РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯ КОМИССИЯСЫ: ЖАҢА ҚҰРАМНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

20.04.2024

2024 жылғы 19 сәуір күні Астанада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағытта құрылған Республикалық терминология комиссиясы жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті.

Комиссияның жаңа құрамы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 18 наурыздағы «Республикалық терминология комиссиясы туралы» №116 бұйрығымен бекітілген болатын.

Бұған есімдері елімізге кеңінен танымал белгілі ғалымдар мен атқарып отырған қызметі бойынша жауапты лауазымды тұлғалар кірді. Бір айта кетерлік жәйт, Комиссия қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика саласы бойынша жіктеліп құрылып, бұдан былай нақты осы екі бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бұдан басқа іштей бес салалық секцияға бөлінеді.

Республикалық терминология комиссиясының екі бағыты бірлескен отырысының бірінші бөлігі жаңа құрамды Комиссия ережесі, бекітілген терминдерге жасалып жатқан мониторинг барысы және бірыңғай терминологиялық база – termincom.kz сайтының қызметімен таныстыруға арналды.

Келесі бөлігінде Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты ұсынған ауылшаруашылығы, экономика салаларының, сондай-ақ орта білім беру бағдарламасы бойынша оқытылатын биология, физика пәндерінің терминдерін талқыланды. Жалпы отырыс қорытындысы бойынша 150-ге жуық термин қаралды.

Комиссия шешіміне сәйкес мақұлданған терминдер «Терминологиялық хабаршы» электронды бюллетені мен «termincom.kz»  сайтында жарияланады.

 
Комментарии (0)
Оставить комментарий