1891-1896 жылдар» еңбегінің авторы. Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау»; Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласун «Батыс елдерiндегі жəне Түркиядағы абайтану»; Арықбаев Бағашар Тұрсынбайұлы «Абайдан қалған арман»; Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы «Абай және оның заманы: тарихи-этнографиялық мұра».

Комментарии (0)
Оставить комментарий